28 Желтоқсан, 2016

Жаңа жылдан кейін де өмір жалғасады

302 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
vnz_7752«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың әр депозитіне 20% мемлекеттік сыйақы қосылады Санаулы күндерден кейін жыл да аяқталмақ. Өтіп бара жатқан жылда еліміздің көптеген тұрғындары үшін қуаныштың үлкені – қоныстойлар болды. Ендеше талайларды баспаналы еткен банктің өз клиенттеріне арнаған Жаңа жылдық сыйлықтары бар. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың әр депозитіне 20% мемлекеттік сыйақы қосылады. Бұл қаражат жыл бойы депозитін кез келген сомаға толықтырған әрбір салымшыға тиесілі. Әрине, Жаңа жылдан кейін де өмір жалғасады. Ертеңін ойлаған әрбір адам алдымен үйлі болуды ойлайды. Жайлы да жаңа пәтерлі болуды көздейтін жандар армандарын іске асыратын жолдардың барлығын екшейді. Мұндай қуанышты мақсатқа қол жеткізудің  төте жолы – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ екеніне елдің анық көзі жете бастады. Өйткені аталмыш банк  тиімді ұсы­ныс­тардың барлық жолдарын қарас­тырып келеді. Өз кезегінде салымшылар да мұн­дай сәтті мүмкіндіктерді жіберіп алмауға ұмтылуда. Қай жағына алып қарасақ та, банк салымшылары үшін пайдалы ұсыныстар көп. Мәселен жыл қорытындысы бойынша банк клиенттеріне 2 пайыз сыйлықақы қосатын болса, оның үстінен 200 минималды айлық есептік көрсеткіштен, яғни 424 200 теңгеден аспайтын жылдық сомаға мемлекет 20% сыйақы бөледі. Демек жыл бойы салымшы осы соманы жинақтап үлгерсе, онда осы қаражатына тағы 84 840 теңге қосылады. Осылайша мемлекетіміз тұрғын үй құрылыс жинақтаушы жүйесіне қатысып жатқан жандар армандарына бір табан болса да тез жақындауы үшін көмегін аямай отыр. Дегенмен осы арада ҚТҚЖБ депозиттеріне бөлінетін мемлекеттік сыйақы өтіп бара жатқан жылдың 1 қаңтарындағы сомадан бері қарай есептелетінін ескерте кеткен жөн. Алайда ағымдағы жылдағы мұндай сый­ақы өткен жылы осындай жүлдеге ие болған салым­шыларға берілмейді. Егер депозитте жи­нақ­талған қаржы 200 АЕК-тан асып кетсе, онда сыйақыға ілінбеген сома келесі жыл­ғы мемлекеттік жүлдені есептеген кезде ескеріледі. Мысалы салымшы жыл бойы банкке 600 мың теңге құйды делік. Оған берілетін максималды жүлде  84 840 теңге болады. Қалғаны келер жылдық сыйақының үлесіне кіреді. Ал өткен жылы мемлекеттік жүлдеге банктің 537 421 клиенті ілігіп, олардың салымдарына 363 миллион теңге қосылған. Банк мамандарының есептеуінше, биыл төленетін сыйақы сомасы шамамен өткен жылғыдан 20-25 пайыз артық болмақ. Бұл сома алдағы жылдың қаңтар айында анықталады. Мәселен банк қызметіне кіріскелі бері, мемлекет осы күнге дейін оның салымшыларына 53 миллиард теңге көлемінде сыйақы бөлген. Оқырмандарға осының баршасы түсінікті болуы үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ баспасөз хатшысы Айбар ОЛЖАЕВПЕН тілдескен едік. «Әдеттегідей жыл аяқталар кезде біз дәстүрлі түрде банк бөлімшелерінің қыз­меті жанданып кететінін байқаймыз. Көп­шілігі мемлекет сыйақысына ілігу үшін депозиттерін толтыруға асығады. Ал үлгермегендер