Маңғыстау мұнайының мерекесі осы саланың ардагерлерін ардақтап, аймақтың әлеуметтік жағдайының әлеуеттілігін арттыра түскен игі іс-шараларға толы болды
1961 жыл Маңғыстау аймағы үшін «ақ түйенің қарны жарылып», атағы әлемге жайылған жыл болды. Сол жылы 5 шілдеде Жетібай жеріндегі бұрғылау шебері Николай Петровтың бригадасы қазу үстіндегі №6 ұңғыдан түбектегі тұңғыш қуатты мұнай бұрқағы атқылады. 1961 жылы 5 қаңтарда Өзен алаңында атақты бұрғылау шебері Ғазиз Әбдіразақовтың бригадасы қазған К-18 ұңғысынан Маңғыстауда тұңғыш табиғи газ алынды. Сол жылы 1 желтоқсанда, бұл күндері халық «Маңғыстаудың өзені – қара алтынның өзегі» деп орынды атап жүрген Өзен кен орнынан бұрғылау шебері Михаил Кулебякиннің бригадасы бұрғылап жатқан №1 ұңғыдан күшті мұнай бұрқағы атқылады. Міне, содан бері 50 жыл.
Ал 1964 жылдан бастап Тасболат, Теңге, Қансу, Қарамандыбас, Жалғызтөбе, Шығыс Қаратұран, 1974-1976 жылдары Қаражамбас, Қаламқас, Солтүстік Бозашы кен орындары ашылды. Бұл күндері облыс аумағында 70-тен астам мұнай-газ кен орындары ашылып, халық қазынасын молайта түсуде. Жалпы, қазіргі таңда Маңғыстауда Қазақстан мұнайының 24,8 пайызы, табиғи газдың 8,4 пайызы өндіріліп отыр.
Егемен қазақ елінің ырысын еселеп, атағын әлемге паш еткен Маңғыстау мұнайының 50 жылдығының Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойы аясында аталып өтуі мереке көрігін қыздыра түсіп, халықты елең еткізетіндей игі шараларға толы болды. Олай дейтініміз, осы мереке аясында Маңғыстаудағы кереметтей көрікті «Кендірлі» демалыс аймағында дәрігерлік оңалту орталығы мен мұнайшылар балаларының 250 орындық сауықтыру демалыс орны, Жаңаөзен қаласындағы «Жұлдыз» шағын ауданында 1200 орындық орта мектеп, 140 орындық «Шынар» атты балалар бақшасы салтанатты түрде ашылды. Осынау сәттерде алғашқы жылдары халық игілігі үшін тынымсыз еңбектеніп, тер төккен бұрғышылар есімін есте сақтау да назардан тыс қалмапты. Соның бір дәлелі Жаңаөзенде бұрғышылар аллеясының салтанатты ашылуы және де кіреберістегі тұғыр тасқа атақты мұнайшы, белгілі мемлекет, қоғам қайраткері, Маңғыстау мұнайының келешегі үшін ерекше еңбек сіңірген Нәсіпқали Марабаевтың «Әкелердің ерен еңбегі – жастарға мұра» деген аманат сөзінің жазылуы да көпшілік көңілінен шықты.
Тағы бір айта кетерлігі, осындай салтанатты сәттердің барлық мұнайлы аудан-қалаларда өтуі деуге болады. Жоғарыда айтқанымыздай, Маңғыстау мұнайының бастау алған жері Жетібай алаңы. Сондағы алғашқы мұнай бұрқағы атқылаған № 6 ұңғы. Бұл күндері ол көпшіліктің көп келетін, тарихқа терең бойлап келешекке көз жіберетін жеріне айналған. Осы жолы да солай болды. Мұнай және газ министрі С.Мыңбаев, облыс әкімі Қ.Көшербаев бастаған құрметті меймандар, ардагер-мұнайшылар сол жерде тоқтады. Жиналғандарға сол бір қуанышты сәттің куәгері ардагер-мұнайшы Қ.Азанбаев әсерлі әңгімеледі. Ол күн Жетібай жері мен елі үшін қуанышқа толы еді десек болады. Сол күні аймақтағы мұнай алыбы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қолдауымен шағын ауылдың өнерлі балалары үшін салынған 250 орындық Өскінбай Қалмағанбетұлы атындағы саз мектебі пайдалануға берілді. «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарушы директоры А.Айдарбаев символдық кілтті саз мектебінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, өлке өнерпаздарының ағасы Орын Құлсариевке салтанатты түрде табыс етті. Сол күні Жетібай кентінде 280 орындық балалар бақшасы да пайдалануға тапсырылды. Сондай-ақ, осы мереке аясында Жаңаөзен мен Жетібай мұнайшыларының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарта түсу мақсатында жаңа үлгідегі асхана мен ауысыммен жұмыс істейтін мұнайшылар үшін жатақхана пайдалануға берілді.
