Өткен жыл біздің еліміздің стратегиялық әріптесі – Америка Құрама Штаттарымен екіжақты қарым-қатынасында кезекті айтулы оқиғамен айшықталды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
2016 жылдың 29 желтоқсанынан бастап АҚШ-қа іскерлік, жеке немесе туристік мақсаттармен баратын қазақстандықтар күші он жылға дейінгі мерзімге жететін америкалық виза ала алатын болды. Визаларды өзара берудің жаңа тәртібі туралы уағдаластыққа Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының сыртқы саясат ведомстволары қол жеткізді.
Бұл өзгерістер енді қазақстандықтарды АҚШ-қа жеке сапармен бару алдында жыл сайын визалар ресімдеу үшін Америка консульдіктеріне бару қажеттігінен құтқаратын болды. Сөйтіп, виза 10 жыл мерзімге беріледі, онда азаматтардың екі мемлекеттің аумағында болу уақытын, ішкі заңнамаларға сәйкес, миграциялық қызметтер айқындайды.
Екі мемлекет азаматтарына виза мерзімін 10 жылға дейін ұзарту туралы келіссөздер, халықаралық-құқықтық өлшеммен алғанда, аса ұзаққа созылған жоқ. Және де бұл мерзім АҚШ тарапының виза берудегі іс жүзінде барынша ең ұзақ мерзімі болып табылады. Ал сөз орайында келіссөздер барысында барлық детальдар бір жыл ішінде келісіліп үлгерілгенін айта кетейік.
Енді Қазақстан Республикасы Америка Құрама Штаттары үшін Қытай, Үндістан, Мексика сияқты өте эксклюзивті стратегиялық маңызды мемлекеттердің бірі болып табылады. Өйткені, мұндай нәтижеге жетуге АҚШ-қа барған қазақстандықтардың сол ел заңдарын қатаң сақтап, өздерін аса жақсы жағынан көрсеткендері себеп болғаны анық.
Визалардың уақыт мерзімін ұлғайту екі ел азаматтарының өзара сапарлар алмасу жағдайларын барынша оңтайландыруға мүмкіндік береді және Қазақстан мен Америка арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық, туристік және тағы басқа салалардағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталып отыр.
Өткен жылдың 25 желтоқсанында Қазақстан мен АҚШ екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанының 25 жылдығын атап өткенін қаперге салайық.