01 Қаңтар, 2017

Қатерлі дертті дендетпеу үшін...

254 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
sabidБылтыр біздің еліміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінде індетке қарсы жүргізілген іс-шаралар нәтижесі бойынша ЖИТС (жүре пайда болған иммундық тапшылығының синдромы) індетінің шоғырланған кезеңіне енді. Яғни, статистикалық мәліметте әлемдік орташа деңгейдегі көрсеткіш 1,1 пайызды құраса, Қазақстандағы халықтың көрсеткіші 0,2 пайызға тең түскен. Мамандардың айтуынша, бұл салыстырмалы түрде алғанда өте жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар, Қазақстанда 2005-2008 жылдар аралығында антиретровирусты дәрілік заттар Жаһандық қор гранты есебінен үлестіріліп келген болса, соңғы жеті жылдан бері қайтарымсыз қаражат тоқтатылып, ондай міндетті мемлекет толығымен өзі атқаруда. Осы мақсатта ел бюджетінен қанша қаражат бөлініп, ол қалай игерілуде? Жаһандық қордан грант неге берілмейтін болды? 0,2 пайыздық көрсеткіштің «қауқары» қандай, оны қалай түсінуге болады? Көкейде жүрген осы сынды сан сауалымызды Астана қаласы «ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» МКҚК-ның бас дәрігері, әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру бойынша жоғары санаттағы маман Сәбит АБДРАИМОВҚА қойған болатынбыз. Сәбит Бекмағанбетұлы, алдымен ЖИТС туралы қысқаша түсінік беріп, содан соң аталған індетке қар­сы қолға алынып жатқан шаруа­ларыңыз туралы қыс­қа қайырып өтсеңіз... – Өткен жылдың соңғы айындағы деректер бойынша, Қазақстанда 28 840 ЖИТС инфекциясының жағдайы тіркел­ген. Оның ішінде шетел­дік азаматтар 1 788 болса, жасы­рын зерттелгендер саны 599 адам. Сонда қалған 26 453 жан өз отандастарымыз деген сөз. Ал Астана қаласында ағым­дағы жылда 2 162 жағдай тір­келген, оның 2 038-і шет ел азаматтары. Сөйтіп, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш – 11,7 пайызға тең түскен. Енді осы адамдардың аражігін жіктесек, оның 57 пайызы ерлерге, 43 пайызы әйелдерге тиесілі де, жалпы жиынтығын алғанда дертті жандардың 87 пайызы 15 пен 49 жас аралығын құраған. Сондықтан да, аталған індетпен күрес және оған қарсы іс-шара­лар тетігі мемлекеттің негізгі стратегиялық құжаттарында, әсіресе, 2050 жылғы дейінгі Қазақстан Үкіметінің даму стра­тегиясы мен 2016-2019 жыл­дарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың «Ден­саулық» мемлекеттік бағдар­ламасына енгізілген. – Соңғы бірер ай шамасында БДСҰ жариялаған ресми деректе Қазақстанның пайыздық көрсеткіші 0,2 пайызды құрағандығын білдік. Бұл көрсеткішті қа­лай бағалауға болады? – ДСҰ деректері бойынша, індетке қарсы жүргізілген іс-шаралар  нәтижесі бойынша Қазақстан ЖИТС індетінің шоғырланған кезеңіне кіреді. Яғни, әлемдік деңгейдегі орташа көрсеткіш 1,1 пайыз болса, Қазақстанның жағдайы 0,2%. Бұл Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірлеріндегі орташа деңгейден бірнеше есеге төмен. Негізінен, ЖИТС-тің түйінді топтарына жататындар арасында індеттің таралуы 5%-дан аспауы осы дертті төмен­дету бо­йын­ша бағдарлама­ны жүзеге асы­ру­дың нәтижесі болып табы­лады. Сондықтан да, соңғы екі жылда «15-49 жас арасындағы бұқара ішін­дегі ЖИТС инфекциясының таралу» көрсеткіші бойынша Бүкіл­­әлемдік экономикалық форумның ГИК рейтингінде Қазақстанның ЖИТС инфек­циясының таралуы кемінде 0,2% болатын бірінші орынға ие елдер тобына кіруіне мүм­кіндік берді. Міне, осы жер­дегі «бірінші орын» сөзін кей­біреу­лер жете ұғына алмаған секілді. Себебі, бұл жерде 0,2 пайыздық көрсеткіштің төмен болуы біздің жоғары орын­нан көрінуімізге сеп болады. Демек, біздің елде инфек­ция­ның таралу белсен­ділігі төмен деген сөз. – Соңғы жылдары Жаһан­дық қордан Қазақ­станға қайтарымсыз қаражат бөлу тоқтатылып, бағдарлама аясында донорлық қызмет­тің де шектелу себебін қалай түсіндіресіз? – Иә, Қазақстан соңғы екі жылдан бері халықаралық ұйым тарапынан қаржылан­дырыл­майды. 