«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамының офисінде «ЭКСПО-2017» қоғамдық кеңесінің 2016 жылды қорытындылауға байланысты отырысы болып өтті. Қоғамдық кеңес мүшелерінің және шақырылған сарапшылардың алдында акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов хабарлама жасады. Ол 2016 жылы компанияның қол жеткізген негізгі жетістіктерін тілге тиек етті.
– Біз сіздермен осы жылдың қаңтар айында қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында кездескен едік. Содан бері бір жылға жуық уақыт өтті. Бұл жыл қауырт жұмыстарға толы әрі нәтижелі болды. Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрме қалашығында болып, ЭКСПО қалашығы аумағындағы ескерткіш стелланы салтанатты жағдайда ашып, атқарылған жұмысқа оң баға берді. Осы орайда, құрылысқа қатысты сөз қозғайтын болсақ, біз бүкіл жұмысты заңды негізге қойдық. Ең алдымен, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірледік және мемлекеттік сараптама алдық. Жұмыс барысында біз қомақты қаржы үнемдедік. Оны ЭКСПО қалашығының барлық нысандары бойынша қорытынды сараптама алған кезде дәлірек айтатын боламыз, – деді Ахметжан Есімов.
Төрағаның айтуы бойынша, бүгінде халықаралық павильондардың құрылысы толық аяқталған. Енді оларды қатысушы мемлекеттерге беру және бұл павильондарды контенттік толықтыру жұмыстары басталған. Бүгінгі күнге дейін көрмеге қатысушы 8 мемлекет, атап айтқанда, Беларусь, Венгрия, Германия, Қытай, Ресей, Сингапур, Түркия және Франция мемлекеттері өздерінің павильондарын жарақтандыруға кіріскен. Жаңа жылдан кейін бұл жұмыс қауырт қарқын алғалы тұр. Сонымен бірге, қатысушылардың қызметкерлеріне тұрғын үйлерді бөлу мәселесі де қызу жүргізілуде. Осы уақытқа дейін көрме комиссарларынан 324 сұраныс келіп түскен. Пәтерлер қатысушы елдердің қызметкерлеріне жалға беріледі. ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталғаннан кейін бұл пәтерлер қазақстандықтарға сатылатын болады. Сөйтіп, елордамыздың тұрғын үй қоры тағы да заманауи 4 400 қолайлы пәтерлермен толығады.
Ахметжан Есімов атап көрсеткендей, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі бұл дағдарысқа қарсы іс-қимыл жобасы болып табылады. Әлемдік экономикалық және қаржы дағдарысы белең алған кезеңде отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында ЭКСПО-2017 көрмесі аясында еліміздің барлық облыстарының әкімдерімен меморандумдар жасалды. Осының нәтижесінде 322 отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 48,9 миллиард теңгенің келісімшарттары бекітілді. Бұл жоба Қазақстанда 50 мың жұмыс орнын құрып, экономикалық дағдарыс кезеңінде жұмыссыздықтың белең алмауын қамтамасыз етті. Сонымен бірге, ЭКСПО көрмесі ұлттық жобасына 126 миллион демеушілік қаржы және 211 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Қоғамдық кеңестің жыл қорытындысына арналған отырысында кеңес төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықов сөз алып, 2017 жылы университет базасында көрмені өткізуге белсенді қатысатын гидтер мен саяхат жүргізушілерді даярлау бойынша орталық құру идеясын ұсынды. Сонымен бірге, ол халықаралық көрме шеңберінде ішкі туризмді дамыту мақсатында «Астана – Байқоңыр – Астана» және «Алматы – Байқоңыр – Алматы» тікелей әуе бағыттарын ашу және шетелдік туристердің кешенге кіруге рұқсат алу мерзімін 45 күннен 14 күнге дейін қысқарту туралы мәселе көтеріп, ұсыныс айтты.
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, ЭКСПО-2017 қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы 2016 жылдың 26 қаңтарында өткен болатын. Содан бергі мерзімде қоғамдық кеңес консультативтік кеңесші орган ретінде 50 бағалы кепілдемелер мен ұсыныстар берген осы отырыс барысында да қоғамдық кеңес еліміздің мемлекеттік органдарына маңызды 10 ұсыныс пікір жолдады. Бұл ұсыныстардың ішінде, еліміздің туристік объектілері мен демалыс аймақтарының бағыттарындағы жол бойында инфрақұрылымды жақсарту, «Байқоңыр» ғарыш айлағында туризмді дамыту жөніндегі бағдарламаны бекіту, БҰҰ-ның қамқорлығымен Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы базасында жаңа өсіп келе жатқан компанияларды қаржыландыру үшін сыртқы инвестицияларды тарту мүмкіндігін қарастыру және басқа өзекті мәселелер бар.
Отырыс қорытындысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов қоғамдық кеңестің барлық мүшелеріне жыл ішінде жұмысқа белсенді қатысқандары үшін шынайы алғысын білдіріп, келе жатқан жаңа жылда сәттілік пен табыс тіледі.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»