01 Қаңтар, 2017

Жылдың басты жарысы

1917 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
universiada_2017_a-3-12017 жыл тек біздің еліміздің спорттық өміріндегі ғана емес, сонымен бірге, күллі әлемдегі студенттік қозғалыстың тарихындағы ерекше белесті кезең болғалы тұр. Осы жылғы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматыда XXVIII қысқы Универсиада өтеді. Алматы қысқы Универсиа­да­сының бағдарламасына мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, сноуборд, биатлон, шаңғымен жарысу, шайбалы хоккей (әйелдер мен ерлер арасында), керлинг, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жү­гіру спорты, фристайл секілді 12 спорт түрі енген. Жарыстарға әлем­нің 60-қа жуық елінен 2 мың­ға жуық спорт­шы қатысады деп күтіліп отыр. Уни­версиада өткі­зі­ле­тін уақытта 3 мың, оның ішінде көп­теген шетелдік еріктілер оған қыз­мет көрсетуге атса­лысады. Сту­денттер арасындағы спорт ойындары­на 30 мыңға жуық отандық және шетелдік турист келуге тиіс. Ондағы сайыстарды жаһанның 80 еліндегі 1 млрд адам теледидар арқылы тамашалайды. Универсиада – дүниежүзілік студенттік спорт ойындары. Ол – Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) ұйым­дас­тыруымен студенттер арасында өте­тін халықаралық жарыс. Бұл сайыс­тарда әлемнің әр еліндегі жоғары оқу орындарында оқитын 17 мен 28 жас аралығындағы студент­­тер, аспиранттар, докторанттар, сондай-ақ, соның алдында оқуды бі­тірген түлектер өнер көрсетеді. Универсиада 50 жылдан астам уақыт бойы Олимпиада ойындарынан кейінгі екінші ірі халықаралық жарыс болып саналып келеді. Оның іргетасы 1959 жылы Италияның Турин қаласында өткен жазғы Уни­вер­сиада негізінде қаланды. Ке­лесі, 1960 жылы Францияның Ша­мо­ни қаласында қысқы ойындар да өзінің алғашқы арнасын тартты. Ойындар осы кезден бастап әрбір екі жыл сайын өтіп тұратын болып белгіленді. Жарыстың жазғы және қысқы түрлері 1980 жылға дейін әр жыл­дары бөлек-бөлек өтіп келді. Ал 1981 жылдан бастап олар бір жылдың ішінде өте бастады. Студенттік ойындардың бір кезегі кезінде Кеңес Одағында ойналды. Ол 1973 жылы Мәскеуде VII жазғы Ойындар сипатында кереге керді. Ал Алматы ТМД елдері арасынан қысқы Универсиаданы бірінші болып өткізгелі отыр. Бұған дейін, 2013 жылы Ресейдің Қазан қаласында жазғы Универсиада өткізілген болатын. Бұдан кейін, 2019 жылы осы елдің Красноярск қа­ла­сында қысқы Универсиада да ке­руен кереді. Жалпы, студенттік ойындардың шежіресі бізді XX ғасырдың бас жағына, АҚШ-та бірінші мәрте студенттер арасында халықаралық жарыстардың іргесі қаланған 1905 жылға алып барады. 1919 жылы Жан Птижан есімді француз студенттер өмірінің жетекшісі алғаш рет Студенттер конфедерациясын құрды. 1923 жылы Па­риж­де осы ұйымның шеңберінде Дү­ниежүзілік студенттер ойындары өткізілді. Ал 1924 жылы Халықаралық студенттер конфедерациясы атты жаңа құрылым пайда болды. Осы жылы Варшавада жеңіл атлетикадан студенттер ара­­сында бірінші әлем чемпионаты ұйымдастырылды. 1927 жы­лы Римде өткен екінші әлем чем­пионатының бағдарламасына же­ңіл атлетикадан бөлек футбол, теннис, суда жүзу және семсерлесу қосылды. Ал қысқы ойындар бойынша әлем чемпионаты бірінші рет 1928 жылы Италияның Кортина д’Ампеццо қаласында өркен жайды. Бірақ бұл жарыстар Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында, 1939 жылы соңғы рет өткізілді де, көпке дейін, тура 20 жылға дейін тоқтап қалды. Бұл қозғалыс 1947 жылы қайта қолға алынып, Халықаралық студенттер одағы (UIE) құрылды. Бірақ оның шеңберінде өткізілген жарыстарға Батыс елдерінің өкіл­де­рі мүлдем қатыспады десе де