13 Қаңтар, 2010

ОРТАҒА ОЛЖА САЛҒАН

3126 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Өмірде өзгенің өзіндік өлшеміне келмейтін, іс-әрекеті қалыпқа сия бермейтін ойқы-шойқылау, сонысымен төңірегіндегілерді түрлі ойға жетелеп, өзі туралы біреулердің түрлі жорулар жасауына себепкер болып жүретін, түйіні оңай шешіле қоймайтын, жұмбағы мол, тағдыры күрделі жандар болады. Сонысымен олар өзін танитындардың бір де біреуін бейтарап қалдырмайды. Әркім өзінің таным-түсінігіне, кісілік парасат-пайымына қарай бағалап, олар туралы өз тараптарынан түрлі әңгімелер таратып жатады. Соған орай, бұ­лардың арасынан мақтаушыларды да, дат­тау­шы­ларды да, жақсы көрушілерді де, жек кө­ру­шілерді де, табынушыларды да, таба­лау­шыларды да кездестіру онша қиындық ту­ғыз­байды. Өз ортасында осындай сырт жо­руларға азық болып жүрген, дүбірі мол, дүмпуі зор күрделі жанның бірі – жұртқа кеңінен танымал белгілі жазушы Сәбит Досанов деп білем. Сәбитті, өз басым, сонау өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында Алматыға келіп, жоғары оқу орнына түсуге үміткер болып жүрген балаң жігіт кезінен бастап білемін. Екеуміз Қостанай облысының: ол Амангелді, мен Жангелдин аудандарынан келіп, С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қа­зақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөлімінің бірінші курсына түсіп, бес жыл бірге оқыдық. Оқу бі­тірген соң ол Алматыда қалды да, мен елге кет­­тім. Бірақ қайда, қалай жүрсек те ара-қа­ты­насымыз үзілген жоқ. Астанада, шығар­ма­шылық қауымның қайнаған ортасында жүр­ген­діктен, ол мені үнемі әдеби үдерістің бағыт-бағ­дарынан хабардар етіп, ақыл-кеңесін айтып, бірлі-жарым жазған-сызғандарым болса, сұ­ратып алып, баспадан шыққалы жатқан ұжым­­дық жинақтардың біріне енгізіп жіберуге күш салып, маған барынша қамқорлық жасап жүрді. Бұл жағдай мен сыртта он жыл жүріп, Алматыға қайтып оралған соң да жалғасты. Қасына келгеннен кейін бұрынғыдай емес, енді “мақала жазғаныңа мәз болмай, ірі шығармалар жазуың керек. Өмірді бір адамдай білесің. Құдайға шүкір, жазуға қабілетің де, мүмкіндігің де жетеді. Болды, енді бос жүре беруіңді қой” деп дігерлейтінді шығарды. Сыртта жүріп, қатарластарымнан қара үзіп қалып қойғандығымды Алматыға келгелі өзім де барынша сезініп, іштей намыстан өртеніп, басымды тауға да, тасқа да ұрып, тынымсыз ізденіспен арпалысты күй кешіп жүрген жайым бар-ды. Соған Сәбиттің итермелеуі қамшы болып, алғашқы повесімді жазуға кіріскенмін. Сөйтіп жүргенде “Қазақ әдебиеті” газетінде Сәбитті сынаған мақала шықты. Сынаған деген жәй сөз, бұл Сәбитті тікелей ғайбаттауға негіз­делген мақала еді. Кімнің аяғын басып кеткенін өзі біледі, осы мақаладан кейін осы тұрғылас әңгіме кезегімен ауысқан жылдың төрт мезгіліндей біріне бірі ұласып, жалғасып кете барды. Осылай істеуді әлдекімдер бейне өзінің міндетті науқандық жұмысына айнал­дыр­ған секілді. Бірыңғай жамандауды мақсат еткен жерде әділдік бола ма, бар пәлені Сәбиттің басына үйіп-төгіп, небір еттен өтіп, сүйекке жететін тасбауыр ауыр