06 Қыркүйек, 2011

Үнемшілдікке үйретер үрдіс

378 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Бүгінде уақыт талабына сәй­­кес жаңарулар үстіндегі маңызды буындардың бірі тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық саласы саналады. Оны модернизациялау бағдарламасы аясында атқары­лып жатқан іс-шаралар ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Соның ішінде тарифтік саясат­тың негізгі бағыттары электр қуа­ты мен суды үнемді пайда­ла­нуды жолға қоюдың экономи­ка­лық та, әлеуметтік те мәні бөлек. Бұған байланысты талапшылдық пен жауапкершіліктің күшейтіле түсуі біршама оң өзгерістерге бет түзеткені байқалып та отыр. Күрмеуі көп, күрделі де ша­руашылықтағы іс-ізденістерді жаң­ғырту жолындағы бұл ұм­ты­лыс жай-жапсары туралы Бал­қаш­та өткен кеңесте жан-жақты талқыланды. Табиғи монопо­лия­лар­ды реттеу жөніндегі Агенттік төрағасы Нұрлан Алдабергенов өз сөзінде қатысушыларға тарифтік саясаттың қызмет көрсету­ші­лер мен тұтынушылар арасында жаңа қатынастарды қалыптасты­ру­ға қолайлы мүмкіндіктер аш­қандығын, ал ол үш бағыттан тұратындығына тоқталды. Атап айтқанда, реттелуші сектордың инвестициялық тартымдылығын, энергия және ресурс үнемдеуді жетілдірудің іске тікелей әсері үлкен. Соның негізінде инвес­ти­циялық тарифтер бойынша жұ­мыс істеушілер санын ұлғайту, тұтыну көлеміне сәйкес саралау тарифтік тетіктерді енгізу, шикізат пен материалдар, отын мен энергия шығыны нормасын оң­тай­ландыру белгіленген. Сөз ор­а­йында ортаға салынғандай осы шаралар нәтижесі жаман емес. Мәселен, бұрнағы жылы тұ­ты­нушылар тарапынан 284 миллион киловатсағат электр қуаты үнемделсе, бұл тұрғындардың оны жалпы тұтынымы көлемінің 2,3 пайызын құраған екен. Ай­ғағы айдай көрсеткіш. Сондай-ақ 62 мың тонна көмірдің үнемделуі тұтынушылардың 3 миллиард теңге мөлшеріндегі қаражатын артық шығынға ұшыратпаған. Кеңесте бұл бағытта Балқаш қаласындағы жағымды үдеріс­терге назар аудартылды. Электр қуатына саралау тарифтерін енгізу арқылы 2010 жылы бал­қаш­тықтар 14 миллион теңге үнем­дей алған. Аталған тарифтерді қолдану және есептеу қондыр­ғыларының орнатылуы арқа­сын­да, мысалы 3 бөлмелі пәтер тұр­ғындарының электр қуатына, жы­луға, ыстық және салқын суға төлемақысы 1018 теңгені құраған. Тұрғындар үшін тұтыну көле­міне байланысты суға осындай саралау тарифтері қазірдің өзінде бүкіл еліміз бойынша қолда­ны­лады, ал Алматы, Атырау, Жам­был, Қарағанды, Қызылорда, Маң­ғыстау облыстарында ағым­да­ғы жылы саралау тарифтері суды тұтыну бойынша тұрғын­дар­ға да енгізіледі. Мәселен, Теміртау қаласында суға тариф ба­ғасы 1,17 текше метрге дейін жан басына айына – 29,50 теңгені, 2,49 текше метрге дейін 34,98 теңгені, одан асса 35,17 теңгені құрайды. Яғни, суды әркім төлем мүмкіндігіне қарай тұтына ала­ды. Бұл тұтынушыларды суды үнемдеуге үйретеді. Есеп бой­ын­ша сол арқылы су үнемін 12 пайызға көтеруге болады. Электр қуатын пайдалануға да сондай тәсіл енгізілуінің пайдалы жақ­та­ры көп. Ол тек 2010 жылдың өз­інде 2 миллиард теңге қаржы үнемдеуге ықпал етті. Айта кетер жәйт, саралау тарифтері топтар бойынша барлық аймақтарда екі деңгейлік жүйеде қолданысқа енгізілді. Бұл реформаның тиімділігі неде: тұрғындар мен өн­ді­рістік құрылымдар үшін белгіленген төлемақыда айырма­шы­лық бар. Жалпы тұтынушылар: электр қуаты үшін тариф төмен екендігін атап «күн мен түн» тарифімен немесе тұтыну көлемі бойынша ақы төлеуге құқылы. Алдағы жылдарда үш деңгейлік жүйе енгізіледі. Сөйтіп тарифтік саясат әлемдік озық үлгілерге үйлестіріле түседі. Кеңес алдында «Қазақмыс кор­порациясы» Балқаш жы­лу электр орталығының жұ­мы­сымен танысылды. Оның ди­ректоры Мұхтар Сүлейменов баян еткендей Индустрия және жа­ңа технологиялар министрлігімен жа­сал­ған инвестициялық мін­деттер ойдағыдай орындалуда. Келісім негізінде 809,7 миллион теңгені құрайтын сомада жабдықтарды қалпына келтіру, жөндеулер жүргізу, толықтай модернизациялау атқарылды. Со­ның нәти­же­сінде мәжбүрлі тоқ­талыстар күрт азайған, өндірістік және эко­логиялық көрсеткіштер елеулі жақсарған. ЖЭО қыс мау­сымын мықты дайындықпен қар­сы алға­лы отыр. Басшысы баса назар аудартқандай электр қуа­тына тариф кВт сағатына 4,10 теңгені , ал жылуға 1 Гкалорийға 827, 79 теңгені құрайды. Мұндай бағам еліміздегі ең төменгілердің бірі болып табылады. Кеңесте «Қазақмыс» тобының энергетика департаментінің жетек­шісі Н. Коробовский, жылу және электр желілері, электр стан­са­ла­ры департаменттерінің ди­ректор­лары В. Сибагатуллин, Н.Ел­мұ­ратов, «Балқашэнерго» кә­сіпор­ны­ның басшысы Ш. Исатаев тарифтер мөлшерін ыңғай­лау, ин­вестиялық бағдарлама­лар­дың ор­ын­далуы, нормативті тех­никалық шығындарды төменде­ту, тұтыну көлеміне сәйкес ортамерзімді тарифті енгізу нәти­же­сіндегі үнем, шығынсыз деңгейге дейін жету үшін тарифтерді ке­зең-кезеңімен көтеру туралы іс-шараларға тоқ­та­лып, талқылану­да­ғы мәселеге қа­тысты пікір-ұсы­ныстарын білдірді. Оның қорытындысында ай­тылғандай ел Үкіметінің бекіткен 2020 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын мо­дернизациялау бағдарламасы аясында іс-ізденістер шираты­лып, осы саладағы тарифтік сая­сатты уақыт талабына сай жүр­гізу өрістетіле түседі. Кеңеске Қазақстан Республи­ка­сы Парламенті Мәжілісінің де­пу­таты Ерлан Нығматулин қатысты. Айқын НЕСІПБАЙ, Балқаш.