28 Желтоқсан, 2016

Намысшыл Назым

260 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ishanova_nazim-1Бокс деген бекзада өнермен осы күні ер жігіттер ғана емес, нәзік жандылар да айналыса бастады. Мұхамед Әлидің қызы Лейла Әли, өзіміздің Қарағандының тумасы Наталья Рагозина – кәсіпқой бокстың шебері ретінде әлемдік деңгейде танымал. Халықаралық әуесқой бокс федерациясы (АИБА) осыдан төрт жыл бұрын қыздар боксын Олимпия ойындарына қосты. Содан бері екі Олимпиада өтіп, Қазақстан қоржынына Мария Вольнова мен Дариға Шәкімова қола жүлде салып үлгерді. Өкінішке қарай, Риодағы жазғы Олимпия ойындарына 60 килода жолдама ала алмадық. Ас­танадағы лицензиялық әлем біріншілігіне ел чемпионы Назым Ищанова емес, одан жеңілген Рим­ма Волосенконың қатысқаны жан­күйерлердің нара­зылығын туғызды. Оның үстіне, Волосенко жол­дама ала алған жоқ. Бұл жайт сол кезде  бұқаралық ақпарат құрал­дарында қызу тал­қыланған-ды. Сол оқиғадан кейін, өз-өзіне келе бас­таған Ища­нованы Жаңа жыл қар­­саңында сөзге тартып көрдік. Ақжайықта дүниеге келген спортшы қыздан алдымен мешін жылының сайыстарына шолу жасауын өтінгенбіз. – Биылғы жыл негізінен жақсы басталған еді. Ақпан айында елордада Қазақстан чемпионатын ұттым. Одан кейін Қытайдағы лицензиялық турнирге қатыстым. Бірақ аздаған сәттілік жетіспей, онда Олимпиада жолдамасына иелік ете алмадым. Ал мамыр айында Астанада  өткен әлем бірін­шілігіне «бір кісілердің арқасында»  қатыса алмадым. Ол туралы енді есіме де алғым кел­мейді, – дейді Н.Ищанова. Олимпиадаға қатысамын деген үміті су сепкендей басылған соң, боксшы қыз біраз уақыт іштей қиналған. Осы кезде ата-анасының қолдауы көп демеу болыпты. – Мені әрдайым қолдай білетін әкем мен анам бар. Қиын кезде сол кісілер демеу болды. Соның арқасында өз-өзіме келіп, жаттығуға қайта кірістім. Қазақстан чемпионаты мен Қытайдағы турнирден кейін біраз уақыт шаршы алаңға шықпадым. Бапкерім екеуміз жаз бойы дайындалдық. Сосын тамызда Махачкаладағы турнирге қатысып, бірінші орынмен орал­дым. Кейіннен студенттер ара­сындағы әлем чемпионаты мен мұнайлы елдер арасындағы әлем кубо­гынан қола жүлде еншіледім. Командаластарыммен сәлемім түзу. Жақын құрбылар секілді араласатын қыздар да аз емес. Құра­маның аға бапкерімен де қарым-қатынасымыз жақсара түсті. Ол кісі қатесін түсінді, – дейді бокс­шы қыз. Шынашақтай қыздың бокс­пен айналысуы да қызық. Әкесі Бейбіт бапкер ретінде көптеген дарынды жастарды дайындаған. Бірақ баптаған балаларының көбісі соңына дейін спортты жалғастырмай, басқа салаларға кетіп қалатын көрінеді. Әкесі үйіне келгенде еңбегінің зая кеткенін айтып, өз ренішін білдіріп отырады екен. Бұл жағдай қызына қатты әсер етіп, Оралдағы «Дарын» мектебінде үздік оқып, музыка және сурет салумен айналысып жүрген Ищанованың аңсары біржола боксқа ауады. Ол бокстан бөлек, музыкамен  де айналысады. Қазақтың ұлттық аспабы домбырада ойнайды. Қазіргі кезде қобызды үйреніп жүр екен.  «Музыкада да, бокста да ырғақ деген түсінік бар. Мұны сезіне білсең, жетістікке жетуге көп көмегі тиеді. Сол себепті маған өнер мен спортты байланыстыру қиын емес. Әсіресе, қазақтың күйлерін орындағанды жақсы көремін», – дейді ол. Бос уақытында коньки тепкенді жақсы көреді екен. Өзге спорт түрлерінен еркін күрес пен грек-рим күресіне қызығатынын айтады. Н.Ищанова осы уақытқа дейін төрт рет ел чемпионатын ұт­қан. Ел спартакиадасының жеңім­пазы. Үш мәрте әлем чемпионатына қатысып, екі рет қола жүлдегер атанған. Ұлттық құрамада 60 килоға өнер көрсетеді. Бұл күндері Оралдан Атырауға қоныс аударған боксшы қыз қазіргі кезде  Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік уни­верситетінің дене шынықтыру фа­куль­тетінің екінші курсында оқиды. – Алдағы 2017 жылы кезекті рет Қазақстан чемпионатында топ жаруды көздеймін. Сосын Азия чемпионаты бар. Одан бөлек, көптеген халықаралық жарыстар өтеді. Сол жарыстардан жүлде салып, ел ме­рейін асыруды көздеймін, – деп  Назым Ищанова келер жылға  да зор үмітпен қарайтынын аңғартты. Біз де өз кезегімізде спортшыға сәттілік тілеп, Жаңа жылда жаңа табыстарға жете беруіне тілек­тес­тігімізді білдірдік. Бек ТӨЛЕУОВ