Шахтер күні Шахтинск , Абай қалаларында дүркіреп өтті.
Көмірлі өлке өміріндегі елеулі оқиғалардың қатарында кеншілер кәсіби мерекесінің орны бөлек. Аймақ өнеркәсібінің ең салмақты саласына айналып, үшінші отын ошағы саналғанда, 100 мыңнан астам шахтер еңбек еткен кездер болған. Қарағандыға қанаттас қалалар тұрғындарының тыныс-тіршілігі негізінен осы өндіріс жұмысымен тамырласқан. Осыншама адамға еңбек ортасы әрі олардың отбасы күнкөрісіне , берекесіне тікелей тірек болғандықтан Шахтер күні баршаға ортақ мерекедей үлкен көңіл қошымен аталып өтілуі қашаннан бергі үрдіс. Қазір шахталар саны сиреп, кеншілер құрамы да азайғанмен ол сол қалпынша сүйікті мереке ретінде көпшілік жанына жақын.
Шахтерлердің дәстүрлі тойы думанының дүбірі биыл, әсіресе, Шахтинск пен Абай қалаларына ауып, айрықша шалқыды. Көмір өндіруші кәсіпорындардың шоғыры осы жақта сақталып қалғандықтан , сонымен бірге аталған екі шағын шаһардың жасы 50-ге толуына байланысты солайша орайланған еді. Сән-салтанаты соған сай болды. Тамылжыған күн нұры да шуағын төгілтіп, мереке шаттығын жарастыра түсті.
Алдымен еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, осы датаға орай арнайы жасалған ескерткіш медальдар мен « Бұл менің қалам» атты әсем безендірілген кітаптар тапсырылды. Саябақтар мен көшелерде сейіл құрушы көпшілікті танымал өнерпаздар ән мен саз әуеніне бөледі. Бір тұста осылай болып жатса, одан алыс емес жерлерде балуандар, боксшылар сайысы қызықтатты. Серік Нұрқазов пен Серік Сапиевтей сайыпқырандар қанаттанған ақын атындағы қала рингі облыс және Абай ауданы құрама командалары боксшыларының тартысына айналды. Бірнеше жас талапкер жұрт көзіне түсіп, үміт артылды. Боса болмасын ат бәйгесі бөлек қызыққа бөледі.
Қаладағы Абай ескерткіші осының алдында жасыл желекке малынған, субұрқақтары жоғары шаншылған, әсем өсімдіктер иісі аңқыған жаңа орынға қоныпты. Гүлге оранған ақын мүсінінен әрі қарай киіз үйлі ауылға аттаған жұрт ұлттық ойын-сауықтардың сан түрін тамашалап, өздері де соған қосылды.
Мереке стадиондарда жалғасты. Шахтинскілік , абайлық кеншілерді кәсіби күнімен құттықтауға келген облыс әкімі Серік Ахметов олардың қуанышына той аяғына дейін бірге ортақтасты. Түн көрпесін айқарған отшашулар іргелес қос қала аспанын жарқыратты.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы.