Тәуелсіздік жылдарында басы қайырылған көптеген салалардағы игі істермен қатар, елімізде темір жол өндірісі қарқынды дамыды. Темір жол – экономиканың күретамыры. Осы кезеңде 151 шақырымдық «Шар – Өскемен», 184 шақырымдық «Ақсу – Дегелең», 146 шақырымдық «Өзен – Түрікменстан мемлекеттік шекарасы», 293 шақырымдық «Жетіген – Қорғас», 402 шақырымдық «Алтынсарин – Хромтау», 212 шақырымдық «Арқалық – Шұбаркөл», 988 шақырымдық «Жезқазған – Бейнеу» темір жолдары салынып іске қосылды. Соның ең ірісі «Жезқазған – Бейнеу» магистралі болса, бүгінгі әңгімеміз оның бір телімі – ел ішінде Қарақұм деп аталатын Қоскөл туралы болмақ.
Қоскөл – Ұлытау ауданындағы ірі елді мекеннің бірі. Кеңестік кезеңде «Сәтбаев совхозы» деген атпен қой өсірудің үлгілі шаруашылығы ретінде даңқы шыққан. Сол елдің ұланы, белгілі қаламгер Жүрсін Ерманның бір эссесінде: «Менің ауылым жердің түбінде. Оның ар жағында жер жоқ сияқты. Солай екен деп ауылыңа бармай тұра аласың ба?» дейтін Сәтбаевыңыз – Қоскөліңіз сол. Жезқазғанмен арасы 300 шақырымнан асады. Ұшқан құстың қанаты талады. Ал жолаушылар... Кешегі күнге дейін күші бар, көлігі мықтылар ғана бұл ауылға барып-келіп қатынас орнатып жүрді. Бүгінге дейін 8 қызметкері бар ауыл әкімдігі, 88 оқушы және оның жанындағы шағын орталықта тәрбиеленуші 32 бүлдіршін бар мектеп пен оның қызметкерлері, әкімшілік құрамына кіретін медициналық пункт, аласапыран кездің өзінде туын жықпай қалған, қайта ауылдың Жұмағали Кенжалин, Шәйзат Тілеуова сияқты белсенділерінің арқасында түлей түскен мәдениет орталығы осы күнге дейін әр отбасының нәпақасын айырар демеуі болып келгені шындық. Бұл мекемелерде жұмысқа жарамды адамы бар әр әулеттен кем дегенде бір жан еңбек етіп, ақы алатын. Бұл көппен бірдей Қоскөлдің де уығы қисайып, жел өтінде қалған кезінде едәуір сүйеу еді.
Шүкір, ауылдың иманға шақыратын мешіті де бар. Он шақты жыл бұрын тұрғызылған Алланың жердегі үйіне діни сауаты бар Елубай деген ініміз ие болды. Алатаңмен тұрып, күнделікті ертесін азан шақыртып қояды. Ауылдың экономикасы да, негізгі күнкөрісі де – мал. Оның құнын түсірмей тұрған бүгінгі фермерлер. Шаруаның ығын тапқан Ғалым Әбілов, Абдол Жаналин, Талғат пен Қанат Қайратовтар, Алпыс Жәмекеев, Қожамұрат Есенов, Аязби Зәбидинов, Серік Түсіпбеков, т.б сияқты 48 ауыл азаматы бүгінде жалынан ұстатпайтын шаруалар. Ата-бабасынан қалған кәсіп қой, ауылынан Әбілқас Сыздықов сияқты Социалистік Еңбек Ері шыққан олар мал бағуды біреуге үйретпесе, өздеріне үйретуді қажетсінбейді.
Бәрі жақсы-ау! Бұл жігіттерге өткен жылдары сол өнімдерін өткізер рынок қиынға соққаны бар. Құмның далада жайылып өскен малдарына сұраныс көп болғанымен, оны Сәтбаев пен Жезқазған қалаларына жеткізу бір қиямет. Жол сырына қанық болса да, әлгі жігіттердің жүк көліктері барлары жауын-шашынға қарамай тәуекел ғып сапарға шығып-ақ кетеді. Қыста апталап ұли соғатын боранды күндері жол азабын талай тартқандар бұлар. Майтөбенің боранын онда барғандар біледі. Оған тап болдың ба, не апталап жатасың, не болмаса Қарсақбайдан жол аршитын техника күтесің. Ал оның қашан келері Жаратқанға ғана мәлім.
