05 Қаңтар, 2017

Үш қала – үш әлем

376 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
  Қоңыр күздің қысқа ұласар сәтінде қазақ өнерінің шашбауын көтеріп, бар халық іргелі ел екенімізді танытып, өмірлік көршіміз Қытай еліне барған едік. «Бұл заманға жеттік біз!», деп жасын ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров айтпақшы, қазақ қазір төрткүл дүниені түгел көріп отыру өз алдына, сапарлар жасап, тең дәрежеде иықтасып, әңгіме-дүнкен құратын болды. Бұл «Басқаның желкесінде отырған адам астындағы адамның азабын түсіне бермейді» (М.Шоқай) деп сондай азаптан құтылған азат елдің қолы жеткен теңдігінің нәтижесі еді. Бұған өзі болған қыздай шіренбей, шүкір десек, жарасары хақ. Атам қазақтан қалған аталы сөз бар. Ол – көршімен тату болу, яғни, көршімен қарым-қатынасын қалыпты болмаса, бұл дүниені қойып, ол дүниенің сұрауы қиын болады дегенге саяды. Осыны берік ұстанған жұртымыз «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деп ұл-қызының құлағына сіңірумен келіп еді-ау. Қазір бұл қанатты қағида сирексіп қалғанын, есесіне көршіні «көрмейтін» халге жеткенімізді несін жасырамыз. Заман дейміз. Ол өзімізді, төңірегімізді алдаусырату үшін айтатын көңіл жықпас сөз ғой. Болмаса заман жақсы. Заманды қырық құбылтатын адамның айла-қарекеті емес пе? Мемлекеті тұтас, халқы қабырғалы еліміздің қасиетті өнерін, киелі құндылығын бағалаған елдер соны өз жұртына таныстырсақ, табыстырсақ деген ниеттерін әр кез көрсетіп келеді. Жақында сондай әдемі бір іс-шараға куә болдық. Астана қаласындағы ұлт руханиятына жанашыр болып келе жатқан «Мұрат жолы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Думан Аманұлының ұйытқы болуымен бір топ өнер қайраткерлері Қытай Халық Республикасының Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу қалаларында болды. Осы іс-сапардың барлық шығынын Қытай Халық Республикасының елшілігі өз мойнына алды. Бұл тұста, елшісі Хань Хуэй Чжанның көрші елдердің рухани саласы бойынша берік байланыс орнатуға деген ниетінен екенін атап айтқанымыз жөн. Таза өнер өлмейді, ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақтың алтын арқауына айналумен қатар, елдер ортасына дәнекер өнер сапары келіп-кетіп жатқандарды қоспағанда тұрақты тұрғыны 23 миллион болатын  Бейжің қаласында басталды. Қазақстандықтарды Мемлекеттік Ұлттық істер комитетінің бөлім басшысы Фэн Лин қабылдап, екі мемлекеттің берік достығына нақты дәлелдер келтіріп, комитеттің атқарып отырған істерімен таныстырды. 56 ұлт достық аясында жасап жатқанын алға тартып, барлық адамдардың құқығы қорғалып отырғанын, әсіресе, 114 миллионды құрайтын аз санды ұлттарға стратегиялық тұрғыда жасалып жатқан қамқорлықтардан дәлел-дәйектер келтірді. Ол сөз соңында Қытай елінің «Жақын дос алыстан іздеп келеді» деген мәтелін еске салды. Кездесу үстінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты әнші Құрманбек Әлімғазы мен көмейі күміс өнер иесі Риза Қайырбай Мәрия