болса әлі де бірнеше күн уақыттары бар. 30 желтоқсанда кешкі алтыға дейін банктің барлық бөлімшелері қызметін тоқтатпайды. Бірақ бұл үшін банкке сандалып келудің де қажеті шамалы. Салымшылар өз шотын қазіргі неше түрлі on-line ресурстар көмегімен-ақ толықтыра салады. Ең бастысы мемлекеттік сыйақыны алу үшін қандай да бір құжаттар жинап, сандалудың қажеттілігі жоқ. Депозиттегі сома жеткілікті болған жағдайда мемлекет тарапына бөлінетін қаражат автоматты түрде салымға үстеме болып қосылады», дейді Айбар Қайнарұлы. Алдағы күндері банктің  жаңа клиенті боламын дейтіндерге өткен жылы мемлекеттен сыйақы алған алматылық Зәкира МЕШІТБАЕВАНЫҢ мысалын келтірейікші. – Білесіз бе, пәтер аламын деп ақша жинап жүргендер үшін 84 мың теңге көп қара­жат болып көрінбеуі мүмкін. Көптеген салым­шы­лардың жалақысы  мардымсыздау. Мысалы, мен бухгалтермін. Алатын айлығым 80 мың теңгеден аспайды. Сондықтан бұл сома мен үшін айтарлықтай бонус. Егер айына кемі 20-30 мың теңгені депозит үшін қағыстырып отыратын болсам, мемлекеттің сыйақысы жүгімді кәдімгідей жеңілдетті. Осылайша тағы 3-4 жыл қаражат құйсам, үйлі боламын, – дейді банк салымшысы. Қарап отырсақ пәтер алатын қаражатты банкте кез келген уақытта, кез келген сомаға құя беруге болады. Қатып қалған қағида жоқ. Мысалы алматылық Шәрипа МӘКЕЕВА осы аптада ғана «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бөлімшесіне бірден 1 миллион теңге алып келіп, бірнеше салымдарды толықтырған. Бұл кісі банктің ең байырғы клиенттерінің бірі. Демек, тиімді депозиттердің мән-жайын меңгерген. Осыдан 13 жыл бұрын алғашқы депозитін ашқан Ш.Мәкеева осы жылдар ішінде банктегі салымдарының арқасында бала-шағасы үшін екі үй тұрғызып, 2 пәтер сатып алған. – Бір кездері мен тұрғын үй құрылыс жинақтаушы жүйесі бағдарламаларының жұртқа көмектесе алатына сендім. Ол кезде туған-туыстарым бұдан нәтиже шығатынына күмәнмен қараған еді. Есесіне қазір сол туысқандарым мен таныстарымның барлығы дерлік қазір осы банктің салымшылары. Біздің үйлі-күйлі болғанымызды өз көздерімен көрді. Баспана мәселесін шешуге банктің көмектесе алатынына көздері жетті, балаларым бас басына отау құрып отыр. Енді немеремнің келешегі қамсыз болсын деп, депозит аштық. Қазір зейнеттемін, көп қаражатым жоқ. Бірақ отбасындағы бәріміз ретіне қарай бірігіп ақша құямыз. Өзім әулеттің үлкені ретінде осы іске құлшындырып отырамын. Әлде де болса депозит ашуға жүрегі дауаламай жүргендерді міндетті түрде тәуекелге баруға шақырамын, – дейді Ш.Мәкеева. Осы арада қызық мәліметтер келті­рейікші. Осыдан біраз жыл бұрын журналист ретінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың түр­лі тарифтік бағдарламалары туралы түсінік­теме мақалалар легін дайындап жүрдік. Сол жылдары бұл бастамалардың баспана­сыз жандарға көмегі өлшеусіз екеніне көп мән бермегеніміз рас. Есесіне біздің мақа­ла­ларымызға иек артқан үйсіз талай таныс­тарымыз тәуекелге барып, депозит ашып, айналасы бірнеше жылдың ішінде қоныс тойларының да қуанышына ортақтастық. Тағы бір қызықты қараңыз. Бұл мысалға тезірек баспаналы болудың жолдарын қарастырған отбасы мүшелері жұмыла мүдделі болуы тиіс. Салымының барынша тиімді болуын қарастыратын көптеген клиенттер бір емес, бірнеше депозит ашады. Шамаларына қарай қаражат құйыла береді. Мемлекеттік сыйақы да бас бастарына жеке қосылады.  