Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде осы ведомствоның Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Қамаловтың қатысуымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» атты бірінші бағытын іске асыру барысы туралы брифинг өтті.
Б.Қамалов Ұлт жоспарына сәйкес мемлекеттік қызметті жаңғырту толыққанды жүзеге асырылып жатқандығын ерекше атады. Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік қызметтің меритократия және ашық конкурстық іріктеу қағидасына негізделген мансаптық моделі енгізілген. Тарқатып айтқанда, ішкі конкурс қорытындысы бойынша жоғары лауазымға 403 қызметкер лайық деп танылған. Жаңа модель ауысу тәртібіндегі конкурстық емес тағайындауды азайтуға мүмкіндік берген. Соның нәтижесінде, 2015 жылы 1012 ауыстыру орын алса, ал 2016 жылы жергілікті атқарушы органдарда 6 ауыстыру жүзеге асыпты. Ауыстыру мен кадрлық резерв институтының күшін жоюы нәтижесінде облыстағы мемлекеттік органдар кадрларының тұрақтамауы айтарлықтай азайған көрінеді.
Мысалы, өткен жылы жергілікті атқарушы және өкілдік органдарының мемлекеттік қызметкерлерінің таза ауысымы 247 адамды құраған. Облыс бойынша 3874 лауазымға конкурс жүргізілсе, соның ішінде 1721 лауазымға жалпы конкурс өткізілген. Сонда осы конкурс қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметке әр түрлі саладан 1113 адам қабылданып отыр. Департамент бастамасы бойынша облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, азаматтардың қолайлылығы үшін ыңғайлы «Мемлекеттік қызмет» атты мобильдік қосымшасы жасалып, қолданысқа енгізілгендігінен хабардар еткен Б.Қамалов, бұл мобильдік қосымша Қазақстан Республикасының заңдарымен танысуға, сынамалық тестілеуден өтуге және мемлекеттік қызметке түсу тәртібі туралы толық ақпаратпен танысуға мүмкіндік беретіндігін де тілге тиек етті. Өткен жылдың қыркүйек-қараша айлары аралығында аталған мобильдік қосымша 10 000-ға жуық қолданушымен жүктелгендігі белгілі болып отыр.
Сондай-ақ, Б.Қамалов Ұлт жоспарының 13-қадамын іске асыру туралы айта келіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң алдын алу технологияларын қолдануға мүмкіндік бергендігін де алға тартты. Атап көрсеткенде, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру, мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдаумен байланысты. Департамент тарапынан мемлекеттік мекемелердің жұмысына 8 рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және 23 сыбайлас жемқорлық тәуе-
келдеріне сыртқы талдау жасалған екен. Соның нәтижесінде 214 сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталып, мемлекеттік мекемелер басшыларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою туралы 303 ұсыным енгізілсе, соның 60 пайызы орындалыпты.
Сонымен қатар, департамент басшысы мемлекеттік қызметшілердің жұмыс немесе жұмыстан тыс кезіндегі мінез-құлықтарын реттейтін Әдеп кодексін сақтау туралы да баяндап өтті. Бұл орайда Тәртіптік кеңестің 8 отырысы өткізіліп, 29 тәртіптік іс қаралған. Кеңес ұсынымдарына сәйкес 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылса, оның ішінде 9-ы мемлекеттік қызметке кір келтірген теріс қылықтары және 7 адамның қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны анықталып отыр.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»