Сенатта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығымен Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру барысын талқылауға арналған кездесу болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесуді Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева ашты. Ол өзінің сөзінде екі жыл бұрын қабылданған стратегияда мемлекеттік қызметтегі, квазимемлекеттік және жеке сектордағы, соттар мен құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі міндеттері белгіленгенін атап өтті. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар айқындалды.
Стратегияның орындалу нәтижелерін бағалай келіп, Д.Назарбаева сыбайлас жемқорлыққа қарсы ірі шаралар жүзеге асырылып келе жатқанын, ол бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа жария етілгенін атап өтті. Сонымен бірге, сенатордың пікірінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көптеген шаралар жүйелі сипатқа ие болған жоқ, сондықтан сыбайлас жемқорлықтың түпкі себептерін болдырмауға байланысты шешімдер қабылдануы қажет.
Д.Назарбаева Мемлекет басшысы жария еткен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі бағыттарының бірі транспарентті есеп беретін мемлекет қалыптастыру екенін еске салды. Жоспарда азаматтардың қоғамдық кеңестерге белсенді қатысуы мен барлық мемлекеттік органдар қызметі туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндіктері, өзін өзі басқару және өзі реттелетін ұйымдарды дамыту секілді маңызды шаралар қамтылған.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның басты мақсаты сыбайлас жемқорлық ауқымын қысқарту, мемлекеттік органдар мен Үкімет қызметінің айқындығы, квазимемлекеттік және жеке сектордың ашықтығы болып табылады.
А.Шпекбаевтың мәліметтері бойынша, 2015 жылы және 2016 жылғы 11 айда комиссия мен Әдеп жөніндегі кеңесте 378 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылған, 21 қызметкер жұмысынан босатылған, 192 қызметкер лауазымына толық сәйкес келмейтіні туралы ескерту алған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмысының нәтижесінде 2015 жылы және 2016 жылдың 11 айында 1888 лауазымды адам сыбайлас жемқорлығы үшін
жауапқа тартылыпты, оның 22-сі республикалық, 109-ы облыстық, 286-сы аудандық және қалалық деңгейдегі қызметкерлер. Белгіленген шығын 48,5 миллиард теңгені құрады, жалпы сомасы 32,6 миллиард теңге болатын мүлік қайтарылды, тұтқынға алынды және өндірілді.
Отырыс барысында сыбайлас жемқорлыққа байланысты жоғары лауазымды адамдар мен мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялардың топ-менеджерлері қатысы бар ірі оқиғалар туралы егжей-тегжейлі айтылған бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ, баяндамада жемқорлыққа көбірек жол берілген салалар да аталды. Атап айтқанда, 2016 жылы жемқорлыққа қатысты бұзушылықтар ішкі істер органдарында, мемлекеттік сатып алу, денсаулық сақтау, жер қатынастары, білім беру, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында көп тіркелген.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері туралы айта келіп, А.Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы шетелдік тәжірибелерді пайдалану және заңнаманы БҰҰ конвенциясына сәйкестендіру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақы деңгейін көтеру, жеке тәртіптік жауапкершілікті енгізу, мемлекеттік сатып алуда мүдделер қақтығысын жою, жеке секторда сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті арттыру мен «арандатушылық пара» институтын енгізу мәселелерін қарастыру ұсынылды.
Сенаторларға Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев көлеңкелі экономиканы азайту үшін қабылданып жатқан салықтық және кедендік әкімшілік шаралар туралы әңгімеледі. Баяндамаға сәйкес, 2015 жылы ІЖӨ-ге қатысты алғанда елдегі көлеңкелі экономиканың мөлшері 27,5 пайызды құрады, ал 2014 жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға өскен. Бұған ішкі көлеңкелі айналым, яғни жалған кәсіпкерлік, салық төлеуден жалтару және қолма-қол ақша айналымы, сондай-ақ, сыртқы сауда-экономикалық қызметтегі көлеңкелі айналым негізгі факторлар болған.
Комитет қабылдаған шаралар ішінен А.Теңгебаев электронды шот-фактура енгізу жөніндегі кең ауқымды жобалар мен электронды аудитті (тексеру өткізгенде электронды аудитті пайдалану) қолдану мәселелеріне ерекше тоқталды. Елбасының 5 институттық реформасы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау аясында кедендік рәсімдерді автоматтандыру маңызды жаңалық болды.
Талқылау барысында Сенат депутаттары Икрам Адырбеков, Нұртай Әбіқаев, Мұхтар Алтынбаев, Серік Жақсыбеков пен Георгий Ким ойларын ортаға салды.
Шараны қорытындылаған комитет төрайымы Д.Назарбаева талқылау нәтижесі бойынша әзірленген ұсынымдар Үкіметке жіберілетінін, сондай-ақ, заң шығару жұмыстары барысында ескерілетінін атап көрсетті.