Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы декларациясының жобасын әзірлеу жөніндегі Жұмыс тобының алғашқы отырысы болды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Төртінші сайланған Парламенттің бесінші сессиясының ашылуында Президент Н.Назарбаев жоғары өкілді орган басшылығы мен депутаттардың Декларация қабылдау туралы бастамасына қолдау білдірген болатын. Мемлекет басшысы «Декларация біздің қоғамымызды біріктіретін жаңа маңызды құжат болатынына сенемін», деген еді.
Қ.Мәмидің айтуынша, «замандастарымыз бен келешек ұрпаққа арналған бұл саяси-құқықтық салтанатты құжатта біздің мемлекетіміздің одан әрі өркендеуі үшін берік негіз болатын Қазақстанның басты жетістіктері көрсетілетін болады».
Жұмыс тобының отырысы барысында оның құрамына Сенат депутаттары А.Судьин, Ә.Ахметов, Б.Мұхамеджанов, А.Бижанов, А.Башмаков және Ж.Ерғалиев енді.