Ол – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, мамандығы – құрылысшы. Қытайда білім алған, төрт тілді жетік біледі. Діттеген мақсатына жету оңай болған жоқ. Талмай тер төкті. Сүрінді, қайта тұрды. Бүгінде 26 жастағы жігіт құрылыс компаниясының бас директоры. Қол астында 2 мың жұмысшы бар. БҰҰ сынды мәртебелі ұйымның бас мінберінен сөйлеген Олжас Сүлеймен хаттама ережесін бұзғанына еш өкінбейді. Себебі, соның арқасында ана тілінің әуезді үнін әлемге естіртті.
– Олжас, бүгінде есіміңіз көпке танылып калды. Аты-жөніңіз қазақтың ақиық ақынымен ұқсастығы сіздің бүгінгі танымалдығыңызға қаншалықты ықпал етті?
– Атам Сүлеймен Олжас ақынның шығармаларын жақсы көретін. «Алла дарын берген мұндай ақындар 100 жылда бір-ақ рет туады ғой!» деп тамсанып отыратын. Менің есімімнің де ақынның құрметіне қойылғаны – атамның ұлы ақынға деген ықыласының белгісі. Ал танымалдылыққа есімім әсер етті дегенге келіспеймін. Менің өз жолым бар. Біздің буын аға буынның жолын ары қарай жалғастырады.
– Олжас ақынмен жүздесе алдыңыздар ма?
– Мен 8 жылға жуық уақыт сырт жерде жүрдім. Реті келгенде Олжас ағамен кездесулердің бәріне баруға тырысатынмын. Бірақ «Мен де Олжас Сүлейменовпін» деп алдына баруға жүрексіндім. Ішкі даусым «Бұл есімді саған берді. Ал өзің Олжас Сүлейменов болып даралана алдың ба?» деп қарсылық білдіріп тұратын. Кейін Біріккен Ұлттар Ұйымында қазақ тілінде баяндама жасағаннан кейін елге келгенімде, кездесудің сәті түсті. Ақиық ақын мені бауырына басып тұрып, «Олжастар мықты болуы керек» деді.
– БҰҰ мінберінен қазақ жастарының атынан сөз сөйлеу бақыты сізге бұйырыпты. Экология тақырыбын қозғадыңыз. Жалпы, жаһандық тұрғыда алып қарайтын болсақ, Қазақстанда экологиялық мәселе соншалықты күрделі емес сияқты...
– Келісемін. БҰҰ-да Африка, Мексика сынды елдерден келген жастар баяндама жасап, күрделі экологиялық мәселелерді көтерді. Менің баяндамам Астанада «Болашақтың энергиясы» атты тақырыппен өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Қазақстанға маңызы туралы болды.
Жалпы, елімізде жүргізіліп отырған дұрыс саясаттың арқасында Қазақстандағы экологиялық ахуал соншалықты күрделі емес. Дегенмен, Қытайдағы ауаның ластану деңгейі өте жоғары болғандықтан, іргелес көршіміз ретінде бұл бізді де алаңдатпай қоймайды. Екі жылым Бейжіңде өтті. Аспаны қысы-жазы сұп-сұр. Түтіннен бұлт та, жұлдыз да көрінбейді. Ғалымдардың айтуынша, Бейжіңде бір күн ауа жұтқаның 21 тал темекі шеккенмен тең екен. Осыдан кейін-ақ денсаулыққа қаншалықты зиян келетінін елестете беріңіз.
Қоршаған орта мəселесі бүгінде бүкіл əлем үшін өзекті. Біздің елде өткелі жатқан ЭКСПО-2017 көрмесіне көп мемлекеттердің қызығушылық танытып отырғаны сондықтан. Қазір Қазақстанда экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған біраз жұмыс жасалып жатыр. Өндіріс саласы қолға алынып, «Made in Kazakhstan» жобасы дамып келеді. Осындай кең көлемді жобаларды дамыта отырып, экологияны ластамау жағын да назарда ұстау керек.
– Қытайда 10 мыңға тарта қазақстандық студент бар екен. Қазақстандық студенттерден құралған ұйым, қауымдастықтардың белсенділігі қалай?