Күн қашан ашылады екен, деп жата берсін бе? Тәуекел дегеніңіз содан шығады. Олар күні кешеге дейін темір жол бойында орналасқан ағайындарға «қызыға да қызғана» қарап келді. Жезқазғанның арғы бетіндегі «әріптестерінің» әрекеттерін көріп те, естіп те жүр. Түнде пойызға сірестіре ет артып алатын олар таңертең Жезқазған базарына өнімдерін тең-тең ғып жеткізіп, түскен табысты қалтаға басып кешке келген көлігімен кері қайтады. Бұл – ертең тағы келеді деген сөз. Экономикалық пайымына үңіліп, қарапайым шотқа салғанда фермер сүбелі екі ірі қара әкелді десек, оның біреуін орта есеппен 300 мың теңгеге өткізгенде бір сапарда таза 530-540 мың теңгені олжалап кетіп отырады екен.
Ал қарақұмдық жігіттердің көргені әлгінде айтқанымыздай, қып-қызыл бейнет. Жаратқан жар болып, ол мәселенің де түйіні тарқайтын кез келген сияқты. Қоскөлдің оңтүстік-шығысында сонадайдан Қыз Жібектің көшіндей көрінетін қазіргі заман үлгісімен салынып жатқан ақшаңқан үйлер тізбектелген темір жол стансасы соның хабаршысы. Қарақұмдық, байқоңырлық азаматтар асыл армандарының орындалуын осы «Жезқазған – Бейнеу» темір жолымен байланыстырып отыр. Бұл жобаны ұсынып, соның діттеген жеріне жетіп, баянды болуына үлкен мән беріп, қатаң бақылауында ұстап отырған Мемлекет басшысына олардың айтар алғысы айрықша. Кеңес Одағы кезінде салынған БАМ-мен шендестіріліп жүрген ғасыр жобаларының қатарына жатқызылатын «Жезқазған – Бейнеу» магистралі әкелетін шапағаттың мол болатынына олар қазірдің өзінде сенімді. Көктен тілегені жерден табылғандай. 1200 шақырымға созылған бұл болат жол қарақұмдық жігіттердің өнім өткізу рыногы аясын айтарлықтай кеңейткені көзі қарықты адамға көрініп-ақ тұр. Ана шеті Маңғыстаудың Бейнеуі болса, бергісі – Жезқазған. Арада 22 ірі станса мен сандаған разъез бар көрінеді. Оның ішінде Сексеуіл, Шалқар, Бейнеу сияқты қалалар мен ірі кенттердің жөні бөлек. Бұлардың бәрі Жібек жолы дәстүрін қайталайтын бейнебір қан базардай бекеттер ғой.
Ауыл үстінен өтетін темір жол салынады екен деген сыбыс шыққан алғашқы кездері Әпсат көкеміздің үйіндегі марқұм Данияхан жеңгеміздің: «Әдірам қалғыр ол қашан болады дейсің, көреміз бе, көрмейміз бе?» деп ернін сылп еткізіп майын шайқап, құртын қайнатып отыра беретін тұс кеше ғана еді. Бүгіндері сол Данияханның келіндері жайлы вагонмен тербеліп бара жатып, енелерінің сөздерін еске алып, рахаттана күліп алады. Болайын десе «көрген түстей екен ғой!». Сөйтіп, енді ауыл азаматтары ақадал малын үйреншікті кеншілер мен металлургтер қалаларына тасумен шектелмей, оңтүстік және батыс аймақтарға шығаруына да көкжиек ашылды. Құм малының еті мен сүті, қымызына батыс пен оңтүстіктегі ағайындардың аңсары ауатынына кім шүбә келтіреді?!
Ауылдың дәл бүгінде денсаулық сақтау бағытындағы мүмкіндігі шектеулі. Ауыл медпункті мен екі медицина маманы көп қайырымға келе қоймасы анық. Өзі дәрігер, өзі мейірбике, өзі фельдшер жұмысын қабаттастыра атқарып жүрген Мағрипа Аппазованың «басы ауырып, балтыры сыздағандарға» демеу боларлық техникалық мүмкіндігі де шамалы. Сондықтан сырқаттарды алғашқы көмек көрсетіп, өздері бағынысында тұрған Қарсақбай кентіндегі ауруханаға ол одан әрі Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы емдеу орындарына жіберуіне тура келеді. «Біз үшін күнде сайын даланың апшысын қуырып өтіп жатқан отарба теңдессіз көлік болып тұр. Ауыр науқастарды шоқалақ жолдармен шайқалтып апарудың қандай азап екенін сезетін шығарсыздар? Мынау рахат болды!» деген ақ бешпетті абзал жан қуанышын жасыра алмаған.