Маңғыстау мұнайының 50 жылдығына орай үш күнге созылған мерекелік бағдарлама облыстық тарихи-өлкетану мұражайында мұнай-газ өнеркәсібіне арналған экспозициялық залдың ашылуынан соң Ақтау қаласында салтанатты жиынға ұласты. Оны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кіріспе сөзбен ашты. Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мұнай және газ саласының ардагерлері мен қызметкерлеріне жолдаған құттықтау хатын оқып, өз тарапынан да игі тілектер айтты. Елбасы құттықтауында былай делінген:
«Сіздерді Маңғыстау мұнайының 50 жылдық мерейтойымен және кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!
Биыл Тәуелсіз еліміздің 20 жылдығының аясында аталып отырған Маңғыстау түбегінің алғаш мұнайының ашылғанына 50 жыл толуы ерекше оқиға. Өйткені, облыстың құрылуы да, кәрі Каспийдің жағасындағы Ақтаудай шағала түстес шаһардың салынуы да 1961 жылы майлы қиянда атқылаған алғашқы мұнай бұрқағымен байланысты. Сондықтан да бұл өлкенің өткені, бүгіні мен ертеңі де негізінен мұнай және газ өндіру, оны өңдеумен тікелей байланысты.
Біз жер байлығын игеріп, оны ел қажетіне жұмсауда ерен еңбек еткен мұнайшы ардагерлерімізді мақтаныш етеміз, олар әрқашан құрметке лайық.
Тәуелсіздіктің өткен 20 жылы ішінде қазақстандық мұнайшылар қыруар жұмыстар атқарды. Алайда алда тұрған міндеттер одан да зор. Салаға тың технологиялар әкеліп, жаңа кен орындарын игеру қажет. Мұнайды сыртқа шығару жолдарын кеңейту міндеті де біз үшін ерекше өзекті. Еліміздің мұнай-газ саласында еңбек ететін азаматтар алда тұрған міндеттерді абыроймен атқарып, индустриялық-инновациялық дамуымызға үлес қосатынына сенімім мол.
Еліміз үшін маңызы аса зор еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға береке мен бірлік, амандық пен саулық тілеймін!».
Сондай-ақ салтанатты жиында ардагерлер мен озаттарға Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің алғыс хаттары мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаевтың құттықтауын «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басшысы Қ.Қабылдин жеткізді. Сөз кезегін алған облыс әкімі Қ.Көшербаев Маңғыстау мұнайының терең тарихы абзал ардагерлер мен өндірісті өлкенің әлеуметтік-экономикалық қарқынды дамуы жайлы әсерлі әңгімеледі. Жиналған жұртшылық 1961 жылдың 5 шілдесінде Жетібай жеріндегі алғашқы мұнай бұрқағының басы-қасында болған әйгілі ардагер-мұнайшы Жолдас Тоқжановтың әңгімесін қызыға тыңдап, қол соқты. Жиын барысында бір топ ардагерлер мен озаттарға ҚР Жер қойнауының құрметті барлаушысы атақтары, Мұнай және газ министрлігінің, облыстың құрмет грамоталары мен «Маңғыстау мұнайының 50 жылдық» мерекесіне орай шығарылған төсбелгілер салтанатты түрде табыс етілді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасынан «Қазыналы түбектің қадірі» атты деректі фильм көрсетілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары, техника ғылымдарының докторы Амангелді Айтқұловтың төрағалығымен редакциялық алқа шығарған «Мұнайы мол Маңғыстау» атты алғашқы барлаушы-бұрғышылар, қазыналы өлкенің 50 жылдағы өсіп-өркендеу жолдары жайлы шежірелі сыр шертетін көлемді де көркем кітаптың таныстырылымы да сәтті өтіп, көпшілік қолына тиді.
Маңғыстау мұнайының 50 жылдық мерекесі күндері аймақ адамдары мен қадірлі қонақтарға еліміздің айтулы өнер жұлдыздары Н.Нүсіпжанов, Н.Өнербаев, А.Қосанова, Т.Асар және басқалар өнер көрсетіп, түрлі ұлттық спорт жарыстары мен аламан ат бәйгесі болды.
Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы.