Шавкат Мирзиеев билікте болған кездерде Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы сауда көлемі артады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген танымал саясаттанушы, Әлемдік экономика және саясат институтының сыртқы саясат жөніндегі сарапшысы Жұмабек Сарабеков айтты. Ол сұхбат барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастың қазіргі уақытта қалыптасып отырған деңгейіне баға берді. Сонымен қатар Өзбекстанның өңірдегі басқа елдермен қарағанда Қазақстанмен қарым-қатынасы барынша жақсы екенін айтты. Яғни, Өзбекстан басқа көршілерімен қарағанда Астанамен өте жақсы қарым-қатынаста әрі сауда-экономикалық ынтымақтастығының деңгейі де жоғары болып отыр.
"Біз - маңыздылығы жағынан Өзбекстанның үшінші сауда серіктесіміз. Бірінші орында Ресей, ал екінші орында Қытай тұр. Демек, бүгінгі таңдағы біздің ықтымақтастығымыз стратегиялық сипатта деген сөз. Толықтай алғанда, қазақстандық-өзбекстандық қарым-қатынасты достық әрі тату көршілік деп сипаттауға болады", деп атап өтті сарапшы.
Елді жаңа Президент басқарғаннан кейін Ташкент саясатында қандай да бір өзгерістер болуы мүмкін бе деген сұраққа Жұмабек Сарабеков былай деп жауап берді: "Біріншіден, Президент Шавкат Мирзиеев бірден сыртқы саясатта мұрагерлік сақталатындығы жайында бірден мәлім етті. Ал бұл Өзбекстанның сыртқы саясатында айта қоярлықтай түбегейлі өзгерістердің болмайтындығын білдіреді. Дегенмен, бұған қоса біз бұл елдің жаңа басшылығы Тәжікстан және Қырғызстанмен орын алып отырған проблемаларды реттеуге қазірден-ақ қадам жасағандығын көріп отырмыз", деді.
Бұл нені білдіреді? Бұған дейін Өзбекстан мен Тәжікстан басшылары арасында тұлғалық мінезде қарама-қайшылықтар болған еді. Ал Өзбекстанның жаңа Президенті мен Эмомали Рахмон арасындағы қарым-қатынаста мұндай кереғарлық сәттер байқалмайды. Тағы бір ескерер жайт, Шавкат Мирзиеев Президент міндетін атқарушы болған кездің өзінде Өзбекстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, елдің сыртқы саясатының басымдығы өңірлік ынтымақтастық болатындығын мәлімдеген-ді. Бұл көршілермен экономикалық ынтымақтастық деңгейіне әсер етуі мүмкін. Яғни, өңір елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен де сауда-саттық көлемі артуы мүмкін.
Сарапшының айтуынша, Өзбекстанның жаңа басшылығының өңірлік проблемаларға, өңірлік ынтымақтастыққа баса назар аударуы да өңірлік өзекті проблемаларды шешуге өз септігін тигізе алады. Даулы территорияға қатысты мәселеде де біз тұрақтылықты байқай аламыз. Бұған қоса, Өзбекстан мұндай проблемаларды үлкен құрбандыққа бармай-ақ шешуге тырысады. Мәселен, Рогун су электр стансасы құрылысына қатысты Өзбекстан өз ұстанымын өзгертпейді. Бірақ, екінші жағынан шешуге болатын да бірқатар мәселе бар. Ұстаным өзгермегенімен әдіс өзгереді. Сұхбат барысында ол Өзбекстан ұстанымының барынша конструктивті сипатқа бейімделуін оң бағалайтынын да айтты.
Журналистің "Әлі күнге дейін Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одаққа қатысу ниетінің бар екендігін білдірген емес. Бұл мәселеге қатысты Ташкент ұстанымының өзгеруі мүмкін бе?", деген сұраққа "Қазірдің өзінде Өзбекстанның жаңа басшылығы еуразиялық интеграцияға қатысу мүмкіншілігін әзірше қарастырып отырмағандығын мәлімдеген болатын. Өзбекстан таяу немесе орта мерзімді болашақта Еуразиялық экономикалық одақ жұмысына қосылу келіссөздерін бастайды деп күтудің қажеті жоқ. Мұның түрлі себебі бар. Ең алдымен, ол елдің экономикалық дамуының қазіргі моделі интеграциялық процесстерге қатысуды талап ете алмайды. Өзбекстанның экономикасы импорт алмастыру принципіне негізделген", деп жауап берді.
Яғни, аздап импорттап, мүмкіндігінше өздері көптеп шығаруға бағытталған. Осындай қисыны бар. Сондықтан мұндай экономикалық стратегия жүзеге асырылып жатқандықтан Өзбекстан интеграцияға қатыспайды. Бұған қоса, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер экономикасының өзара интеграциясының барынша терең деңгейін көздейді. Ал Өзбекстан экономикасы дамуының қазіргі моделі мұны қарастырмайды.