Жагроқызының «Дудар-ай» әнін қазақ, қытай тілдерінде айтты. Бұдан кейінгі сапар барысында көрші елдің арғы-бергі тарихын баян ететін мұражайларда болып, «Қызыл театрда» үш ұрпақтың тағдырын баян ететін қойылымды тамашаладық. Ал Қытай Халық Республикасының Мәдениет министрлігіндегі дидарласуда лауазымды мекеменің департамент басшысы Сей Цин Ин екі ел басшыларының әр жүздесуі берік достықтың үлгісін көрсетіп келе жатқанын, қазақ өнерінің айтулы өкілдері қала халқымен дидарласып жүргенін, Қазақ мәдениетінің де, өнерінің де мазмұны бай екенін алға тартты. Қаршығадай шүйіліп отырып, жас домбырашы темір дәулет Есбайдың «Бөгелегін» мың құбылтып тартқанда, өзге жұрттың өкілдері екі ішек, бір тиектен осынша әуеннің құбылуына керемет құрмет көрсетті. Бейжіңде тарихи орындар өте көп. Бәрі ине-жіптен жаңа ғана шыққандай әрлі де, әдемі. «Біздің бабаларымыз өткен жол, кешкен өмір осындай болған» дегенді аңғартады. Ұлт тарихы, ұлттық болмыс менмұндалап тұрады. Әсіресе, 24 императордың мекеніне айналған, бір замандары «бұрынғы патшалар қаласы» атанған алып кешенді аралап шыққанда барды бағалаумен бірге, болған дүниенің, ғасырлар қойнауынан жеткен құндылықтың ажарын ашып, әрін келтіріп, мемлекет ішіндегі мемлекет ретінде көрсете білудің үлгісі осындай болар. Қаланың 9999 бөлмесі бар деп есептеледі. Жалпы Қытайда тоғыз санын ееркше бағалайтын салт қалыптасқан. Сәулет өнерінің небір түрлері осы императорлар қаласында көп. Әр жерге қойылған төрт құлақты, өрнек салынған тайқазандар көз жылы ұшырайды. Әр ғимараттың алдындағы тұғырға орнатылған екі арыстанның бірінің алдыңғы аяғында жер шары бейнеленсе, екінші арыстанның алдыңғы аяғында бала бейнесі кескінделген. Жер шарын аяғымен ұстап тұрған арыстан еркек есебінде, яғни әлемге иелік ететін ер адам дегенді аңғартса, бала бейнесі – ол ана балаға ие ұрпақтың өсірушісі дегенді сездіреді. Әр қақпа, әр алаңның, әр ғимараттың өз атауы, өз тарихы, кезінде атқарған қызметі – тайға таңба басқандай түсіндіріледі. Бейжің қаласындағы басты алаңдағы туды кешкісін салтанатты түрде түсіріп, күн шапағымен бірге қайта көтеру рәсімінде қала халқы жиналып, оған құрмет көрсетуді өздеріне парыз санайды екен. Бұл Отанды қадірлеу, туды әспеттеу дегенді білдіреді. Аз санды халықтардың ұрпағына жоғары білім беру орталығы саналатын бас қаладағы Ұлттар университетінің студенттеріне қазақ өнерінің айтулы шеберлері концерт берді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әсем үні қазақ даласын жаңғыртқан Бағдат Сәмединова Сейдолла Бәйтерековтің «Сарыарқа» әнін қырандай самғатса, Темір Дулат қазақтың киелі домбырасымен Құрманғазының «Сарыарқасын», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисасын» күмбірлетті. Жастардың сүйікті әншісіне айналған Маржан Арапбаева «Қазақ елі осындайды» шырқаса, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Құрмаш Мақан өзінің «Аңсарым» әнін, Айнұр Әжімолла «Гауһартасты» әуелетті. Қытайдың қай қаласына