Кеше «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ еншілес ұйымы «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС ұйымдастыруымен сатып алу жүйесі ақпараттық жұмыстарының таныстырылымы өтті. Жиынды мекеменің атқарушы директоры Серікбек Елшібеков ашып, сөз сөйледі.
Басқосу барысында компания атқарушы директорының орынбасары Мұхит Мағажанов сатып алу жүйелерінің жай-күйі жайында баяндады. «Біздегі барлық жүйелер бірыңғай номенклатуралық анықтамалықпен бекітілген. Ол біз үшін өте маңызды. Себебі, көптеген мемлекеттерде мұндай анықтама жоқ, ал бізде 160 мыңға тарта код жинақталған. Әрбір сатып алатын тауардың, қызметтің немесе жұмыстың өздеріне тиесілі кодтары бар. Сатып алулардың барлығы сол сандар арқылы жүзеге асырылады. Енді осы сатып алулардың барлығы бір электронды жүйеде жүргізіледі», деді М.Мағажанов. Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» ҰҚ» АҚ-қа тиесілі 250-ге жуық компания сатып алуларын осы электронды жүйеде іске асырады. Бұл барлық кәсіпкерлерге өте ыңғайлы және оңтайландырылған. Себебі, құжаттар бір жүйе арқылы қабылданады, ешқайда барудың қажеті жоқ, уақытты үнемдейді. Сатып алу электронды тәсілмен жүргізіледі.
«Біз 2009 жылдан бастап Президенттің бастамасымен арнайы заң қабылданып, мемлекеттік сатып алудан босатылғанбыз. Неге десеңіз, еншілес компанияларымыздың барлығы дерлік өндіріске жақын. Әрбір мекеменің мақсаты – көбірек пайда табу, бюджетке көп салық төлеу. Өздеріңіз білетіндей, әлемдегі ең үздік тәжірибені жинап, жаңа қағиданы жасадық. Мұнда негізінен Оңтүстік Кореяның тәжірибесін басшылыққа алудамыз. Дұрысында, «Самұрық-Қазына» электронды жүйеге үш жыл бұрын өтіп қойған. Бүгінде бір орында тұрмай, тек соларды жаңарту үстіндеміз», дейді компания атқарушы директорының орынбасары.
Шарада «Самұрық-Қазына Келісім-шарт» ЖШС ашық жұмыс тобы сатып алу жүйесіндегі жетілдірілген электронды жүйенің артықшылықтарын жан-жақты түсіндіріп, талқылады. Мамандар ұсыныстар мен сауалдарға да кеңінен жауап берді.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»