сөздерді аямай-ақ қолданып бақты. Жақсы көретін адамыңа жабылған жалалы сөздер бейне өзіңе арнап айтылып жатқандай жаныңды жайсыздандырып, қарап жүріп, беймаза күй кешеді екенсің. “Жаныңды қинап бірдеме жазғанда көретінің мынау болса, жазушылығы құрысын” деген ой да еркімді еңсере бастаған. Бұл орайда Сәбиттің өзімен сөйлесуге жү­регім дауаламайды. Жарасын тырнап, жанын онан сайын ауыртамын ба деп қаймығамын. Ал ол болса, өз тарапынан ештеме білдірмейді. Бірақ байқаймын, сырт қалпы “біреулер мені жамандап жатыр-ау, жазып жатыр-ау” деп қайғырып, мұқалып жүрген жанға ұқсамайды. “Қағанағы-қарық, сағанағы-сарық”. Қайта жамандаған сайын жарқырап, шамырқана ширығып, жазу қарқынын бұрынғыдан да үдетіп, жыл аралатып том-том кітабын шы­ғарып жатады. Еріксіз қайран қаласың! Сәбитке қатысты осындай сүреңсіз көп күндердің бірінде жылдан жылға ұласып келе жатқан жамандаушылардың жағымсыз үнін өшірердей жарқын дауыстар естіле бастады. Бірақ ол дауыстар, өкінішке қарай, Сәбиттің қанаттас бірге жүрген қазақ қаламдастарының емес, көрші орыс жазушыларының дауысы еді. Сәбиттің орысшаға аударылған романдарын оқыған олар “бұрын аты танылмаған белгісіз біреу ғой, түбі қалай болар екен” деп бүге­жек­теп жатпай, “айды аспанға шығарып”, оның шығармаларын “классика” деп танып, жарыса пікірлерін білдіріп жатты. Олардың ішінде анау-мынау емес, кешегі Одақ кезінде шығар­ма­ларын қазақ оқушылары сүйіп оқып, өз­дерінің төл жазушыларындай жақсы көріп кеткен, бәріне бірдей танымал, Лениндік сыйлықтың лауреаттары, Социалистік Еңбек Ерлері Ю.Бондарев, М.Алексеев секілді аймаңдай атақтылары да бар еді. Осы арада осы кезге дейін қатарлас қаламдас­тары оқып, танымдылық талдау жасап, шынайы бағасын бере алмаған Сәбит шы­ғар­маларын орыс жазушыларының оқып, жал­тақсыз жақсы пікір айтуы – күншілдердің күңкілін тыйып, өзгемізге ой салар деген ниетпен солардың пікірлерінен екі-үш үзіндіні аудармасыз түпнұсқа күйінде келтіре кеткенді жөн көрдім. Ресей Ғылым академиясы Әлемдік әдебиет институтының директоры, академик Феликс Кузнецов: “Это большое событие и для русской литературы, поскольку она переведена и вы­пу­ще­на на русском языке и для казахской ли­тературы. Я убежден, что с этим романом ка­захская литература выйдет на общерос­сийский и, в конечном счете, на мировой уровень”. Лениндік сыйлықтың лауреаты, Со­циа­лис­тік Еңбек Ері, ақын Егор Исаев: “Настоящий роман. Роман не для беглого прочтения, а для того, чтобы прочитать, вдуматься и, думая, читать”. Жа­зушы, тарихшы, академик Валентин Осипов: “Роман очень интересный, острый, талантливый. То, что острое, но бездарное – это агитка. Но когда он талантлив, когда у него полет хороший, тогда это литература”. Сәбиттің “Жиырмасыншы ғасыр” роман-эпопеясының аудармашысы Владимир Мирнев: “образ хранителя души народа орла Акбас в ро­ма­­не “Двадцатый век” как символ жизни и бес­смер­тия идущих из далеких эпосов народных иде­а­лов, проходящих через весь роман, неве­роятно интересен, значим, и до глубины души трогает читателя. Пожалуй, в