27 Желтоқсан, 2016

Астаналықтар әскери-техникалық мамандықты тегін игере алады

124 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Астана қаласының Қорғаныс істері департаменті астана тұрғындарына әскери-техникалық мамандықтар бойынша тегін оқудан өтуді ұсынады, деп хабарлайды Strategy2050.kz. Департаментте хабарлағандай, курстар әскерге алынатын 17,5 және одан жоғары жастағы адамдарға арналған. Оқудан өтуге ниеті бар жастар үш мамандықтың бірін таңдай алады: В, С және С1 категориясы бар әскери көлік жүргізуші, әскери көлік жүргізуші-электромеханик және әскери көлік жүргізуші-автокраншы. Оқыту Қарағанды және Көкшетау қалаларында ҚР Қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектеп» РМҚК филиалдарының базасында жүргізіледі және алты айға есептелген. «Осы жастағы жастар жуық уақытта міндетті әскери қызметтен өту үшін әскерге шақырылады. Ал олар әскерге шақырылғанға дейін әскери-техникалық мамандықты меңгеріп, қызметті соған сәйкес өту мүмкіндігіне ие болады. Осылайша, олар алған білімдерін практикада бекітіп, мамандықты жақсы меңгеріп алады. Әскерден кейін бұл оларға жұмысқа орналасуға көмектеседі», - деп түсіндірді Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің әскерден тыс дайындық бөлімінің бастығы, капитан Ерболат Жүсіпов. Бұдан бөлек, оның айтуы бойынша, егер жүргізуші С категориясын 21 жасқа толғаннан кейін ғана ала алса, мұнда ол осы категорияны 18 жасында ала алады. Оқу тегін негізде өтеді. Оған қоса, курсанттарға казармада тәулік бойы тұру және күніне үш рет тамақтану мүмкіндігі тегін беріледі. Оқуға қабылдау медициналық комиссиядан өткеннен кейін жүргізіледі.