28 Желтоқсан, 2016

Жеке сот орындаушылар саны артып келеді

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Биыл мемлекеттік сот орындаушылардың саны 30 пайыз­ға қысқартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Ұлт жоспарының 27-қадамы аясында заң үстемдігін қамтамасыз ету» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында Әділет министрлігі сот актілерін орындау департаменті директорының міндетін атқарушы Ернар Ыбыраев мәлім етті. Оның айтуынша, 2016 жыл­дың қаңтарынан бастап жеке сот орындаушылардың құзыретіне мемлекеттен өндіру, мемлекет пайдасына 1000 АЕК-тен ас­там (2 млн 120 мың теңгеге жуық) соманы өндіру, мемлекет мүд­десін көздейтін жер учаске­лері­нен көшіру, үйлерді бұзу, жер учаскелерін алып қоюды қоспағанда, өзге атқарушылық құжаттардың барлық санаттарын орындау берілді. «Қазіргі таңда жеке сот орын­даушылардың саны 1348 адамды құрайды, олардың көмекшілерін қосқанда, жеке сот орындау жұ­мыстарына 4 мыңға жуық адам жұмылдырылған, – деп атап өтті Е. Ыбыраев. – Биыл мемлекеттік сот орындаушылар саны 30%-ға қысқартылды. Сондай-ақ, 2017 жылы олардың тағы 30%-ын және 2018 жылы 15%-ын қысқарту жос­парланып отыр. Нәтижесінде 518 ғана мем­лекеттік сот орындаушыны қалдыру көзделуде». Айта кетейік, 2016 жылы жеке сот орындаушылар өндірі­сінде 2 млн-ға жуық атқару өнді­рісі болды, бұл мемлекеттік сот орын­даушылардың көрсет­кішінен 1,2 млн-ға артық. Алдын ала есептер бойынша, жыл сайын шамамен 550 млн теңге үнем­деліп, 250 млн теңгеге жуық қара­жат әлеуметтік маңызды санаттар бойынша жеке сот орындау­шыларын қаржыландыруға бағыт­талатын болады. «Қабылданған шаралардың нәтижесінде жеке сот орындаушылар институтының берік негізі құрылып, тек жеке орындауға өту мүмкіндігі туындайды», – деді ол сөзінің соңында. Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»