Кеше Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы болды. Онда «Қазақстан Республикасының нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы туралы» және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысын салу бағдарламасы туралы» мәселелер талқыланды.
Отырысқа Мәжіліс Төрағасының орынбасарлары Владимир Божко мен Гүлмира Исімбаева қатысып, соңғысы жиналысты жүргізіп отырды. «Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың қыркүйек айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықты жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлік мәселесін Үкімет жұмысының басты бағытының бірі болып табылатынын атап өтіп, тиісті бағдарламаларды одан әрі дамытуды тапсырған болатын.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесіне баса көңіл бөліп, Үкіметке бірыңғай «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуге тапсырма берді. Одан бері Үкімет біршама жұмыстар атқарды. 23 желтоқсанда өткен Үкімет мәжілісінде осы бағдарламалар талқыланды. Бүгін біз осы бағдарламалардың мәні, мағынасы туралы жан-жақты ақпарат алу үшін және оны сайлаушылармен кездесу барысында түсіндіру жұмысына пайдалану үшін тиісті министрліктердің өкілдерін шақырып отырмыз», – деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары Г.Исімбаева өзінің сөзінде. Елбасы тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ұлттық экономика, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрліктері «Атамекен» палатасымен бірлесе отырып, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын даярлаған. Бұл бағдарлама Үкімет отырысында қабылданды. Фракция отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Біржан Нұрымбетов аталған бағдарламаны жақында өңірлерге шығатын Мәжіліс депутаттарына таратып айтып берді.
Вице-министрдің баяндауынша, жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамту. Бұл мақсат келесі үш бағыт бойынша жүзеге асатын болады: біріншіден, қажетті мамандықтар және кәсіпкерлік мамандықтар бойынша жаппай оқыту; екіншіден, кәсіпкерліктің дамуына жаппай жағдай жасау; үшіншіден, еңбек нарығын дамыту. Бағдарлама келесі топтарды қамтиды – жастары 15-45 аралығында, айлық табысы 60 мың теңгеден аспайтын өзін өзі қамтыған, жұмыссыз жүрген және кәсіби мамандығы жоқ басқа да азаматтар. Осы топтарға 550 мың адам кіреді, олардың 84%-ы ауылдық жерде тұрады. Бағдарламаның негізгі ерекшелігі – қажет мамандықтар бойынша жаппай оқыту ұйымдастырып, азаматтарымыздың өз бетімен жұмыс табуына немесе өз ісін ашуына көмектесу. Баяндамашы жаңа бағдарламаның қазіргі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасынан айырмашылығы «біз азаматтарымызды жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша оқытып алып, содан соң оқып алғандарды сол жұмыс берушілердің жұмысқа орналастыруын көздедік. Ал азаматтарымыздың жұмысқа сәтті орналасуына оқыту арқылы олардың нарықта қажетті мамандық пен шеберлік алғандары себеп болады деп есептейміз», – деді. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы іске асатын жастарды, әйелдерді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, жастар практикасын ұйымдастыру сияқты іс-әрекеттер атқарылатын болады. Азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы жүзеге асатын болады. Қажет болған жағдайда үміткерлер бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқытуға жіберіледі.
Вице-министр «Бағдарлама аясында еңбек ресурстары артық өңірлерден Үкімет белгілеген өңірлерге қоныс аудару да жүзеге асады. Көшетін өңірлер ретінде Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары белгіленген. Баратын өңірлер Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары. Қоныс аударатындарға мемлекет тарапынан жол қаражатын жабатын субсидия төленеді. Осы бағдарлама барысында азаматтарға жұмыс табу үшін, ал жұмыс берушілерге жұмыскерлер тауып беру үшін Бірыңғай электронды еңбек биржасы құрылады. Бұл жүйеге мемлекеттік органдардың ақпарат жүйелері, жеке жұмысқа орналастыру агенттіктерінің мәліметтер базасы және барлық жұмыспен қамту орталықтары қосылатын болады. Бағдарлама 94 мың адамды қамтып, осы мақсатқа 25 млрд теңге бөлінетіні күтілуде. Жаңа бағдарлама арқылы 500 мыңдай жаңа жұмыс орындары ашылып, өзін өзі қамтығандардың табыстары 36%-ға ұлғайып, ал ішкі жалпы өнім 0,8%-ға өседі деген үміт бар» – деді.
Отырыста қаралған екінші мәселе – «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысын салу бағдарламасы туралы Ұлттық экономика министрінің орынбасары Айдар Арифханов баяндап берді. Министрліктің құрылыс ісі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Екі тақырып та фракция мүшелері арасында қызу талқыланып, оған О.Өксікбаев, Ш.Өтемісов, Н.Сабильянов, Г.Қарағұсова, М.Қазбекова, Б.Хаменова, Б.Смағұл, К.Абсатиров, М.Ерман, т.б. депутаттар белсене қатысты.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»