Елбасымыз «Мәдени мұра» бағдарламасын қолға алғалы қаншама игіліктің қайнар көзі ашылды. Өткеніміз бен өшкеніміз қайта тірілді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Қазақ елі тағы бір үлкен қуанышқа кенелді. Қазақстанға Кейкі батырдың басы қайтарылды.
Ресейден Кейкі батырдың басын қайтару туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында сенатор, Конституциялық, заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы бастаған бір топ депутаттар осы мәселені көтерген болатынбыз. Сенат отырысында сенатор Серік Ақылбай «Тәуелсіздіктің биылғы 25 жылдығы Қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы көтеріліс Қазақстанның барлық аймақтарын түгелдей қамтыды. Патша үкіметі қазақ халқының бұл көтерілісін басып-жаншу үшін барлық күш-жігерін аямады. Жетісу, Сырдария, Семей, Батыс Қазақстан өңірлеріндегі көтерілістер бұрқ еткенде, Торғай даласында Әбдіғаппар Жанбосынұлы, Амангелді Иманов, Кейкі батыр бастаған көтеріліс те ең ұзаққа созылған ұлт-азаттық қозғалысының бірі болды. Алайда, бүгінгі ұрпақ 1916 жылы болған көтеріліс туралы, оны ұйымдастырушы батырлар жайында толық біле бермейді. Кешегі кеңестік кезеңде де бұл көтеріліс туралы шындық толық айтылған емес. Енді осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Осы көтерілістің даңқты қолбасшыларының бірі, атақты мерген Кейкі батыр өз елі үшін басын бәйгеге тіккендігі белгілі. Батырды қызыл әскер айуандықпен өлтіріп, екі қолы мен басын кесіп алған. Батыр бабамыздың басы әлі күнге Санкт-Петербургте сақтаулы тұр. Бұны еліміз Сыртқы істер министрлігінің сұрауына орай 1995 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігі де жауап хатында растаған. Жалпы, Кейкі батырдың бас сүйегін туған еліне алдыру мәселесі көптен айтылса да нәтиже шыққан емес. Дегенмен, Ұлт-азаттық көтерілістің жүз жылдығына орай батырдың басын қайтарып, туған жеріне жерлеу мәселесін Үкімет қолға алса игі», деген еді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі жетекшілерінің бірі Кейкі батырдың бас сүйегін туған жеріне қайтару мәселесі Ресей тарапымен ұзақ жылдар бойы талқыланған болатын.
Кейкі Көкембайұлы 1877 жылы Торғай уезі, Қайдауыл болысында – қазіргі Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Тасты ауылында дүниеге келген. Бәріміз ол кісінің Кейкі деген атын жақсы білеміз. Ал азан шақырып қойған аты – Нұрмағанбет. Жастайынан саяқтау жүретін болғандықтан жеңгелері «Кейкі» атап кеткен. Шежіреге зер салсақ, ол бес ағайынды болған. Көкембайдан Оспан, Қосжан, Омар, Кейкі және Шұбар туады. Осылардың ішінде бүгінде тек Қосжанның ғана ұрпағы бар. Кеңес өкіметі кезінде Көкембайдың кіндігінен тараған ұрпақтар «банды», «басмашының» туыстары деп айыпталып, тағдыр теперішін көп көрген. Батыр жастайынан өздерімен рулас, Торғай өңіріндегі мыңғырған жылқы айдаған бай Шашамбайдың Рахметі деген кісінің бетке ұстар жылқышысы болған. Ақ патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы түрткі болған азаттық жолындағы күресте Кейкінің батырлығымен қатар құралайды көзге атқан мергендігі кеңінен танылды. Сол көтеріліс кезінде ол мергендер мыңдығын басқарды. Көтерілісшілердің әскеріне А.Иманов бас сардар болып тағайындалды. Кейкі батырдың ерліктері 1916 жылдың күзі мен 1917 жылдың қысындағы Торғай, Құмкешу, Доғал, Үрпектегі және басқа да патшаның жазалаушы әскерлерімен болған шайқастарда анық көрінді. Оның құралайды көзге ататын мергендігі ел аузында аңыз болып қалды.