барсаң да, аспан түстес зәулім үйлер бір-бір тау шыңындай елестейді. Баурайындағы көше бойларын жасыл желек көмкерген. Кейде сол биік үйлерден аспанның өзін көру «мұң» секілді. Бір азамат айтады, қала сыртына шыққан қыз бала аспанды суретке түсіріп жатса керек. «Мұның не десе?», «Далаға көз салып аспанды анық көріп тұрмын» депті. Бұл аңыздай естілгенмен, ақиқаты да жоқ емес. Әсіресе, байтақ даладан барған адамға тас көшеде биік үйлерді ғана тамашалап келе жатқанда шатқалда жүргендей күй кешетінің анық. Тіпті, метроға түскенде ауа жетпей, тынысың тарылады. Сондай сәтте даласы мен көңілі телқоңырдай болып жүретін жұртымыздың арғы-бергі ұрпағының дархандығы есіңе түсіп, көз алдыңа небір әдемі көріністерді көксағым көмкеріп тұратынын қайтерсің? Жымия қарап, ерсілі-қарсылы ағылған миллиард жұрт мұхит толқынындай елестеп кетеді. Өзінше бір әлем саналатын Шаңхай қаласының да өз шаттығы өзінде. Алып қаланың 15 ауданында 27 миллион халық тұрады екен. Өндірісі өркендеген, экономикасы дамыған қалада 40 мың банк жұмыс істейтін көрінеді. Өңірлерге әр жарты сағат сайын бір ұшақ қанат қағады. «Пекинде заңды білсең, Шаңхайда ақшаң болса ғана тұрасың», «Бейжің қырық қатпарлы кітап секілді, оқи біл. Шаңхай бір көргенде ұнайды. Әдемі сурет» деген сөздерді де құлақ шалды. Әлемде магниттік өріспен жүретін пойыз да осы қалада болып шықты. Ол сағатына 430 шақырымды алады. Екпін алып оқтай атылғанда, көз ұшына қарамасаң, жақынды көру мүмкін емес. Шаңхай жұрты бұрын өнім өндіру ісінде сан қуса, енді сапаға үлкен мән беруді үрдіске айналдырыпты. Сыртты қойып, ішкі жұрттың талабын қанағаттандырудың өзі негізгі міндетке айнала бастады дейді жол бастаушы. Машина тығынын азайту үшін кідіріссіз жүруді қанағаттандыру бойынша төрт-бес қабат жол салу басты мақсатқа айналған. 118 қабаттан тұратын 632 метрлік биік үй де Шаңхай қаласынан орын теуіпті. 200 метрден асатын 51 ғимарат бар екен. Тұрғындар жаңа қаланы 20 жыл басқарғандарын айтады. Қала басшылығы халықты жұмыспен қамтуды бірінші кезекке шығарыпты. Тіпті, зейнеткерлердің өзін жұмысқа тарту ісі қолға алынған. Оларға арнайы киім кигізіп, құқық қорғау органдарына көмектесу жайы жүктелген. Қағілез қарттар ертелі-кеш тәртіп сақтау ісіне белсене қатысады. Ал алтын ошақтың үш аяғындай тіректен бой көтерген телемұнара да әдемі. 263 метр биіктіктің 259-шы қабатындағы әйнекті басқыш тіпті керемет. Қаланың төрт бұрышын түгел көресің. Табан астындағы үйлер мен кемелер жүзген өзенге қараған сәтте, бүкіл өн бойың шымырлап, жүректің қағысы жиілейді. Бұл да келушілерді қызықтырудың бір әдемі ойластырылған түрі ма дедік. Телемұнараға кірудіңөзі оңай емес. Көш жерден кезекке тұрасың. Құмырсқадай қыбырлаған жұртпен телемұнараны тамашасын көруге талай уақытың кетеді. Қытай халқы Мао Цзедун айтқан сөзді, яғни Қытай қорғанына бармаған қытай қытай емес, деген қағиданы жандарына түйгендіктен бе, ұлттық құндылықтар жинақталған мекемелердегі жұрттан көз сүрінеді. Ұлттың бет-бейнесін, қол жеткен жетістігін көрсететін байлыққа үңілген үлкен-кішіні көргенде дән риза боласың. Бұл да өзіндегі барды бағалаудың өнегесі болса керек. Гуанчжоу қаласы – Гуандун провинциясының әкімшілік орталығы. 