1 қыркүйекте Венада дипломатиялық корпустың кеңінен қатысуымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 20 жылдығына арналған фотокөрме ашылды. Экспозиция полигонның тарихы, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы және тәуелсіз Қазақстанның жаһандық ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы үлесі жайында баяндайтын фотосуреттер, құжаттар және схема түріндегі материалдардан құралған.
Фотокөрме ЕҚЫҰ Штаб-пәтері орналасқан Хофбург сарайы залдарының бірінде орналасқан. Көрме келушілеріне Семей экологиялық апатының ауқымы мен полигон тағдырындағы 29 тамыз күнінің маңыздылығы туралы айтылды. 1949 жылдың дәл сол күні алғашқы атом жарылысы жасалды, ал 42 жыл өткен соң, 1991 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Соңында БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады.
Фотокөрме 8 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл көрмені кейін БҰҰ-ның Венадағы Штаб-пәтеріне қойып, оны қазан айында Астана, Семей және Курчатов қалаларында өтетін «Ядросыз әлем үшін» халықаралық конференциясына орайластыру жоспарлануда.
Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, «Егемен Қазақстан» – Венадан.