литературе до сих пор не было подобного образа, когда душу народа сим­во­­лизирует и обрегает в веках великолепный Белоголовый орел, сопережающий лучшим своим сыном”. Осылай жалғастыра беруге болады. Ең ғажабы, орыс жазушылары осылай айтып қана қойған жоқ, осы айтқандарының бұқпасыз, бұлталақсыз шын сөз екенін нақты іспен бекітіп, бұрынғы әдебиет саласында үздіктің үздігіне берілетін Лениндік сыйлықтың орнын басқан Шолохов атындағы халықаралық бі­регей сыйлыққа қазақ жазушыларының арасынан бірінші етіп Сәбит Досановты лайық деп таныды. Сөйтіп, кешегі әлемді тітіренткен алып империяның мұрагері Ре­сейдің ха­лық­аралық үлкен сыйлығына басқа емес Қазақ жазушысы ие болып шыға келді! Халықаралық сыйлыққа қазақ жазушы­сы­ның шығармасының ие болуы – жалпы қазақ әдебиетінің, тіпті халқымыздың мерейін өсірер үлкен олжа, ортақ қуаныш болса керек еді. Бірақ біз оны олай қабылдап, ортақ қуанышқа ақжарылып, қуана алмадық. Сәбиттің сыйлық алғанын көре алмағандардың күңкілі от басынан ұзап, баспасөз бетінде жарық көре бастады. “Қазақ жазушыларының тұлпарлары тұрғанда тұғырына бәйге берді” деп орыс жа­зу­шыларын жазғырып жатты. “Ау, өзіңнің емес, өзге елдің аламан жарысында тұлпа­рың­ды былай қойып, сол тұғырыңның өзі өзгелердің тұлпарына шаң қаптырып, жүлдені жұлып алып жатса, қуанбайсыңдар ма?! Қалай болғанда да Сәбит басқа елдің емес, осы елдің, қазақтың жазушысы ғой” деген жан болмады. Осы орайда ойға еріксіз сонау бір жылдар оқиғасы оралады. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезде тарихи тақырыпқа тұңғыш түрен салып, ұлттың санасын сілкілеп оятуға үлес қосқан атақты жазушымыз Ілияс Есенберлиннің әйгілі “Көш­пенділері” Лениндік сыйлыққа ұсынылып, қазақ жазушысы аламан жарыстың ақырғы айналымында өзгелердің бәрін артқа тастап, грузин жазушысы Нодар Домбадземен үзеңгі қағыстырып, алға шығыпты. Сонда сыйлықты осы екеуінің қайсысы алар екен деп тұрғанда, грузиндер елінен бір вагон гүлі мен шарабын әкеп, улап-шулап Нодарын қолдаса, қазақтар қап-қап арызын апарып, Ілекеңнің жолын бөгеген көрінеді. Сөйтіп, Лениндік сыйлық грузиндерге бұйырыпты. Осылайша грузиндер жазушысын ел болып қолдап, мерейін асырып, рухын асқақтатса, қазақтар жазушысын жабыла жамандап, жігерін жасытып, жерге қаратыпты. Осыған қарағанда, шамасы күншіл бейбақтарда елдік мүдде, ұлттық намыс деген ұғым-түсінік мүлде болмайтынға ұқсайды. Әйтпесе, бір кезде кеткен есемізді қайырып, бөтен жұртқа еліңнің атын танытып, әдебие­ті­мізге олжа салып, қазақ жазушысының мәр­тебесін көтеріп, ардақтатып жатқан аза­матқа қуана қол соғып, құрмет көр­се­ту орнына күңкілдеп, күйкілік танытар ма еді. Талай елдің таңдаулысының таңдаулысы қолын жеткізе алмай жүрген халықаралық сый­лықты топ жарып қанжығасына байлаған, кім болғанда да, басқа емес, қазақ жазушысы ғой!.. Орыстар өз талғамдары мен бағалау­ларында ешқандай жаңсақтықтың жоқтығын бұдан кейінгі әрекеттерімен де дәлелдеп берді. Қазақ жа­зушысы С.