05 Қаңтар, 2017

Желтоқсанда күнкөрістің ең төменгі деңгейі 21 513 теңгені құрады

257 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
2016 жылғы желтоқсанда күнкөрістің ең төменгі деңгейі 21 513 теңгені құрады, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігі. «Негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларынан есептелген орта есеппен халықтың жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 2016 жылғы желтоқсанда қарашамен салыстырғанда 1,7, ал 2015 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 8,6 пайызға жоғарылады. Оның құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығыстардың үлесі 21, сүт, май және тоң май өнімдері мен жұмыртқаға  17,8, жемістер мен көкөністерге  9,5, нан және жарма өнімдеріне  8,9, қант, шай және дәмдеуіштерге  2,8 пайызды құрады», - делінген ҚР Ұлттық экономика министрлігі таратқан ақпаратта. Айта кетейік, ең төменгі күнкөріс деңгейі  мөлшері бойынша ең төменгі тұтыну қоржынының құнына тең, бір адамға қажетті ең төменгі ақшалай табыс. Ең төменгі тұтыну қоржыны адам тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құндық көріністегі ең төменгі жиынтығы болып табылады. Ол азық-түлік қоржынынан және азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтерге жұмсалатын шығыстардың бекітілген үлесінен тұрады. Күнкөрістің ең төменгі деңгейін есептеуге арналған аз тұтынылатын азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың үлесі ең төменгі тұтыну қоржыны құнының 40 пайыздық мөлшерінде белгіленген.