Парламентте талқыланатын, қабылданатын заңдардың өміршеңдігі депутаттардың елдің тыныс-тіршілігіне қаншалықты қанықтығына тікелей байланысты. Жұрт жағдайын жақсы білмей, бүгінгі ахуалдың тамыр бүлкілін толық сезінбей мемлекет дамуына ерекше үлес қосатын заңдарды қабылдай салуға болмайды.
Сондықтан, депутаттар өңірлерге жоспарлы түрде сапарға шығып, сайлаушылармен кездесіп, оларды толғандырып жүрген мәселелерді тыңдап, қажетті қорытынды шығарып отырады. Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Сауытбек Абдрахманов жаңа жылдағы алғашқы жұмыс күнін Қызылорда облысынан бастап, аймақтағы ең шалғайда жатқан Арал ауданына арнайы ат басын тіреді.
Арал халқымен кездесуінде халық қалаулысы сөз тиегін жақында ғана «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Елбасы армандаған Арал» атты тағылымды мақаланы арқау ете отырып бастады. С.Абдрахманов осы замандағы жаһандық экологиялық апат ретінде танылған Арал мәселесін шешудің кілтін тапқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін алға тартып, өңірде атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Тартылып кеткен теңіздің бұрынғы арнасына жақындап, балық шаруашылығының қарқынды дами бастағанын, экологияның жақсаруына орай мал басының анағұрлым артып, халықтың әл-ауқаты едәуір өскенін атап айтты. Мәжіліс депутаты әлемдегі жалпы ахуал, еліміздегі жағдай, Елбасының бастамасымен қолға алынып, жүйелі түрде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар жайында әңгімелеп, Парламенттегі заң шығарушылық жұмыстың жай-жапсарынан жан-жақты хабардар етті.
Сонымен қатар, жұртшылықтың көптеген сұрақтарына жауап берді. Бір қызығы, депутатқа сұрақтар мен ұсыныстар екі сағаттық кездесуге қатыса алмаған азаматтар тарапынан да жазбаша түсіп, қосымша ауызша айтылып жатты. Олардың бірі – Серік Әбдуәлиев: «Мен кездесуге жарты сағат кешігіп келіп, сыртта отырып мына жағдайларды жазуға кірісіп кеттім» деп басталатын төрт беттік жазбасында Парламентте қозғалса, көтерілсе орынды болар еді деп санайтын бірнеше мәселені баян еткен.
Мұнан соң аудандық балықшылар мұражайы мен Ә.Нұрпейісовтің шығармашылық үйінің жұмысымен танысып, «Соңғы парыз» романы кейіпкерлерінің ескерткішін тамашалаған Сауытбек Абдрахманұлы Қазалы ауданына барды. Мұнда Қазалы көлік-техникалық колледжінің жұмыс барысымен танысып, Қазалы аудандық әкімдігінде сайлаушылармен жүздесті. Халық пен депутат арасындағы диалог тек саяси, экономикалық, әлеуметтік бағытта ғана өрбіп қойған жоқ. Мысалы, С.Абдрахманов Орталық комитетте мәдениет секторының меңгерушісі, Мәдениет министрінің бірінші орынбасары секілді қызметтерді атқарған кезінде қазақ әнін әлемге танытқан өнердің жарқын жұлдызы Роза Бағлановамен аралас-құралас болған. Кездесу барысында өткен күндерден де әдемі естелік айтылып, қызғылықты жайлар тартымды әңгіменің өзегіне айналды.
Мәжіліс депутаты өңірге сапары барысында Қызылорда облысының барлық аудандарын аралап шығуды жоспарлап отыр.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы