Алматыда 2017 жылғы 28-ші дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция және Global құрылыс компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды аталған дирекцияның баспасөз қызметі.
2006 жылы құрылған Шаңғы жарыстары жөніндегі ұлттық федерацияда тұңғыш рет өзінің жеке демеушісі пайда болды. Оңтүстік астанадағы ең ірі құрылыс компанияларының бірі болып табылатын Global шаңғы жарыстары бойынша әйелдер құрамасын қолдау жөнінде шешім қабылдады. Меморандум барысында 2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция директорының орынбасары Нұржан Әбілқайыр: «Бизнестің өзі пайда көру үшін емес, шын ниетпен іс-шараға деумеушілік көрсетіп отырғаны қуантады. Біздің спортшыларымызға нақты істермен көмектескіміз келеді деген ниетпен бізге бірінші рет келіп отыр. Спортшыларымыз барынша жайлы ортада ойындарға дайындалып, жақсы өнер көрсетуді қалайды. Қаржылық жағынан болсын, жігерлендіру тұрғысынан болсын, біздің көрсеткен қолдауымыз олар үшін аса маңызды», – деді.
Global құрылыс компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы Мұхит Әзірбаев: «Біз жылжымайтын тұрғын үйлерді салатын құрылыс компаниясы ретінде аса маңызды міндетті үнемі шешіп отырамыз, яғни көппәтерлі үйлердің тұрғындары үшін спортты қолжетімді етеміз. Өйткені әрбір спортшы өз мансабын сол ауладан бастайды. Универсиада секілді айтулы оқиғаға қолдау көрсетуге қуаныштымыз. Сондай-ақ, біз енді-енді мансабын бастаған жас спортшыларға тікелей қолдау көрсету туралы шешім қабылдадық. Жаңа биіктіктерді бағындырсын деп, біз оларды қолайлы жағдайлармен қамтамасыз еткіміз келеді», – деді.
Демеушілікке бөлінген қаржының бір бөлігі қажетті спорттық киім-кешекті (жарыста киетін комбинезондар, жаттығу киімдері), құрал-саймандарды (шаңғы мен бекіткіштің екі түрі) сатып алуға, сондай-ақ, жиындарға және түрлі жарыстарға, соның ішінде республикалық және халықаралық сайыстарға қатысу кезіндегі дайындыққа бағытталды. Қазір әйелдер құрамасында 8 команда мүшесі бар, олар кеше ғана ҚР-ның шаңғы жарыстары бойынша кубогын лайықты деңгейде аяқтады.
«Шаңғы жарыстары жөніндегі ұлттық федерация» ҚБ бас хатшысы Андрей Невзоров «Спортшылардың ойындарға дайындығы қашанда орасан зор күш жұмсауды қажет етеді. Сондай-ақ, бұған айтарлықтай шығындар кетеді. Мәселен, бір кәсіпқой шаңғышының саймандары шамамен 1,7 млн. теңге тұрады. Сөзсіз, бізге мемлекет тарапынан көп көмек көрсетілуде, алайда осындай үлкен компанияның сенім артып, шынайы ниет білдіруі біз үшін үлкен құрмет. Оның үстіне спортшылардың рухы көтеріледі. Бізге сенеді, демек жеңеміз деген сөз», – деді. Сондай-ақ, еліміздің еңбек сіңірген бапкері Александр Батяйкин: «Біздің қыз-жігіттеріміз шамамен 8 оқу-жаттығу жиынында болып қайтты. Ұлттық команданың қатары жаттығу кезінде тамаша нәтижелерді көрсетіп отырған, келешегінен мол үміт күтуге болатын жас спортшылармен толығуда. Әлем кубогында біз жүлделі орындарды алып келдік. Спортшылар Универсиадаға дайындалуда, ең кем дегенде үш медальді жеңуді үміт етіп отырмыз», - деп атап өтті.