30 Желтоқсан, 2016

Әлемдік футболдың 2016 жылғы маңызды оқиғалары

164 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Egemen.kz әлемдік футболдың 2016 жылғы маңызды оқиғаларын еске салады.

«Лестер Сити» – АПЛ чемпионы

leicester

Клаудио Раньери жаттықтыратын "Лестер Сити" өз тарихында алғаш рет Англия премьер-лигасының чемпионы атанды. 2015/16 маусымында Англия премьер-лигасының ауысуына екі тур қалғанда «Челси» мен «Тоттенхэм» арасында өткен матч 2:2 есебімен аяқталып, лестерліктердің чемпион атануына септігін тигізді. Өткен маусымда ағылшынның держава командаларында да бірқатар өзгерістер болды. Маусым айында «Ливерпуль» бас бапкерін ауыстырды. «Манчестер Юнайтедтің» жағдайы команда бапкері Сэр Алекс Фергюсен кеткелі оңалмады. «Манчестер Сити» жоғары деңгейде өнер көрсете алмады. Ал «Арсенал» маусым барысында жіберген қателіктерінен соң жеңіс тұғырына көтеріле алмай, екінші орынды қанағат тұтты. «Лестер Ситидің» жалғыз қарсыласы «Тоттенхэм» болатын. Бірақ лондондықтар, тіпті, екінші орындарынан да айырылып қалды. Міне, осылайша «Лестер Сити» қарсыластарының қателіктерін тиімді пайдалана біліп, мамыр айында чемпиондық кубокқа қол жеткізді. Сонымен қатар, «түлкілердің» шабуылшысы Джейми Варди 11 матч қатарынан гол соғып, әйгілі Руд Ван Нистелройдың рекордын жаңартты.  

«Реал» – Чемпиондар лигасының жеңімпазы

real-madrid

Мадридтік ұжым үшін маусым ойдағыдай бастала қойған жоқ. Карло Анчелоттидің орнына келген Рафаэль Бенитес корольдік клубты дұрыс басқара алмады. Сорақасы сол Испания кубогының 1/16 финалында «Кадис» командасына қарсы ойында дисквалификация алған Денис Черышевті алаңға шығарғаны үшін жарыстан шеттетілді. Бұған қоса, өз алаңдарында ежелгі қарсыласы «Барселонадан» 0:4 есебімен ойсырай ұтылғаны тағы бар. Жанкүйерлер тарапынан жиі сынға ұшырағандықтан қаңтар айының басында «Реал» президенті франциялық Зинедин Зиданды бас бапкер етіп тағайындады. Міне, осыдан кейін мадридтіктердің ойынына жан бітіп, бұрынғы қалпына қайта келді. Футболшы ретінде жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленген Зидан бапкер ретінде де үлкен жетістіктерге жетті. Испания чемпионы атағы мен ел Кубогын «Барселонадан» ала алмаса да кіл мықтылар айқасатын Чемпиондар лигасында жеңіске жетті. Финалда олар «Атлетиконы» 1:1 (пенальти 5:3) есебімен ұтып, кубокты тарихында 11-мәрте жеңіп алды. Ал Еуропа лигасының иегері атанған «Севильямен» УЕФА Суперкубогында кездесіп, 3:2 есебімен басым түсті. Сонымен қатар, жақында клубтар арасындағы әлем чемпионатында да шоқтығы биік болды. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, Зидан келгелі «Реал» небәрі екі ойында ғана жеңіліс тапқан.  

Америка кубогы

copa-america

Америка кубогының 100 жылдық мерейтойына орай мерзімінен бұрын ұйымдастырылған турнирде Чили командасы кезекті рет жеңіске жетті. 2015 жылы дәл осы турнирдің финалында Чилиден, 2014 жылы әлем чемпионатының ақтық ойынында Германиядан ұтылғаннан кейін Лионель Месси бастаған Аргентина ұлттық құрамасы о бастан-ақ фаворит ретінде есептелген. Бірақ футболдың қызығы сол - кімнің чемпион болатынын алдын ала болжап білу мүмкін емес. Финалдық ойын дәл 2015 жылғыдай өрбіді. Кездесудің негізгі уақыты мен овер-таймда есеп ашылмай, пенальти сериясында аргентиналықтар тағы да мүлт кетті. Аргентинамен бағы жанбаған Лионель Месси ұлттық құрамада мансабын аяқтағаны туралы мәлімдеген. Бірақ туған еліне деген сүйіспеншілігінің арқасында арада бірер ай өтпестен «альбиселесте» ұжымына қайта оралды.  