Пәтер аламыз-ау деген кезде есепшоттарын біріктіреді – бұған банк ережесі бойынша тыйым салынбаған. Мәселен, бұған жоғарыдағы алматылық Шәрипа Мәкеева мысалы бола алады. Тіпті 5-6 депозитке дейін біріктірген клиенттер де табылады. Демек 5 депозит ашылған болса, бір жылдың ішінде оны мемлекеттік сыйақы есебінен жарты миллион теңгеге дейін көбейтіп алуға болады. Ал бұл үйлі боламын деген жандар үшін аз көмек емес. Қысқасы, мұндай отбасылық пакеттер айлығы тұрақсыз, жалақысы мардымсыз жандарға да пайдасы айтарлықтай. Кейде клиенттер ай сайын қаражат құя алмай жатады. Бірде бар, бірде жоқ өмір. Сондықтан үйлі боламын дейтіндерге мұнан тиімдісі жоқ. Осы күндердің өзінде барлық мүмкін­діктерді пайдаланып, Жаңа жылды өз үйлерінде қарсы алып, қуанышқа бөленіп жатқан «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың клиенттерін барлық бөлімшелерден табасыз. Ал мұның жолын ретімен айтып отырмыз. Яғни алғыңыз келіп жүрген үйдің немесе пәтер құнының жарты ақшасын өз депозитіңізде жинақтағаннан кейін қалған 50 пайыз көлеміндегі тұрғынүй заемын банк береді. Егер алатын бір бөлмелі пәтер 6 миллион теңге тұратын болса, 3 жылдың ішінде сол соманың жартысын жинағаныңыз абзал. Ал «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында пәтер құнының 30 пайызын жинасаңыз да жеткілікті. Қалған соманы ең төменгі 3,5-тен 5 пайыздық үстемемен банк береді. Қарап отырсақ, тек биылғы 11 айдың ішінде Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен 250 мың адам жаңа келісім­шарт жасаған. Бұл тұрғын үй құрылыс жинақтаушы жүйесіне деген жұртттың сенімі ұлғайды деген сөз. Заман құбылып, теңге құны өзгеріп, түрлі қаржылық дағдарыстар орын алып тұрғанда адамға өзінен басқа ешкім көмектесе алмайды. Мұндай жағдайда дос-жаран, туған-туысқан да дәрменсіз. Бұл жерде нақты көмектесе алатын – есепшотыңдағы нақты салымдар ғана. Қазіргі ақпараттық технологиялардың дамыған заманында бұл үшін банктердің есігін тоздырудың тіпті қажеті жоқ. Мазалаған барлық сұрақтарды телефоннан 300 нөмірін теріп, кеңесшілердің көмегі арқылы анықтауға болады. Көзі ашық  клиенттер ай сайын банкке бармай-ақ online төлемдер арқылы шоттарын толықтырып отыр. Уақытын үнемдеймін деген адам мұны да меңгеріп алады. Расында Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қазір тұрақты түрде қажетті қаржылық операцияларды интернет-банкинг немес пост-терминалдар арқылы атқаруда. Ұялы әдіс, яғни смартфондар арқылы жүзеге асып жатқан қаржылық операциялардың көрсеткіші ұлғайып келе жатқаны қуантады. Банктің көздегені де осы. Клиенттердің уақытын ұрламай, армандарына қол жеткізуде барынша заманауи жағдай туғызу. Ендеше Жаңа жылдан кейін де өмір жалғасады. Баршамыз баспаналы болайық! Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»  АЛМАТЫ