Досановты “Ресей әдебиет академиясының академигі” етіп сайлап қана қоймай, оған жалғастыра “әдеби кеңістікте сіңірген елеулі еңбегі үшін” деп атап көрсетіп, Ресейдің дәрежелі марапатының бірі – Гаврил Державин орденін оның омырауына тақты. Осы айтылғандарды толықтыра түсетін тағы бір жайт, Сәбитті орыстың тек жазушылары ғана емес, қарапайым оқырмандары да бағалап, қадір тұтады екен. Оның жақында ғана Ресейдің Кемеров облысының “Сенім және жақсылық” медалімен марапатталуы осы айтыл­ғанның айғағы болса керек. Осы тұста қазақ жазушысына орыстармен қабаттаса туысқан қырғыз ағайындардың да өз құрметтерін үйіп-төгіп көрсете бастағанын айта кеткен жөн секілді. С.Досановтың “Жалған дүние” романы қырғыз тіліне ауда­рылып, сол кітаптың тұсаукесеріне барған жазушы қыр­ғыз­дың ұлттық сыйлығы – “Алтын қа­ламмен” ма­рапатталды. Осыған жалғаса өткен Қ.Қарасаев атындағы Бішкек Гуманитарлық универ­си­тетіндегі кездесуде жазушыға университеттің “Алтын медалі” беріледі. Сөйтіп, Алматыға қос ал­тын ме­дальмен оралған Сәбиттің жур­на­листерге берген бір сұхбатында: “Мені сынаған сайын жақсы жазып жатқанымды сезетінмін” деуінде шындық бар секілді. Оның сонау кездерде өзін “жазушы емес” деп, жан-жақтан төпеп ұр­ғылап жатқанда, мұқалып, қаламын қаңтарып тастамай, өндірте еңбек етіп, романдарды бірінен кейін бірін жазып жатқаны – сол ішкі шығармашылық қуатына деген сенім­нің құдіреті екенін де енді түсінгендейміз. Солай дей тұрғанменен, “күншілдің күңкілі бітпейді” дегеннің де рас екеніне көз жете түскендей. Шығармалары бірнеше алыс-жақын шетел тіліне аударылып, сапалық деңгейінің жоғары бағалануы, оған әр кезеңде әділін айтып, ара түскен қазақ әдебиетінің қадір­мен­ді ақсақалдары – С. Қирабаев, Ә. Нұр­шайықов секілді ағаларының талдау мақалалары қосылуы – С.Досановтың қандай жазушы екенін айқындап бергенімен, бәрібір күншілдердің күңкілі тыйылмады. Олар енді Сәбиттің өзгелердің бара алмайтын жеріне бара алатын, кіре алмайтын жеріне кіріп кететін, ала алмайтын жерінен алып кететін, сөйлескен адамының тілін тауып, ұршықтай үйіріп, дегеніне көндіретін қабілетіне шүйілді. Әйтеуір бір ілік табуға құмар. Бірде Астанада өткен бір басқосуда болған жігіттердің осындай ажарсыз әңгімелерін тыңдаған халқымыздың біртуар азаматы, марқұм Ақселеу Сейдімбектің реніш білдіргенінің куәгері болғаным бар. “Азаматтар, – деген еді сонда Ақселеу бірін бірі қолдап, желдей есіп отырған жігіттерді өзіне қаратып. – Мен Сәбитті жете біле бермеймін. Бірақ айтыңдаршы, осы азаматтың біреудің жолын кескенін естідіңдер ме? Әлде алаяқтық жасап, алдап, біреуге қиянат жасағанын білесіңдер ме? Өз басым естіген де, білген де емеспін. Қайта, керісінше, ортаға олжа салып жүрген азамат екенін естимін. “Ақ аруана” атты кітабы француз тіліне аударылып, кеше ғана Парижде 150 мың студенті бар атақты Сорбона университетінде кездесу өткізіп, қазақ атын тағы бір шығарып келіпті”. Ақселеудің oсы сөзі мені де ойға қалдырды. Расында да, Сәбитті соншама уақыттан бері біле жүріп, оның біреудің жолын кесіп, қиянат жасағанын естімеппін. Қайта қолынан келгенше жақсылық жасауға