Торғай жеріне жаңа биліктің өкілі ретінде облыстық комиссар болып келген Әліби Жангелдиннің үгіт-насихатымен Амангелді Иманов пен Кейкі Көкембаев бастаған 1916 жылғы көтерілістің сарбаздары большевиктер жағына шықты. Сол күндерде «Сен ақ жағындасың ба, әлде қызылдарға қарайсың ба?» деп сұраса, «Мен Амангелді қай жақта болса, сол жақтамын», деп жауап қататын Кейкі батыр 1918 жылы 18 наурызда Амангелді Имановпен бірге Орынборда өткен бірінші жалпы қазақ съезіне қатысады. «Бұл съезде Ә.Жангелдин де болды. Съезден кейін ол жақтан Амангелді мен Кейкі жаңа әскери киімде оралды. Бұл киімде олар нағыз үлкен командирлерге ұқсайтын», деп жазады естелігінде сол күндердің куәсі А.Ерходжаев деген азамат. Аталған жиыннан оралысымен Ә.Жангелдиннің тапсырмасымен А.Иманов пен Кейкі батыр Торғай уезінде большевиктердің жергілікті билік органын және қызыл армияның отрядтарын құруға кіріседі. Бірақ, 1919 жылғы сәуір айындағы А.Имановтың және хандық көсемі Ә.Жанбосыновтың жұмбақ жағдайдағы өлімдері батыр өміріндегі үлкен бетбұрыстың басы болды. Кейін
кеңес өкіметі Алаш қайраткерлеріне қарсы қудалау науқанын бастап жүргізгенде Амангелдінің өліміне кінәлілер ретінде алаштықтар ілікті және сол жұмбақ өлім айып болып тағылды. Кейкі бастаған қарулы сарбаздар қос боздақтың өлімінен кейін қайда барарларын білмей аңырды. Билік басындағылардан еш қайран болмасын түсінген олар қаруларын тастамады. Кейкі бастаған сарбаздардың қайта атқа қонуына қызылдардан жөңкіле қашқан Колчактың қалдық әскерлерінің бейбіт ауылдарды тонауы себеп болды.
1919 жылдың жазында Торғай жеріндегі жергілікті кеңес өкіметін құлатып, бар билікті қолына алған алашордалықтар большевиктерге қызмет жасаған Амангелдінің жақтастарын қуғындауды бастаған болатын. Осы мақсатта 20 адамнан тұратын әскери далалық сот құрылды және осы құрыққа «Амангелдінің жақтасы» ретінде Кейкі де ілікті. Алғашқы сәтте жоғарыдағы соттың үкімімен 15 «большевик» санатындағылар атылды. Далалық соттың шешімін орындау үшін В.Кафка мен С.Қаратілеуов бастаған жазалаушы жасақ ел ішіне шығып, «большевиктерге» бүйрегі бұрғандарды қудалауға, қолға түскендерін жазалауға кірісті. Бұған төзбеген Кейкі батыр қол жинап, үзеңгілес серігі А.Имановтың ауылын және туған-туыстарын қорғау үшін аттанады. Орын алып отырған әділетсіздікке қарсы тұруға бекінеді. Батырдың ерлік қимылдары түрлі жыр-дастандарға арқау болды. Осындай жыр-дастандарды ел аралап, алғаш қағазға түсіргендердің бірі академик Әлкей Марғұлан еді. Батырдың кеңес билігіне алғашқы қарсылығы ауыл белсенділерінің сілтеуінен туындады. Оның үстінен жоғарыға жөнелтілген жалған арыз, ақпарлар оны «жау», «банды» деп қуғындауға негіз болды.
