Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Қ.Қожамжаров Мемлекет басшысына еліміз Президентінің бақылауында тұрған, соның ішінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бұрынғы судьяларына, «Қорғас» пен «Қалжат» кеден бекеттеріндегі контрабандалық фактілері бойынша ҰҚТ-ның мүшелеріне қатысты бірқатар қылмыстық істердің тергелу барысы және басқалары туралы баяндап берді.
Бұдан басқа, қаржы полициясы органының ағымдағы жылдың 8 айының ішіндегі «көлеңкелі» экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдары бойынша жедел-қызмет жұмысының нәтижелері баяндалды. Аталған кезеңде 5,5 мыңнан астам сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыс ашылған. 5 мыңға жуық қылмыстық іс сотқа жолданған. Мемлекет пен азаматтарға келтірілген сомасы 113 млрд. теңге көлемінде зиян өтелді.
* * *
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының әкімі Анзар Мұсахановты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
А.Мұсаханов Президентті облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы туралы хабардар етті.