– Қазір шетелде оқып жатқан қазақстандық студенттер қауымдастықтары Еуропа елдерінде, АҚШ-та, Ресейде бар. Қытайдың Сиань қаласында – «Алтын орда», Бейжіңде – «Жас қыран», басқа да шаһарларда түрлі студенттік ұйымдар құрылған. Араға біраз уақыт салып, сол ұйымдарды бір логотип аясына біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдырсақ деген ниетпен Сиань қаласында құрылтай ұйымдастырдық. Қытайдың əр аймағынан келген қазақ студенттері бір бағытта жұмыс істейтін ұйымды Шанхайда болған екінші құрылтай кезінде нақтыладық. Наурыз мейрамын, Тəуелсіздік тойын бүкіл қала көлемінде дүркіретіп тойлайтындай деңгейге жеттік.
– Осыдан үш жылдай бұрын қазақ студенттерінің көмегімен Бейжіңде қазақ орталығы ашылғанынан хабардармыз. Ол ұйым қалай жұмыс істеп жатыр?
– Ірі мемлекеттердің барлығы əлемнің əр түкпірінде өзінің ізін қалдырғысы келеді. Мəселен, Түркияның қаншама елде мектеп-лицейі бар?! Қытайлар да жан-жақта Конфуций институттарын ашып алған. Қателеспесем, Қазақстанда да 4 Конфуций институты бар. Оның біреуі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде. Міне, ақылды ұлт осылай дамиды. Біздің де осы Бейжіңдегі орталықты ашудағы басты мақсатымыз сол болған. Қазақ халқы озық ойлы ұлт ретінде әлемнің кез келген нүктесінде өз қолтаңбасын қалдырса екен деймін. Соған өз үлесімді қосқым келеді.
Қазір «Болашақ» бағдарламасынан бөлек, ата-анасының қаржысымен оқып жатқан қазақстандық студенттер жетерлік. Қолымызда нақты дерек болмағасын, олардың қаншасы қалып қойғанын, қаншасы елге оралғанын білмейміз. Есепте ешкімге есе жібермейтін, техниканы тынысына балайтын қазақтың да дарынды жастары аз емес. Тек біздің қоғамда олардың есімдері атала бермейді. Әлемнің математиктер қауымы Данияр Кәменовті «Әлемнің үздік математигі» деп мойындалғанда 16 жаста еді. Ол отыз жыл бойы шешімі табылмаған австриялық Вальтер Яноустың теңсіздігін дәлелдеп шыққан. Мәселен, АҚШ-тағы Массачусетс технологиялық университетінің ғылыми қызметкері Қуат Есенов, Калифорниядағы Oracle компаниясында инженер әрі менеджер Нұржас Мәкішев, Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы генетикалық институттың ғылыми қызметкері Әсем Сапарханова, Ресейдің ең жас ректоры атанған, Алферов қорының атқарушы директоры Ерлан Ысқақов, Мәскеудегі Физикалық-химиялық медицина ғылыми-зерттеу институтының медициналық нанотехнология зертханасының жетекшісі Қуат Момынәлиев, поляк студенттеріне дәріс оқитын Гүлайхан Ақтай, Жапониядағы хирург-онколог Айсұлу Жүсіповалар – ұлтымыздың мақтанышы. Бүгінде шетелде жүрген осы тектес «қазақтың миын» сақтауға мүмкіндік бар. Оларды өз елімізге қызмет етуге тарту керек. Қазақстандық жастардың оқуы қашан бітеді деп күтіп отырмай, оларды бүгіннен бастап өзара ұйымдастырып, Қазақстанға жаңа ой-идеяларды әкелуге жұмылдыру қажет. Осыны жастардың өздері сезген болуы керек, осыдан екі жыл бұрын шетелде қазақстандық студенттердің сан алуан ұйымдарын құруға белсене кірісті. Әрине, шетелдегі қазақстандық жастардың ұйымдарына мемлекеттің қолдауы да қажет. Себебі, онсыз өзге мемлекеттердің саясатына төтеп беру қиын. Ал қалғанына олардың жастық амбициясы жетуі тиіс.
– Сенде қазақ студенттерін өзгелермен салыстыру мүмкіндігі болды. Қазақ студенттерінің деңгейі қандай?
– Байқағаным, қазақ жастарында көшбасшылық қасиет аздау. Біздің тағы бір кемшілігіміз – өз-өзімізге онша сенбейміз. Мен бұл үшін жастарды кінәлаудан аулақпын. Жастарымыздың бойындағы сенімсіздік – уақыт таңбасы. Аға толқын мықты мемлекеттің ірге тасын қалады. Шекарасын шегендеп берді. Енді қазақты озық ойлы ұлт ретінде әлемге таныту, қазақ брендін қалыптастыру – біздің толқынның міндеті.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Гүлбаршын САБАЕВА
АЛМАТЫ