2014 жылға дейін бұл бағдарламалар­ды қаржыландыру донорлық, ЖИТС-пен, туберкулезбен және безгекпен күрес бойынша Жаһандық қор есебінен жүзеге асырылып келген еді. Ал оның тоқтатылуының себебі, қазіргі Қазақстанның халық саны мен оның әлеуеті «ортадан», «жоғары елдер» санатына кіруімен тікелей байланыс­ты. Жалпақ тілмен айтқанда, бұл жағдайымыздың жақсарып, өз мәселемізді өзіміз шеше ала­тын халге жеткенімізді көр­сете­ді. Сондықтан да донор­лық көмек қысқарып, көпте­ген ал­­дын алу іс-шаралары мем­ле­кет тарапынан бөліне­­тін бюд­­жет­тік қаражат есебінен жүзеге асырылуда. Осылай­ша, Қазақ­стан – Орталық Азия елдері арасында ЖИТС инфек­ция­­сымен өмір сүретін па­циент­­тер арасында тегін анти­ретровирусты емдеуді ұсы­­на­тын жалғыз ел ретінде таныл­ды. Естеріңізге сала кетейін, 2005-2008 жылдар аралығында антиретровирусты дәрілік заттарды Қазақстан Жаһандық қор гранты есебінен үлестіріп келген еді. Ал 2009 жылдан бастап мұндай дәрілік заттарды сатып алуды мемлекет толы­ғы­мен өзіне алды. Мәселен, денсаулық сақтауды дамыту­дың мемлекеттік бағдар­лама­сына сәйкес, өткен жылы рес­пуб­ликалық бюджеттен осы мақ­сатқа 3 миллиард теңге бөлінді. – Ал енді бұл қаражат қалай игеріліп, қандай қыз­мет түрлері көрсетілуде?  – Жалпы, өткен кезеңге көз салсақ, ЖИТС-тің алдын алу бағытындағы әртүрлі жұмыс­тар үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен жүзеге асырылған. Осы ҮЕҰ қаржыландыру соңғы жылдары мемлекеттік қаражат есебінен де орындала бастады. Ол үшін мемлекет тарапынан әлеуметтік тапсырыс аясын­да бюджеттік қаржыланды­ру қарас­тырылып, бүгінгі таң­да еліміз­де бұл салада 36 ҮЕҰ қыз­мет көрсетуде. Олар аза­мат­тық қауымдастықтың өкіл­­дері ретінде алдын алу ша­ра­­ларын әзірлеу, жүзеге асы­ру, бағалау және ЖИТС инфек­­циясымен өмір сүретін­дерді күту және оларға қол­дау көрсету шараларына бел­сен­ді қатысады. Ал енді қан­дай қызмет көрсетіледі дегенге келсек, пациенттерге көмектің 11 түрі ұсыныла­ды. Кон­суль­тация, тестілеу, анти­ре­тровирусты терапия, туберкулезді емдеу, шприц­терді айырбастау, ақпараттық-білім беру материалдарын тарату сын­ды қызметтер­­дің кешенді пакеті енгізілген. Сонымен қатар, қанатқақ­ты облыстар дең­гейінде метадонды терапияны қол­дау­шы бағдарлама енгізі­ліп, қазіргі уақытта ол Қазақ­станның 10 өңірінде жұмыс істеуде. Сөйтіп, мемлекеттік тұр­ғыда тиянақты жүргізілген жұмыс­тар нәтижесінде ЖИТС-тен қайтыс болу көрсеткіші соңғы он жыл ішінде 16,1 пайыздан 9,0 пайызға дейін төмендеу үрдісі байқалды. – Ал енді аты жаман індеттің таралуын алдын алу мен анадан балаға берілуін болдырмауға қа­тыс­ты қан­дай жұмыстар жүргі­зілуде? – ЖИТС инфекциясын жұқтырған аналардан туған балалар үшін біз көрсете­тін кешенді көмек қызметіміз­дің ажырамас бөлігі болып табылады. Мұндай шара ЖИТС-пен ауыратын жүкті әйелге ем-дом жасау арқылы дүниеге дені сау баланың тууын қамтамасыз етеді. Бұл күндері аяғы ауыр әйелдерге ЖИТС-ке қарсы екі рет тестілеу жүр­гізуіміздің себебі де осы. Сон­дай-ақ, мұндай дертке шал­дыққан жаннан туған балалар тегін бейімделген сүтпен қам­тамасыз етілетіндігін де атап өткім келеді. Жүзеге асы­ры­ла­тын осындай іс-шара­лар­дың нәтижесінде пери­натал­ды трансмиссияның дең­гейін тоғыз жыл бұрынғы 8,4%-дан 1,9%-ға дейін төмен­дету мүм­кіндігіне ие болдық. – Естуімізше, соңғы он жыл көлеміндегі сіз еңбек ететін салада атқарылған елеулі шаруаның бірі мониторингілеу мен баға­лаудың ұлттық жүйесінің іске қосылуы көрінеді. Осы ұлттық жүйеден ұтарымыз не, оның тиімділігі қандай? – Біз 2005 жылы ЖИТС-пен күресті мониторингілеу мен бағалаудың ұлттық жүйесін іске қостық. Расымен де, егер соңғы онжылдықта еткен еңбегімізді екшейтін болсақ, соның ішіндегі ең елеулісі осы ұлттық жүйенің қызметке кірісуі дер едім. Өйткені, осы қызмет аясында мемлекеттік, қоғамдық, халықаралық ұйым­дар арасында деректер ал­масу үдерісі жүргізіледі. Сон­дай-ақ, Орталық Азияда алғаш рет халықаралық серіктес­тер­дің қолдауымен 2011 жылы нақты уақыт тәртібінде елі­міздің кез келген өңірінде ЖИТС инфекцияның барлық тіркелген жағдайларын эпи­де­миологиялық, клиника­лық және зертханалық дерек­терін жи­науға, сақтауға және тал­дауға әрі оның таралуын бақылауға мүмкіндік бере­тін электронды база іске қосылды. Бұл ЖИТС ин­фек­циясын жұқтырған адам­дарға дер кезінде, толық әрі сапалы бағалау жүргізе оты­рып, дерттің алдын алу іс-шара­ларын жүргізуге және жедел шешімдер қабылдауға зор мүмкіндіктер береді. Әңгімелескен Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»