Батырдың, шынында, барар жер, басар тауы қалмаған еді. Жаны жаралы батырдың маңайына жазықсыз жапа шеккен, қызылдардан теперіш көрген жарлы-жақыбайлар да топтасты. 1921 жылдың жазында «Кейкі бүлігін» басу үшін Торғайдан арнайы қызыл әскер жасағы шығады. Сарыторғай өзенінің бойында қатты шайқас болады. Кейкі жасағы іргелес жатқан Атбасар уезіне қарасты Бағаналы ауданына ығысады. Кейкінің соңынан ерген халық орталарынан Бағаналының төрт босағасының бірі атанған, атақты Бабырдың немересі Құлсейітті хан сайлайды. Кейкінің көзін жоюға уездік ревкомның бар күшін жұмылдырады. Қарсақпай зауытының алғашқы директоры, Кейкіге қарсы ұйымдастырылған шаралардың басы-қасында жүрген И.Деев өз естелігінде «Жасағы талқандалған Кейкі Қызылорданың қасындағы Телікөл маңына асып, тағы 350 адамға дейін жасақ жинады. Қарсақпай-Қызылорда жолының бойына бекінген Кейкі жүргіншілерді тонай бастады», дей келе, батырдың 1916 жылы Атбасар уезінде құрылған Бағаналы хандығының бас дін басшысы Ахмет ишан Оразаевтың ауылына жақын маңдағы Шұбартөбе деген жерге барып паналағанын жазады.
Торғай және Атбасар уезінің басшылары бірлесе отырып енді оны алдап қолға түсірудің амалына көшеді. Әліби Жангелдиннің атынан қолы қойылып, мөрі басылған жалған хат дайындалады. Аталған хатта батырдың бар «күнәсы» кешірілетіндігі және Торғайдан қызмет берілетіндігі айтылды. Батырға хатты тапсыруға Ахмет ишан таңдалды және Кейкінің сарбаздарымен ишан ауылының маңында қыстап жатқандығы есепке алынды. Жоспарды іске асыру 1922 жылғы наурыздың басына белгіленді. Сөйтіп, Торғайдан Н.Токарев, Қарсақпайдан С.Мағзұтов бастаған қызыл әскер 1922 жылғы наурыздың басында ишан ауылына келіп жетеді. Келіссөз жүргізу үшін Ахмет ишанның үйіне келген жерінде Кейкі қапыда қолға түседі. Жендеттер Кейкі батырды жары Ақжан, інісі Түскенмен бірге айуандықпен өлтірді: батырдың екі қолы, басы кесіп алынды, айы-күні жетіп отырған Ақжанның ішін жарып, нәресте етік табанына тапталды және інісі Түскен де азапталып өлтірілді. Сол заманның бір куәгері С.Искаков өз естелігінде «Кейкінің басын қанжығасына байлап М.Сафарғалиев қалаға кіргенде жұрт таңырқап көруге барды. Бас көше шамына байлаулы тұрды кешке дейін. Оны ілу себебі – Кеңес өкіметіне қарсы шыққандарға осындай өлім деп айбар етілді», деп жазды.
Тәуелсіз еліміздің жас түлектері азаттықтың қазақ халқына оңайлықпен келмегенін білуі тиіс. Осы ретте Кейкі сияқты батырлардың есімдерін ұлықтау, өте маңызды. Ел қорғаған ерлердің лайықты ізбасар ұрпақтарын өсіру – үлкен міндет.
Тарихи жәдігерлерімізді қайта жаңғырту мүмкіндігіне тек қана тәуелсіздіктің, онда да Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында қол жеткізіп отырғанымызды естен шығармауымыз керек. Көрші Ресей елімен достық келісімшартын жасап, өзара сенім мен ынтымақтасудың берік негізін қалаудың нәтижесінде Кейкі батырдың басын қайтарып алдық.
Елбасы айтқандай: «біздің тарихымызда ешқандай да ұялатын нәрсе жоқ». Қайта біз өз ерлеріміздің есімдерін мақтанышпен атап, оларға тағзым етіп отыруға тиіспіз. Осы тұрғыдан алғанда Кейкі батырдың басының елге оралуы – символдық мәні бар үлкен оқиға. Сондықтан, мерейіміз үстем, мәртебеміз қазіргіден де биік болатын күндер алда.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
сенатор
Суретте: венгр ғалымдары реконструкциялаған Кейкі батырдың бейнесі