Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенаты бюросының отырысы болып, онда жоғарғы палата отырысының күн тәртібі белгіленді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
29 желтоқсанда сенаторлар Қазақстан мен Иран арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді және Қазақстан мен Словения арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салықтан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобаларын қарайтын болды.
Палата «Жайылымдар туралы» және заңнамаға жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда қарайды.
Бюро отырысында Мәжілістен түскен заң жобалары бөлініп берілді.
Бюрода, сондай-ақ, Сенаттың 2017 жылға арналған Негізгі шаралар жоспары да бекітілді. Алдағы жылы төрт парламенттік тыңдау, Сенат комитеттерінің он екі көшпелі отырысын өткізу жоспарланды.
Ұлт жоспары мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған стратегиялық бағдарламаларды іске асыру мақсатында Сенат он дөңгелек үстел және он төрт кездесу өткізеді.
Маңызды халықаралық шаралардың қатарында Пагоуш қозғалысының конференциясы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының отырысын өткізу де бар.