28 Желтоқсан, 2016

Қаулы тіл таңдау құқын береді

174 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілік етуімен ведомствоның кезекті жалпы отырысы өтіп, оған Жоғарғы соттың алқа төрағалары мен судьялары, Ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, Конституциялық кеңестің, Бас прокуратураның, министрліктер мен өзге де құзырлы органдардың өкілдері қатысты. Алқалы жиынды ашқан Қайрат Әбдіразақұлы қаты­су­шылардың назарын Су­дьялардың VII съезінде Мем­ле­кет басшысы нақтылаған құ­қық­тық айқындылық деңгейін арт­тыру мен тұрақты әрі бол­жамды сот практикасын қа­лып­тастыру міндеттерін іске асы­ру қажеттігіне аударды. Сон­д­ай-ақ, Жоғарғы соттың бес нормативтік қаулысының жо­басын талқылауды күн тәр­тібіне шығара отырып, атал­ған құжат аясында қазақ ті­лінің қолданылу көрсеткішін де құқық қорғаушылардың қа­періне салды. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020­ жыл­дар­ға арналған мем­ле­кеттік бағ­дарламасын жүзеге асыру арқылы соңғы 10 жыл ішін­­де еліміздегі барлық сот қызметіндегі іс қағаздар 100 пайыз деңгейінде қазақ тілі­не көшіп үлгерді. Алайда, үсті­міз­дегі жылы істердің жалпы мемлекеттік тілде жүргізілуі  30 пайыз күйінде қалып отыр. Қалған 70 пайыздың барлығы да ресми тілде жүргізілген. Бұған, ең алдымен, өтініш білдіруші тараптардың заң шеңберіндегі таңдауы себеп болса, екінші жағынан судьялардың қазақ тілінде іс жүргізуге қабілет-қауқары жеткілікті бола тұра, оны іске асыруға ынта танытпауының әсері жоқ дей алмаймыз. Міне, осы мәселені де біз күн тәр­ті­біндегі тақырыбымызға енгізіп отырмыз», – деді Қ.Мәми. Осылайша, «Сот ісін жүр­гізу тілі принципін қол­да­ну­дың кейбір мәселелері ту­ралы» нормативтік қаулы­сы­ның жобасы жөнін­де сөз қоз­ғаған Қайрат Әбдіра­зақ­ұлы қыл­мыстық қудалау орган­дары әдетте тергеу іс-шара­ларын жүргізу және құжат­тарды әзірлеу барысын­да орыс тілін қолдануға ба­сым­дық беретіндігін жасырма­ды. «Сондықтан да олар қылмыстық қудалауға тар­­тылған адамдардың сот ісін жүргізу тілін жеткілікті біл­мейтіндігіне мән бермей, олардың құқықтары мен қыл­мыс­тық-процестік заңнама талап­тарын бұзады», деп ойын түй­ін­деді ол. Жоғарғы сот судьясы Бағ­лан Мақұлбеков осы нор­ма­­­тивтік қаулының жобасы Жо­ғарғы соттың бастама­сы­мен әзірленгенін атап өтті. Судьяның пікірінше, Азамат­тық процестік, Қылмыстық про­цестік және Әкімшілік құ­­қық бұзушылықтар тура­лы кодекстерде сот ісін жүргізу туралы мәселе толық қамтылмаған. Азаматтық іс­тер бойынша тараптар, тергеуде жүрген адамдар мен сотталушылардың өздері, көп жағдайда, сот ісін жүргізу тілі принципін сақ­та­майтындығы, сот ісін жүр­гізу тілін таңдауға қатысты олар­дың өз құқықтары мен бос­тан­дықтарының бұзы­луына жол беретіндігі де айтылды. Сөйтіп, нормативтік қау­лыдағы басты мәселелердің бірі – Азаматтық процестік ко­декстің 14-бабының талап­тарына сәйкес, сот ісін жүр­гізу тілі сотқа талап қою арызы берілген тілге байла­нысты сот ұйғарымымен бел­гіленеді деген қағидадан туын­дай­тын­ды­ғымен түсіндірілді. Ал Жоғарғы сот судьясы Әбдірашид Жүкенов болса, осы нормативтік қаулының жобасын таныстыра келе, ж­о­ба қылмысқа қатыстылықты аны­қ­тап, оның негізгі түр­ле­­рін, бірқатар адамдардың қыл­мысты хабарламағаны және оны күні бұрын уәде­лес­пей жасырғаны үшін қыл­мыстық жауаптылыққа тар­тылмайтындығы туралы кон­ституциялық қағидатты түсін­дір­ді. Бұл жағдайға байланыс­ты жиынға қатысушы Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Әкетай Мұратқалидан өз пікі­рін білдіруді сұраған болатынбыз. Ол аталған құжаттың заман талабына сай талқыланып отырғандығын алға тартты. «Бүгінгі талқыланып отыр­­ған мәселе құқық қорғау ор­ган­дары мен судьялардың жұ­мыстарын елеулі түрде же­ңіл­детеді әрі республика бойын­ша бірегей сот практикасын қалыптастыруға септігін тигізеді деп санаймын», – деді облыстық соттың тө­рағасы. Нормативтік қаулылардың жобалары талқыланып, ұсы­ныстар мен ескертпелер ен­г­ізу көзделген жиында Жоға­р­ғы сот судьясы Денис Шипп «Соттардың Қазақстан Рес­пуб­­­л­икасы Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодексінің жал­пы бөлігін қолдануының кей­­бір мәселелері туралы», Ер­ден Әріпов «Қазақстан Рес­публикасы Қылмыстық ко­дексі­нің 6-бабын қолдану жөніндегі сот практикасы туралы», Ербол Рахымбеков «Сот­тар­дың қылмыстық істер­ді қысқартылған тәртіп­пен қа­рауы туралы» деген та­қы­рып­тарда арнайы баян­дамалар жасап, құжат құнд­ы­лығының қыр-сырын жан-жақты талдап, таразылаудан өткізді. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»