болады. Олар осы жылы бұрынғы Халықаралық студенттер конфедерациясы орнына келген Халық­ара­лық студенттер спорты федера­циясы (FISU) қамқорлығына алған сайыстарды ғана мойындады. Ақы­ры 1959 жылы UIE осы одақтың құ­ра­мына кірді. Содан бастап қазіргі сипатындағы Универсиадалар қа­тар­­ға қосылды. Қазақстан студенттері тәуелсіз мемлекеттің өкілдері ретінде бұл жарыстарға 1993 жылдан қатысып келеді. Осы жылы біздің елімізде Студенттер спорты федерациясы құрылды. Сол жылы республика терме жамағаты бірінші рет халықаралық аренада жарыс жолына шықты. Ол поляктың Закопане қаласында өтті. Осы қысқы Универ­сиа­дада Қазақстан хоккей­шілері фи­нал­ға дейін барды. Сөйтіп, олар өз­де­рінің бірінші жарысында-ақ кү­міс медальдың иегерлері атанды. Біздің жасақ жолай кездескен қар­сыластарының бә­рін жеңіп, ақ­тық сында Канада құ­ра­масымен шай­қас­ты. Содан бергі аралықта 12 рет қысқы Универсиада өтті. Қазақ­стан делегациясы солардың бәріне де қатысты. Біздің спортшылары­мыз сол сайыстарда 32 медаль же­ңіп алса, олардың 12-сі алтын, 7-і кү­міс және 13-і қола ме­даль болды. Соның ішінде ұлттық командамыз 2005 жылы Австрияның Инсбрук қаласында қанат жайған ойындарда алғаш рет табысты өнер көрсетті. Осы Универсиадада қазақстандықтар 4 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. 2013 жылы италияның Трен­тино шаһарында көрік қыздыр­ған Сту­денттер ойынынан да қор­жы­­ны­мыз толып қайтты. Мұнда қа­зақ­стандықтар 2 алтын, 2 күміс жә­не 1 қола медальға қол жеткізді. Ал бұдан кейінгі Универ­сиа­да­ның тарихта бірінші рет екі ел­де бөлініп өткізілгені белгілі. Осы­лайша 2015 жылы ол алдымен Словакияның Штрбске-Плесо және Осрблье елді мекендерінде мәр­еден шықса, соңы испанның Гра­нада қонысында көмбеге жетті. Нәтижесінде, біздің студент-спортшылар 5 алтын, 6 күміс медальдың иегерлері атанып, жалпы есепте Ре­сей және Оңтүстік Корея саң­лақ­тарынан кейінгі үшінші орынға та­бан тіреді. Біздің спортшылар арасынан шаңғышы Анастасия Слонова нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Ол ойын­дарда 2 алтын, 2 күміс медаль алды. Алтын жүлдені бұдан басқа биатлоншы Алина Райкова, фрис­тайлшылар Юлия Галышева мен Павел Колмаков әкелді. Жалпы, Қазақстан студент спортшылары осы жылдарда жазғы және қысқы Универсиадаға 700 өкіл болып барып, жиынтығында 125 медаль алып қайтты. Бұдан бірқатар мезгіл бұрын Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасы Сту­дент­тік спорт федерациясы Уни­вер­сиадаға қатысуға үміткерлер тізімі жасалып біткенін жария ет­кен еді. Министр Арыстанбек Мұха­медиұлының мәлімдеуінше, қа­зір­гі таңда аталмыш шараға 227 спо­рт­­шы дайын тұр. Олардың 121-ін жігіттер, 106-сын қыздар құ­рай­ды. Бүгінде олармен жаттық­ты­ру­шы­лар, дәрігерлер, массаж жасаушылар жұмыс жүргізуде. Ал тізімнің ортасында мәнер­леп сырғанаушы Денис Тен, фри­с­- ­­тай­л­шылар Юлия Галышева, Павел Колмаков, Жанбота Алда­бер­­­ге­нова, конькишілер Роман Креч, Станислав Палкин, шорт-тре­к­­­шілер Айдар Бекжанов, Абзал Әжі­ғалиев, Нұрберген Жұ­ма­ғазиев және Денис Никиша секіл­ді еліміздің белгілі спортшылары бар. Осы кездері бұлардың соң­ғы­лары – шорт-трекшілер шын мә­нінде күллі әлемді дүрліктіріп, өз­де­рінің аттарын жалпақ жұрт­қа жақсы қырларынан танытып жа­тыр. Біз мұның жарқын үлгі­­сін соңғы сәттері Оңтүстік Ко­рея­­ның Канныне қаласында мә­реге жет­­кен Әлем кубогының төртін­ші кезеңінен де көрдік. Енді Уни­версиадада қалған спорт түрлері­нің өкілдері де өздерін биіктен көр­сететін шығар деген үміттеміз. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» АСТАНА