2000 жылдық тарихы бар қаланың аумағы бүгінде 7 434,4 шаршы шақырымды алып жатыр. 15 миллионға жуық халық тұрады. Дегенмен, бұл қалада төрткүл дүниенің барлық жұрты жүргені анық. Себебі. Гуанчжоу әлемге әйгілі жеңіл өнеркәсіп орталығы. Әлемдік фабрика деп те аталады. 100-ге жуық көтерме сауда базарлары, жүздеген мәң фабрикалар, зауыттар, басқа да түрлі кәсіпорындар жұмыс істейді. Қалада жылына екі рет Қытай тауарларының халықаралық жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Гуанчжоудың бір өзінің ғана ішкі жалпы өнімі Түркия, Голландия сияқты мемлекеттердің ішкі жалпы өнімінен асып түседі дегенді естідік. Қала орталығынан Чжуцзян өзені өтеді. Тарихта бір рет те бұл қалаға қар жаумаған екен. Жылдың төрт мезгілінде де жап-жасыл. Ауа райы өте жылы, тропикалық, ылғалды. Әр ауданда сатылатын тауар белгіленіп қойылған. Отандық өнім өндірушілерге жеңілдік жасалған. Шетелдіктерге салық түрі жоғары. Бір замандары Гуандун провинциясы табиғи түрме аталыпты. Күн ыстық, маса-шыбын көп болғандықтан, жазалыларды жазасын өтеу үшін осы өлкеге жіберіп отырған. Қазір қай жағынан алсаң да, бұл провинция елдің мақтанышына айналған. Күріштің өзінен бір жылда үш рет өнім алса, кейбір жеміс ағаштары бес рет жеміс береді екен. Бірақ, бір жақсылықтың бір әттеген-айы болмай қойған ба? Әлгі әлемдік фабрика өзендерді лайлап, тұмса табиғатты бүлдіріпті. Халық суға шомылу үшін 200 шақырым жерге сапар шегеді екен. Енді сол бүлінген табиғатты, лайланған өзенді тазарту жайы елдік іске айналыпты. Миллиондаған тұрғын тұратын қаланың бір ауданы Сунь Ятсен атындағы университет (1924) бастаған жоғары оқу орындары орналасқан қалашық әдемі. Қалашық үйлері онша биік емес, жасыл желекпен көмкерілген. Жаңа дәуір қаласы мен қазір де жұрт тұрып жатқан ескі қаланы сақтап қалу арқылы туризмді жақсы жолға қойыпты. Анау ғасырлардан жеткен бір, болмаса екі қабатты шағын үйлер, ғасырлар қойнауынан сыр шертіп қана қоймайды. Сонымен бірге, сәулет өнерінің үлгілерінен де хабар береді. Гуаньчжоу қаласының маңындағы Байюньшань тауын тұрғындар «қаланың өкпесі» деп атайды. Таудың басындағы жоннан ақ жолақ болып басталатын сарқырама (Ақсу) деп те атайды. Өзіне баурамай қоймайды. Құйылысынан ұшар басына шыққанша, 9999 баспалдақ салынған. Үйдей тастарды ұрып, шатқалда ақ көбік атқан өзеннің жақтауындағы бірде тастан, бірде ағаштан жасалған 9999 баспалдақты басып, төқбесіне көтеріліп қайту әр азаматтың арманындай көрінді. Оған өрлеп бара жатқан, төмен түсіп келе жатқан үлкен-кішінің талпынысы дәйек болғандай. Көбік атқан тау суына шөл қандырып, таза ауасымен тыныстап, біз де біраз жерге дейін бардық. СОнда ойға келгені Алатау мен Алтайдың өзге де тауларымыздағы