ұмтылады. Ана бір жылдары Астанаға келгісі келіп, Сәкен Сейфуллин мұражайының босағалы жатқан директорының орнына қызметке тұруға талаптанғанын білем. Тиісті адамдармен келісіп те қойған сияқты еді. Сонда осы орынға ақын Серік Тұрғынбековтың де шар салып жүргенін естіп, “қой, ініммен талас­паймын” деп жолын беріп, Алматыға қайтып кеткені есімде. Екінің бірі жасай бермейтін осындай ірілік ол үшін әдеттегі тірлік сияқты. Сәбитті әйел шығарып, әйел алды дегенмен, оның осы әйелдерінің біріне де жесірлік, олардан көрген балалары – бес ұлына да жетімдік көрсетпей, қамқорлық жасап жүр­генін де өз басым азаматтық ірілік деп қабылдаймын. Балаларының бәрін өзі үйлендірді. Алдыңғы балалары үйленгенде, тойда алғашқы әйелі Әтенмен бұрынғы ерлі-зайыпты қалпын сақтап, дастархан басында бірге отырып, құда-құдағиларын бірге қабылдағанына куә болғаным да бар. Иә, қалай дегенде де, қазақтың белгілі жазушысы, Шолохов атындағы халықаралық сый­лықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының ака­демигі, Парасат орденінің иегері Сәбит До­санов өзіндік өмір жолы бар, тағдыры күрделі нысаналы тұлға. Оның жоғары оқу орнын бітірер жылы Алматы әуежайында апатқа ұшыраған алып лайнердің ішіндегі адамдардың бәрі қаза тапқанда, жалғыз өзінің аман қалуы да, қаламдастарының арасында өзгелерден гөрі мақтауды да, даттауды да көбірек көріп, үнемі назарда болуы да сол нысаналықтың белгісі болса керек. Сәбиттің өзі соңғы бір сұхба­тын­да: “Тырнақшаға алып айтсам, “менің қатты жақсы көретін” сыншым бар. Менің әр қадамымды жіті қадағалап, үнемі сынайтын да сол. Аз уақыт ештеңе жазбай, жарияламай, үнсіз қалсам, маған ешкім тиіспейді. Қалай атым шығатындай бір жетістікке қолым жетсе, солай сөзге ілінем. Сыйлық алғанда да, академик болғанда да, қырғыздан қос алтын медальмен оралғанда да солай болды. Сынай бер­сін. Меніңше, ең ауыры - өзің жайлы үнсіздік. Достың да, қастың да назарында болған ғанибет қой. Құдай елеусіз, ескерусіз қалғаннан сақтасын. Мұзағаңның сөзімен айтсам: “Мен білемін не табуды, не іздеп, Еңбек қана елдің ұлы дегізбек” – деген екен. Бүгінгі таңда аманат ғұмырдың жеті белесін жеңіспен еңсеріп, шығармашылық абырой биігіне көтерілген қаламдас досқа біз де, жоғарыда өзі айтқандай, “елдің ұлы дегізер” еңбектен қол үзбей, халқымызды танытар тартымды шығармалар жаза бер деген тілек білдіреміз. Қойшығара  САЛҒАРАҰЛЫ. ЖЕР ИІСІ Алтын күздің арайлы ақ таңы атып, ұясынан тұсау бойы көтерілген шуақты күн нұрлы шұғыласын төңірекке молынан төгіп тұр. Кең даланың қай шетіне қарасаң да көз жеткісіз шалқар теңіздей аспан күм­бе­зімен көмкерілген егін. Алқаптағы біркелкі тегіс өс­кен алтын масақтар сахна төрінде сан бұралған биші­лердей қоңыр күздің самал желімен майыса тербеледі. Жел қобыратқан ақбурыл шашын қайта-қайта қолымен тарап, қалың егінжайдың ортасында жан-жағына қызыға қарап қарт диқан тұр. Мәйегі төгілген жомарт жердің берекесіне дән риза болған қарт диқан Тілеукеш Кәрібайұлының мұндай мол астықты көргені осы. Бітік егіннің сұйықтау-ау дейтін