28 Желтоқсан, 2016

Адалдық пен тазалық – сенімге ие болу кепілі

394 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бас прокурор Жақып Асановтың төрағалық етуімен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Шарада құқық қорғау органдары жеке құрамының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтауы мәселелері жан-жақты талқыға түсті. Оты­рыс­ты ашқан Бас прокурор Ж.Аса­нов Елбасының кәсіби аппаратты қалыптастыру бойынша рефор­масының маңыздылығына тоқта­лып, бұл бағытта құқық қорғау органдарымен орасан зор жұмыс­тар жүзеге асырылуда екендігін атады. Бас прокурор жеке құрам арасында кадрларды ірік­теу жүйесінің ашықтығы, объек­тивтілігі қамтамасыз етілуде, басшылық құрамды тағайын­даудың тәсілдемесі өзгеріп, қыз­мет­керлерді даярлаудың тетік­тері жетілдірілуде екендігін айтты. Бұдан кейін сөз алған агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаров жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі өзекті екендігін баса айтты. Сондай-ақ, ол заңдылық пен әділдік, кәсіби деңгей мен әдептілік қасиеттерінің ар­қа­сында ғана халықтың тәртіп сақ­шыларына сенімі артып отыр­ғандығын алға тартты. Жалпы, құқық қорғау жүйесіндегі жүр­гізіліп жатқан реформалардан қоғам үлкен өзгерістер күтуде. Бұл бағыттағы негізгі басымдықтар «100 нақты қадам» Ұлт жос­парында айқындалған. «Бір жа­­ғынан құқық қорғаушылар қа­тары­на жоғары деңгейлі кәсіби мамандардың келуін қамтамасыз ету қажет. Олар конституциялық құрылыс пен қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз етуге міндетті және жемқорлықтан таза болып, азаматтардың сенімін тудырулары тиіс», – деді Қайрат Пернешұлы. Агенттік төрағасы қазіргі кезде осыны толығымен жүзеге асыруға әлемдік тәжірибеде бейінделген құралдар жеткілікті екендігін айтты. Атап көрсеткенде, полиграф, кәсіби және жеке бас біліктілігін анықтауға арналған тесттер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен міндеттемелер, ішкі қауіпсіздік бөлімшелерінің жұмысы. Бұдан басқа, агенттік басшысы жас қызметкер жеке басын байыту үшін лауазымдық өкілеттігін қолдану туралы оймен қызметке түспеуі керектігіне екпін берді. Қ.Қожамжаровтың пайымынша, әрбір қызметкер құқық қорғау жүйесіндегі қызметін адал және еңбегіне лайық лауазымдық сатымен жылжи алатындай етіп құруы керек. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Бас прокурор халықаралық Трансперенси Интернэшнл ұйымының мәліметтеріне сүйене отырып, 1,5 мың адаммен сауалдама жүргізілгендігімен бөлісті. Келтірілген мәліметке қарағанда, сауалдама жүргізілгендердің 37 пайызы сыбайлас жемқорлықпен күресте алға жылжушылық бар екендігін мәлімдеп, тиісті органдар белсенді әрекетке көше бастағандығын атап көрсетіпті. Талқылау барысында бірқатар жайттар ортаға салынды. Отырыс қорытындысы бойынша тәртіпті нығайту, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлықты азайту және құқық қорғау органдарына халықтың сенімін арттыру мақсатындағы жол картасы қабылданды.