өзен-көлдерді осылай әспеттесек, туризм түлеп, қазынаға қыруар қаржы құйылары сөзсіз. Ал таудың етегіндегі дәрумен шөп базары тіпті бөлек. Шай орнына қолданасың ба, сырқатыңа ем ретінде пайдаланасың ба – бәрі қағазға жазылып қойылған. Осы күндері ол елде таза табиғаттан жиналған алуан түрлі шөптердің өнімін пайдалану дәстүрге айналыпты. Ішсең шөлің қанады, сарайың ашылады. Алуан түрлі жұпар иіс тынысыңды кеңейтеді. Шіркін, ондай сан түрлі шөп қазақ жерінде де көп қой. Тек құнттай алсақ, өзімізді қойып, өзгенің де қажетін өтер едік. Көп халықты асырау қашанда оңай болған ба? Ол елдің азаматтарымен дағдарыс жайлы ой бөліссең, бізде тұтынушы көп, сырттықойып, ішкі халқымыздың талабы күн санап артып барады дейді. Содан да болар, ол жұрт Абай айтқан мал табудың, тамақ асыраудың жолына еш тосқауыл қоймайды екен. Тірлік ет, сол арқылы өзіңді де, еліңді де байыт деген қағида алға озған. Қытайдағы білім беру ісі бір мақалаға жүк болады. Ол туралы кейін тарата айта жатармыз. Мемлекет бойынша педагогикалық мамандық тегін оқытылады. Колледж де зауыт пен фабриканың қасына орын тепкен. Теория мен тәжірибе ұштас жүргізіледі. Кітаптан оқығаныңды жұмыс ьарысында көрсетуің керек. Алып қаладағы «Garden» қонақ үйінде Қазақстаннан барған өнер шеберлері төрткүл дүниеден келген жұртшылыққа әдемі өнер кешін ұйымдастырды. Оны қазақ теледидары мен радиосының белді де белгілі өкілі журналист Мұхамедияр Рашай жүргізіп отырды. Бағдат Сәмединова «Мен даланың қызымын», «Бегімайдың арманы», «Сезім сыры әндерін» әуелетсе, жаңа дәуірдің талабына қарай әуенді мың құбылтатын Маржан Арапбаева «Туған жерім Қазақстан», «Сен мықтысың», Құрмаш Мақан «Аңсарым», «Кездесу мен қоштасу» әндерін шырқаса, Құрманбек Әлімғазы мен Риза Қайырбай қазақ тілінде де, қытай тілінде де алуан түрлі ән әуездерін төкті. Айнұр Әжіммолла халық әні «Пай-пайды», домбырашы Темір Дулат Нұрқиса Тілендиевтің «Аққуын», Секен Тұрысбеков «Көңіл толқынын» күмбірлетті. Ұлтымыздың інжу-маржанына қонақтар қол соғып қана қоймай, кей тұста ән ырғағын биге ұластырып жіберіп жатты. Мұндай сәтте кім де болса мақтанасың, марқаясың. Осы сапардағы бір аңғарғанымыз көрші елдегі демография жайы еді. Мәселен, Шаңхай қаласында бір қызға төрт жігіттен келу жайы, өзге де елдегі демографиялық теңсіздікке байланысты әр ата-ана екі бала өсіруге құқылы деген қағида өз нәтижесмін бере бастапты. Биылғы жылдың өмірге келген сәбилер саны 17 миллионнан асыпты. Бұл дегеніңіз, бір жылда бір қазақ елінің халқы өмір есігін ашты деген сөз. Ойымызды түйіндей келсек, үш қала – үш әлем десе болар. Әрқайсысының өзіндік сипаты даму қарқыны бар. Бұл алып елдің алып қадамын танытса керек. Ең бастысы көршіміздің халқы ерінбей еңбектенеді. Үлкені де, кішісі де қимыл үстінде жүреді. Содан да шығар аз жылдардың ішінде әлемдік дамудың биігінен өз орнын алып, қарқынды қадамын бір сәтте төмендетпей келе жатқаны. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»