жері жоқ. “Жыр­тық үйдің құдайы бар” деген ғой. Бұйырса тәуелсіз Қазақстан биыл тағы миллиард пұттан артық астық алар. Мұндай берері мол туған жер­ден айналып кетпессің бе!.. Барлық саналы ғұмы­рын ел ырыз­ды­ғы – астық өсі­ру ісіне ар­наған Тілеукеш отағасы сонау бір сұрапыл отызыншы жылдардың ортасында осы Қарағанды облысы, Ворошилов ауданының Аюлы атты ауылында дүниеге келген еді. Белі бекіп, бұғанасы қатпай жатып сұм соғыстың салған ауыр зардабына тап болды. Бұл жеті жасқа толар-толмаста, 1942 жылы әкесі Кәрібай майданға аттанды. Тұңғышының маңдайынан сүйіп, қимай қоштасқан қайран әке сол бойы қан майданда хабарсыз кетті. “Жұт жеті ағайынды” дегендей,  соғыс салған зобалаңның салдарынан Тілеукештің соңынан ерген үш бірдей іні-қарындастары жастай шетінеп кетті. Жесір мен жетімге қырын қабағын таныт­қан сол заманның барлық қиындығын көре жүріп, Тілеукеш те ержетті. Анасы Биға жалғы­зының жолына барын салғанымен, “қысқа жіп күрмеуге келмейдінің” кері келіп, ауылдағы жеті жылдық мектептен әрі оқуын жалғастыра алмады. 1951 жылы тағдыр талайымен осы Бұқар жырау ауданының кезінде “Калинин” колхозы, кейіннен “Красный Октябрь” кеңшары, қазіргі Ақөре ауылына қоныс аударды. 1952 жылы Тілеукеш он жеті жасында тракторшылар даярлайтын курсты бітіріп, механизатор мамандығын игерді. Жеке трактордың тізгініне ие болған Тілеукеш “тың және тыңайған жерлерді игеру” ұранымен басталған ұлы жорықтың бел ортасынан бір-ақ шықты. Жастайынан ауыр еңбекпен шыңдалған ол тынымсыз еңбек, толымды табысымен көзге түсті. 19 мың гек­тардан астам егіс алқабын игеретін трактор-егіс бри­гадасының белді механизаторына айналды. 1958 жылы атақты тыңгер, тәжірибелі бригадир Федор Боби­ванец еңбекқор да жігерлі жасты өзіне көмекші етіп алды. Осыдан тура екі жыл өткеннен кейін енші алып, жаңадан құрылған трактор-егіс брига­да­сына жетекшілік ете бастады. Содан отыз жылдан ас­там табан аудармай осы трактор-егіс бригадасын бас­қа­рып, ел ағасы атанған Тілеукеш Кәрібайұлы диқан­дық кәсіп шежіресіне айшықты қолтаңбасын қалдырды. Бір шаруашылықта, оның ішінде, бір бригадада жарты ғасырға жуық еңбек етіп, 30 жылдан астам сол трактор-егіс бригадасын басқару сирек кездесетін құбылыс. Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Тілеукеш Кәрібай­ұлы­ның пешенесіне осындай несібе бұйырған. Басқа­сын есептемегеннің өзінде, ол басқарған соңғы отыз жылдың көлемінде бұл трактор-егіс бригадасы еліміздің құт қамбасына 300 мың тоннадан астам бадана дән құйған екен. 300 мың тонна! Айтуға ғана оңай сан. Тілеукеш бас­қарған бригада баптаған егінжай алқаптары “тәуе­кел­ді егіншілік аймағы” деп аталатын жартылай шө­лейт жерге орналасқан. Сондықтан, жыл сайын агро­тех­никалық шара­лар­ды жан-жақты жүргізбесе, себілген дәннен мол өнім алу екіталай. Тілеукеш Кәрібайұлы­ның бригадасы бұл жерден ұзақ жылдар бойы тұрақты түрде жоғары өнім алып келсе, бұл олардың маңдай тер, тынымсыз еңбектерінің арқасы. Өкінішке орай, соңғы жылдары жерге деген көзқарас өзгерді. Ғасырлар бойы халық меншігі