Еуропа чемпионаты

euro-2016

Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын дүбірлі дода биыл Францияда өтті. Португалия құрамасы өз тарихында алғаш рет чемпион атанды. 2008 жылдың қыркүйегінде УЕФА атқарушы комитетінің шешімімен Еуро 2016-дан бастап қатысушы командалар саны 24-ке көбейетін болып шешім қабылданған еді. Міне, дәл осы шешім португалдарға орасан зор пайдасын тигізді. Себебі, топтық кезеңде 3-орын алғандарымен, қосымша статистикасына байланысты плей-офф кезеңіне жолдама алды. Егер бұл жайт 2012 жылы тіркелгенде турнирмен топтық кезеңде-ақ қоштасар ма еді. Жалпы алғанда, Фернанду Сантуш шәкірттері сылбыр ойынымен мұндай жетістікке жетеді дегенге сену қиын болатын. Себебі, топтық кезеңнің үш кездесуінде де тең есеп тіркелді. Ал 1/8 финалда хорваттарға тек 117-минутта жеңіс голын соқса, ширек финалда поляктарды пенальти сериясы арқылы ұтты. Жартылай финалда ғана Уэльс құрамасын негізгі уақытта әрі сенімді түрде 2:0 есебімен ұтты. Парижде өткен турнир иелеріне қарсы матч португалдар үшін аса ауыр болды. Команданың жүгін арқалаған Криштиану Роналду алғашқы таймның басында-ақ жарақатына байланысты алаңнан кетуіне мәжбүр болды. Бұдан кейін қорғаныста сақ ойнап, барынша жинақылық танытты. Ал алаңға тыңнан қосылған Эдер экстра-таймда жалғыз голды салып, өз елінің Еуропа чемпионатындағы алғашқы жеңісіне септігін тигізді. Бір айта кетерлігі, Исландия құрамасында танымал бір де бір ойыншы болмағанына қарамастан Еуропаны дүр сілкіндіріп, нағыз сенсация жасай білді. Топтық кезеңнен 5 ұпаймен плей-офф кезеңіне өтіп, 1/8 финалда азулы Англияны 2:1 есебімен ұтты. Бірақ ширек финалда француздарда 2:5 есебімен есе жіберді.  

Бразилия ұлттық құрамасы

olympic-games

«Пентакампеондер» биыл Олимпиада ойындарының алтынына баса мән берді. Америка кубогы додасына талантты футболшысы Неймарды қоспағанының басты себебі де осы болатын. Өз елінде өткен жарыста бразилиялықтар финалда Германияны 1:1 (пенальти 5:4) есебімен ұтып, тарихында алғашқы алтын медальдарына қол жеткізді. 27-минутта команда капитаны Неймар есеп ашса, 59-минутта Максимилиана Мейера таразы басын теңестірді. Ал пенальти сериясында турнир қожайындарының бағы жанды.

«Шапекоэнсе»

football-club

Қараша айының соңында жаһанды дүр сілкіндірген қайғылы жағдай болды. Бразилияның «Шапекоэнсе» командасы мінген ұшағы Колумбия жерінде апатқа ұшырады. Чартерлік рейске мінген 71 жолаушының тек алтауы ғана аман қалды. Оның үшеуі аталған клубтың ойыншылары: Алан Рушел, Джексон Фольман және Хелио Сампьер Нето. Хелио Сампьеро Нетоның жарақаты ауыр емес, жақында алаңға қайта оралуы мүмкін. Ауыр жарақат алған Алан Русшел алғашында жұлынына зақым келгендіктен алғашында сал ауруына ұшырап, мүгедек арбасына таңылады деген ақпарат тараған. Бірақ бірер апта бұрын қайырымдылық матчында алаңға шықты. Ал қақпашы Жаксон Фолманның оң аяғынан айрылды.

«Алтын доп»

ronaldo

Еуропаның үздік футболшыларына берілетін награда 1956 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биыл Мадридтің «Реалында» өнер көрсететін португалиялық Криштиану Роналду «Алтын доп» жүлдесінде 745 ұпаймен жеңіске жетті. France Football басылымының сыйлығына барлығы 30 футболшы үміткер атанған. Жеңімпаз спорт журналистері арасында дауыс беру арқылы анықталды. Осылайша, 31 жастағы футболшы өз мансабында төртінші «алтын добына» қол жеткізіп отыр. Екінші орынға аргентиналық Лионель Месси (316 ұпай) жайғасса, үштікті «Атлетико» клубының форварды Антуан Гризманн (198 ұпай) түйіндеді. Айта кетейік, 2010-2015 жылдар аралығында ФИФА (Халықаралық футбол федерациясы) мен француз басылымы жылдың үздік ойыншысын ұлттық құрамалар капитандарының, бас жаттықтырушыларының, сондай-ақ журналистердің дауыс беруі арқылы анықтаған. Ұйымдастырушылық жұмыстарымен аталған федерация айналысса, награда «ФИФА-ның алтын добы» деп аталған. Биыл келісім уақыты аяқталып, іс-шараны France Football толығымен өз мойнына алды. Дайындаған Аян Әбдуәли