Сөзіміз асылық болмасын, біздің ауыл тойшыл. Шаттықтың нешеме түрін шырайландырып өткізеді. Бұрын тойды ауылда жасап, қонақты қаладан шақыратын қоскөлдіктер қазір шәпкісін заманына қарай киіп, дәстүрді өзгерткен. Өздері ауылда тұрса да, ауылдастарына билетті қала мейрамханаларының бірінің атын көрсетіп тарататын болған. Бәлкім, оның да өз қисыны бар шығар?.. Бұл жерде әңгіме той жасау дәстүріне мін айту емес, мәселенің оң шешілуінде болып тұр. Той иесі де, тойшыл қауым да бұрынғыдай көлік іздеп, «біреудің артын салмақтамайтынында». Қазалы болып, қара жамылып отырған үйдің қайғысын бөлісуге асыққан ағайынның да көліктен бас ауырпайтыны қуантады. Оған да мына күнде қатынайтын пойыз қол. Ата-бабасының басына барып, тағзым ететіндер де көп. Өйткені, сол жерде туып-өсіп кейін қала адамы болып кеткендер басқасы басқа, осы бір шартты естен еш шығарған емес.
Ауылдан береке кете бастаған алақұйын заманда ауылын қимай, артына қарайлай-қарайлай өндірісті жерлерге бет бұрғандар туған жерге қайтып жатыр екен, деп естиміз. Бұл – жақсылықтың нышаны, әрине! Оған себеп болып отырған тағы да сол – темір жолдың келуі. Өмірінде пойыз гудогын естімеген осы ауыл үшін бұл дабыл қазір сүйікті симфониядай болып барады. Ауылдың бүгінгі ақсақалы, үнемі жол үстіндегі Сапар Қайратұлы: «Бозалаң күндер болғанымен, қандай қиын кезде де ауылымыздан береке кете қойған жоқ. Есті балалар ерендігін көрсетті. Қиындыққа қарсы тұрды. Қарақұмның құтын қашырмады. Қазір еңсе көтерілді. Елбасының көрегендігімен көсіле тартылып жатқан «Жезқазған – Бейнеу» болат жолы берекенің отын алаулата түсті», – дейді.
Қарақұмым, Қарадырым, Құйғаным... – деп жырлаған, осы жерде табанын тасқа тілдіріп өскен журналист-ақын Көбейсін Еңсебаев: «Бұл – тәуелсіздіктің жемісі. Елбасымыз ұстанған сындарлы саясаттың көрінісі. Ел қамын жеген адамның ісі. Әйтпесе, құлан ғана жортқан сайын дала үстімен қара жерді солқылдатып пойыздар жүйткиді деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірді ме? Экономиканың күретамыры – темір жол! – деп бекер айтылмаған ғой. Бұл қадам ауыл азаматтарының жеке шаруашылықтары арқылы үлкен экономикаға белсене араласқанын аңғартса керек. Арты баянды болғай!» – деген ақ тілегін арнаумен келеді.
«Жезқазған – Бейнеу» – ғасырлық жоба дегенге әбден лайық атау. Ол бүгіннің өзінде халықтың алғысын алып отыр. Стансалар мен разъездерде инфрақұрылымдар сәтімен салынуда. Енді тоңазытқыш вагондар тіркелсе деген арман бар. Шетелдерде мұндай тәжірибе бар көрінеді. Сонда көп түйіндер шешілер еді. Темір жол салу барысында бүлінген бұрынғы дала жолының орнына енді сапалы тас жол салынса деген де тілек бар», – деп халық өтінішін айтқан, ұзақ жыл ауылдың басшылық қызметтерінде болған Доскен Түсіпбеков ақсақал да айтуға ғана оңай осы жобаны табандылықпен іске қосқан Мемлекет басшысына деген ризалығын тежеп қала алмады.
Кімді сөзге тартсаң да, ауыл болашағы жайлы әңгіменің бәрі темір жолға – «Жезқазған – Бейнеу» магистралына иек артып отырады. Олай болса, тәуелсіздіктің ірі жетістіктерінің бірі – осы жобаның бір пұшпағы даласын тұлпар тұяғы таптап, мыңғырған мал өсіп, төл жамыраған құтты жерге жақсылықтың лебі болып келген темір жол туралы, оның келешегі жайлы аз-кем әңгіме сабақтасақ әбестік болмас.