болып келген ортақ игілік көрінгеннің қанжығасына байланды, қасиетті Жер-анаға тауар ретінде қарайтын тағылық ындын қалыптасты. Бүгінгі мынау бұлыңғыр заманда қарт диқанды қынжылтатын да осы қатыгездік. Жер қадірін білер азаматтар керек. Тілеукеш Кәрібайұлы осы бір жартылай шөлейт жерлерге жүрек жылуын беріп, жыл сайын баладай баптап, құнарын төмендетпеген талай білікті азаматтарды біледі. Өзі бірге еңбектес болған “Калинин” колхозының басқармалары Темір­ғали Жадаев, Дмитрий Волгов, “Красный Ок­тя­брь” кеңшарының директорлары Мәулет Мәненов, Әбдіхамит Әлімжанов, Назар Мағзұ­мов, жер баптаған диқан-меха­ни­заторлар Яков Гардер, Ораз Мұсаханұлы, Ермек Әділов, Қай­ролла Мәжікеновтер нағыз осындай азаматтар еді. Жер – халық игілігі, ел бай­лығы. Сондық­тан оны көздің қарашығындай сақтап, адами махаббатыңды арнауың керек. Жарты ғасыр жер ба­п­тап, дән өсірген қарт диқан­ның ғұмыр бойғы қағидасы осы. Бұл ұлағатты ол жолын қуған ізбасарларына да жа­лықпай үйретумен келеді. Тілеукештің ісін жалғастырған шәкірттері де баршылық Егемен елдің несібесін арттырған биылғы мынау мол астық – сол өнеге жемісі. Жерге дән өсірген жарты ғасырлық еңбек жо­лын­да ешқандай сын-ескертпе алмаған қарт диқанның кеу­десі толы орден-медальдары да диқан кәсібіне деген азаматтық адалдықтың белгісі. Орден демекші, 1983 жылғы күзгі орақ қорытындысы бойынша, ерен көрсеткіштерге қол жеткізген Тілеукеш Кәрібайұлы Кеңес өкіметінің ең жоғарғы құрметі – “Социалистік Еңбек Ері” атағына ұсынылады. Бірақ, сол кезеңде қазаққа қырын қарайтын облыстың “келімсек” басшылары шешімді өзгертіп жіберген. Бірақ, оған Тілеукеш Кәрібайұлының сағы сынып, жігері жасыған жоқ. Адал еңбегіне берілген Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендері мен бес бірдей медальдарын қанағат тұтып, ел алғысына бөленіп жүре берді. “Алғыс арқалаған азамат азбайды” деген көнелер өсиетін өміріне бағдар қылған қарт диқан құдай қосқан қосағы Ермек Бәкенқызы екеуі мәуелі бәйтеректей ақар-шақар әулеттің киелі темірқазығына айналды. Сыйластығы жарасып, елу үш жыл отау құрған ерлі-зайыптылар жеті бала тәрбиелеп өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қазыналы қарттар 14 немере, екі шөбере сүйіп отыр. Қоңыр күздің салқын самалы егіс алқабын­да ұзақ тұрып қалған қарт диқанның бойын тоңазытты. Тілеукеш Кәрібайұлы қалың ойдан арылып, ауылға беттеді. Алқаптан ала шыққан бір уыс топырақты қайта-қайта алақанында аялап, маңдайына басып, құшырлана иіскеп те қояды. Иә, бар ғұмырын осы бір құтты өңірде жер баптап, дән өсіруге арнаған қарапайым еңбекқор, қарт диқан жер қадірін біледі. Оны осындай дәрежеге жеткізген де осы қасиетті топырақ – жомарт жер. Сондықтан да ол бұл өлкенің тағдыры үшін тебіренеді, көлденең көк аттының меншігіне берілген туған жер құнарын жоғалтып, құлазып қалмауы үшін жаны күйзеле ширығады. Бұл қасиетті топырақтың ырысының ортаймай тұрғаны да осындай қарапайым еңбек адамдарының шынайы тілегінің арқасы болса керек! Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы.