Сыртқы істер министрлігі Білім және ғылым министрлігі мен Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының жиырма жылдығына орай «Ядролық қарусыз әлем» атты мектеп оқушыларының шығарма мен сурет байқауын өткізеді. Байқау жас санаттары бойынша 9-11 сынып оқушылары үшін «Үздік шығарма» атты және 1-8 сынып оқушылары үшін «Үздік сурет» атты екі номинацияда ұйымдастырылады.
Байқау жұмыстарын қабылдау Білім және ғылым министрлігінің территориялық бөлімшелері арқылы 2011 жылдың 23 қыркүйегіне дейін жүзеге асырылады. «Үздік шығарма» номинациясындағы жұмыстарды, сондай-ақ электрондық түрде kazmfa.contest@gmail.com электрондық адреске «ҚР СІМ байқауы» деген атпен хат жолдау арқылы жіберуге болады.
Байқау нәтижелері 2011 жылғы 1 қазанда жарияланады. Жеңімпаздарды Сыртқы істер министрлігінің дипломдары мен жүлделері күтіп тұр. Салтанатты марапаттау рәсімі 2011 жылғы 11 қазанда Астана қаласында Ядросыз әлем үшін форумының қарсаңында өтеді. Байқау туралы толығырақ ақпаратты www.mfa.kz сайтынан немесе 8 7172 72 01 50 телефоны бойынша алуға болады, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.