05 Қаңтар, 2017

Ұлттық музейде әскери тақырыпта фотокөрме ашылды

114 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ұлттық ұланның ұзақ жылдар бойы фототілшісі міндетін мінсіз атқарған Вячеслав Гельблингтің Ұлттық музейде жеке фотокөрмесінің ашылуы салтанаты өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған  бұл шара әскери тақырыпқа арналған көрме ретінде елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылды. Тәуелсіздік жылдарында Ұлттық ұланның ел тыныштығын қорғаудағы ерен еңбегі мен даңқты жауынгерлік жолы фотосуреттер арқылы әртүрлі басылымдарда оқтын-оқтын жарияланып жатты. Өйткені, тасқа басылып, шежіре ретінде қатталған баспа беттеріндегі фотосуреттер мен репортаждар өзге де шығармашылық туындылар өз заманының тынысынан хабар беретін. Бұл бағытта соңғы 15 жыл ішінде әскери фотошежіренің қалыптасуына елеулі үлес қосып, өзінің кәсіби шеберлігімен қолтаңбасын қалдырған кәнігі фототілші, запастағы прапорщик Вячеслав Гельблингтің ерен еңбегін ескермеу мүмкін еместей. «Апта бойы көрермен назарына ұсынылатын фотокөрмені ұйымдастырудағы негізгі мақсат – әскери қызметкерлерді рухани тұрғыда тәрбиелей отырып, азаматтардың ішкі мәдениеті мен сана-сезімін ояту әрі дамыту болып табылады. Сонымен қатар, Отан қорғаушылардың бойына патриоттық рухты сіңіруде әскери фотожурналистиканың маңызы зор екендігін көпшілікке ұғындыру еді», – деді салтанатты шараның ашылу рәсімінде сөз алған Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқық жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов. Негізінен, құқықтық тәртіп әскерінің бас фототілшісі Вячеслав Гельблингтің объективінен тыс қалған әскери өмірдің көріністері некен-саяқ. Ол түсірген фотосуреттердің көпшілігі көрермен көзайымына айналып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген. Бұл сөзімізге оның жеке мұрағатында сақталған бір миллионнан аса фотосуреттің ашылмаған сырлары айқын дәлел бола алады. Ал олардың барлығы дерлік мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі шаралар кезінде ел мен Ішкі әскердің, Ұлттық ұланның бірінші тұлғаларының, сондай-ақ жауынгерлік қызметтің тыныс-тіршілігінен хабар береді. Тәуелсіздік таңындағы айтулы оқиғаларды паш ететін осындай фотосуреттер ішінен іріктеліп, көрмеге қойылған 54 туынды әрқилы тағдырды арқау етеді. Оның түсірілу тарихынан бөлек, жұртшылық назарына ұсынудың өзі асқан мұқияттылық пен жауапкершілікті жүктейді. «Суреттерімнің ішінде өзіме ерекше ұнайтыны «Братишки» деп аталатын туындым. Өйткені, әскер қатарында қызмет етіп жүрген буындар арасындағы сабақтастықтың сақталуына қатысты ой айтылатын бұл туындым Мәскеуде өткен халықаралық фотоөнер апталығының «Өмір» және «Адамдар» номинациясының жеңімпазы (2013 ж.) атанған. Қас-қағым сәтте қағып түсуі тиіс картинада бейненің мазмұндық жағынан ашылуы мен оның берілу формасы да өте сәтті шыққан секілді», – дейді автор. Айта кетейік, Вячеслав Гельблинг Қарулы Күштердің 10 жылдығына арналған «Армия – туған жер мен елдің құрыш қамал қорғаны» тақырыбымен өткен фото байқаудың лауреаты. Ал «Ұлттық ұлан Тәуелсіздік күзетінде» деген атаумен ұйымдастырылған көрме 12 қаңтарға дейін жалғасатын болады деп күтілуде. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»