Сонымен, 2013 жылдың аяғында, жұрт жаңа жылдың әзір-мәзіріне кірісіп кеткен шақта Қоскөл тұрғындары қос мерекенің куәгерлері болды. Сол кезде тура сол Қоскөлде Арқадан шыққан пойыздың Батыстан бағыт алған құраммен түйісу салтанаты өтті. Қоскөлдіктер есік қаққан жылқы жылын береке бастауына балады сонда. Шүкір, солай болды да. Мерекелік ахуалда қауышқын теміржолшылардың алдында үлкен істер тұрған болатын. Кейде тәуелсіздіктің жемістерінен гөрі кемістерін тез көріп жататынымыз бар. Әрине, өкінішті-ақ. Зер салып қараған адам таудай іс тындырылып, қыруар жұмыстың басы қайырылғанын байқар еді. Шойын жолдың іске қосылуы жасамыстары жол қатынасынан шаршаған, жастары «екі қолға бір күрек» таппай сенделген Қоскөл сияқты ауылдардың халқы үшін «бөрікті аспанға атардай-ақ» оқиға болғаны рас. Қөскөлдіктердің оны «ғасыр жаңалығы» деп атауының да жөні бар. Ал енді қандай игілігі болды дегенге ойыссақ, бұл тұста да жаныңды жадыратар жайлар жеткілікті.
Біріншіден, экономикалық тиімділігі. Қытайдан Еуропаға, Парсы шығанағына Ақтау порты арқылы жүк жөнелту немесе әкелу мерзімі жол факторы арқылы әлдеқайда қысқарды. Екіншіден, сағым қуған далаға жан кіріп, станса, разъезд сияқты бекеттер арқылы инфрақұрылымдар тартыла бастады. Үшіншіден, бір кездері құлазып қалған ауылдардың ажары кіре түсті. Ауылдан кеткен «қашқақ» балалар елге оралып, туған жерге туын тікті. Жастар жұмыс тапты.
«Дала төсін дүрсілдетіп күніне өтетін 20 шақты жүк құрамдары мен күнара жүретін жолаушылар пойыздарына 60-қа жуық жұмыскер қызмет көрсетеді. Болашақта темір жол қарым-қатынасы аясының кеңеюіне байланысты тағы 200-дей адам жұмысқа тартылатын болады. Кеңею дегенімде мен бұл пайымды көктен алып отырғаным жоқ. Темір жол – мемлекет тәуелсіздігі, елдің территориялық тұтастығы, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудағы маңызды фактордың бірі, деген Елбасы Еуропа, одан әрі мұхиттың арғы жағына, Парсы шығанағы, Араб елдеріне жеткізетін тіке жолымыз осы «Жезқазған – Бейнеу» магистралы болатынын тайға таңба басқандай айтқан. Рас, алғашқы кезде темір жолдан түсінігі мол мамандар республиканың әр өңірінен тартылды, жергілікті ұландар олардан үйреніп жатыр, сондықтан ауыл азаматтарын басшылық жұмыстарға тартуға бейілміз», – дейді Қоскөл стансасының бастығы Мұрат Тойымбеков.
Тойымбековтің өзі – шпалдың үстімен жүгіріп, оған сіңген майды иіскеп өскен бала. Темір жолды ғылым деп біліп, ал кадрларды жергілікті жерден табуды жөн деп ұғатын ол ауылдың «балағының биті бар» жігіттерін түрлі сала бойынша басшылық жұмыстарға тартуға жоғары ұлықтарға ұсынысын батыл жеткізіп жүр. Өзінің орынбасарлығына Қалдыбай Жаналинді, өрт сөндіру бөліміне Медет Жандарбекті, электр желілеріне Бағдат Жаналинді, подстансаға Ардақ Көбегеновті, күзет бөліміне Телібай Ізденбаевты, жолаушылар және мейманхана меңгерушілігіне Эльмира Әбілованы тартуы соның дәлелі.
Бұл тәуелсіздік берген сыйдың бір парасы ғана. Мұндай игілікті көріп отырған ауыл-аймақтар қаншама?! Біз тілге тиек етіп отырған Қөскөл Ұлытау ауданына қарайтын болса, осы «Жезқазған – Бейнеу» магистралы бойында ғана күні кеше түтіні көлбеу тартқан Қарсақбай, Байқоңыр, Көктал сияқты елді мекендер де тәуелсіздік жемісінің шырынын татынған елді мекендер.
Иә, бұл – сөзсіз тәуелсіздіктің жемісі. Ел игілігі үшін білім-парасаты мен қажыр-қайратын қосқан Елбасының, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын бұлжытпай орындаған ел азаматтарының ерен еңбегі екені даусыз. Тәуелсіз елдің туы осылайша көлки желбірей берсе керек!
Айтқадыр ТІЛЕУОВ,
журналист
Қарағанды облысы