Ұлыбритания бұқаралық ақпарат құралдары әлемдік медиада өзіндік қолтаңбасын әлдеқашан қалдырып үлгерді. Кей елдер, тіпті, Британия медиасын сөз бостандығын сақтаушы ретінде үлгі тұтады. Осы орайда, аталған елдің БАҚ саласы қалай тыныстап жатқанына үңілген едік. Енді аз-кем сол жөнінде әңгімелеп көрелік.
Ұлыбританиядағы телевизия саласы екі бағытқа негізделген. Бірі – БиБиСи секілді қоғамдық басқаруға негізделген болса, екіншілері – пайда табуды көздеген. Ағылшындар үшін BBC бір төбе, қалған арналар бір төбе. Тіпті, табысы мол Sky арнасы да «Тұманды Альбион» тұрғындарының арасында дәл BBC-дай беделді емес. Мұның басты себебі – аталған арнаның ұстанымында. Сонау құрылған кезден бері БиБиСи халыққа қызмет етуді, шынайы ақпарат жеткізуді, оқиғаны қисынды баяндауды мақсат тұтқан. Кез келген ағылшын үшін ақпараттың ең сенімді көзі – осы арна. Енді ше, БиБиСи-де ақпараттың анық-қанығын тексеретін арнайы бөлім бар. Онда отырғандардың қырағы көзінен жасырып, өтірік жаңалықты өткізіп жіберу мүмкін емес. Оның үстіне, BBC дербес, ешкімнің айтқанына көніп, айдауына жүрмейді. Тізгінін Джон Рейт ұстағаннан бастап корпорация әрдайым дербестігін сақтап келеді. Тіпті, Черчильдің өзі Рейттің командасын «сарай бұлбұлы» етуге шамасы келген жоқ. Алайда БиБиСи билікті әрдайым сынап отырды деу де әбестік. Жоғарыда айтып өткеніміздей, корпорацияның мақсаты – оқиғаны қисынға сай өрбітіп, көрермен мен тыңдарманға ұсыну. Осы принципті берік ұстанған BBC 1926 жылғы жаппай көтеріліс кезінде бейтарап болуға тырысқанымен, үкіметті ара-тұра жақтаған-тұғын.
Ал Ирактағы соғыс кезінде (2003) биліктің жіберген кемшіліктерін жиі-жиі сынап отырды. БиБиСи-дің бейтарап журналистикадан гөрі, қисынға негізделген медианы ұстануының өз астары бар. «Израиль әскері Палестина лагеріне танктермен басып кіргенде, біз оларға микрофон ұсынбаймыз. Керісінше, біз оларды айыптаймыз» деп The Independent газетінің журналисі Роберт Фиск айтқандай, BBC әділетсіздік көргендер тарапына болысып, адамгершілікке қарсы әрекетті сынап отырады.
Әйтсе де, БиБиСи-ді 100 пайыз биліктен тәуелсіз деп айтуға келмес. Корпорация лицензия ақысына күн көреді. Яғни, ағылшындар арнаны көру үшін арнайы ақша төлейді. Ал сол лицензия құнын бекітетін мекеме – Британия парламенті. «Лицензияның ақысын түсіріп-көтеру арқылы үкімет БиБиСи-ге сөзін өткізуіне мүмкіндігі бар. Алайда олардың бұлай жасауы да, оған корпорацияның көне қоюы да неғайбыл. Себебі, британ парламенті солшылдар мен оңшылдардан тұратындықтан, бір-бірінің БиБиСи-ге сөзі өтіп кетуден қорқады», – дейді 20 жыл аталған арнада қызмет еткен Джуди Стампер. Бір қызығы, BBC-ді ақысыз-ақ көруге де болады. Кез келген теле қабылдағыш арна толқынын ұстай алады. Сөйте тұра ағылшындар лицензия ақысын төлемей, «тапқырлық» танытып кетуді өте ұят тірлік санайды.
БиБиСи Ұлыбританиядағы ең көп қаралатын телеарна болғанына қарамастан (33%), корпорацияның пайдасы – 5,1 миллиард фунт стерлинг. Бұл – «Тұманды Альбиондағы» екінші көрсеткіш. Британ телекорпорациялары арасында табысы ең көп – Руперт Мердок басқаратын Sky арнасы (£7,6 миллиард). Мақсаты коммерцияға бағытталғандықтан, бұған таңғалатын ештеңе жоқ. Англиядағы бүкіл спортты осы Мердоктың компаниясы жаулап алған. Руперт мырза – Ұлыбританиядағы медиа магнаттардың бірі. Мәселен, ол басқаратын News UK компаниясы ақпарат айдынының 33,53 пайызын еншісінде ұстап отыр.
Британия баспасөзі қанша жерден тәуелсіз болғанымен, таралымы көп газеттер санаулы ұйымдардың қолына шоғырланған. Ұлттық баспасөздің 70 пайызға жуығы алпауыт 3 компанияға тиесілі (News UK, DMGT and Trinity Mirror). Жергілікті басылымдардың 70 пайызы 5 компанияның бақылауында. 2013 жылғы зерттеу бойынша (Audit Bureau of Circulations), Ұлыбританиядағы күнделікті негізгі басылымдар 6 компанияға тиесілі. Daily Mail and General Trust-тың қоржынында да аудиторияның қомақты бөлігі бар (22,67%). Одан кейінгі орында Northern & Shell (13,41%) мен Trinity Mirror (13.09%) компаниялары тұр. Telegraph Media Group аудиторияның 6,93 пайызын иеленсе, ресейлік олигарх Лебедевтің компаниясына 4,73 пайыз тиесілі. Pearson (3,23%) және Guardian media Group (2,41%) компанияларының иелігі өте аз. Ал радио саласында БиБиСи толықтай билікке ие. Медиа реформасы коалициясының 2013 жылғы мәліметі бойынша, радио нарығының жартысынан көбі (53%) осы BBC-дің меншігінде. Қысқаша айтқанда, Британия медиасына алпауыт корпорациялар иелік етеді. «Төртінші биліктің» мұндай жағдайы біршама келелі мәселе туындатып отыр.
Ұлыбритания журналистикасында күн тәртібінде тұрған бірнеше мәселе бар. Ең біріншісі – аудитория мен жарнамадан түсетін табыстың азаюы. Интернеттің тез тарауы «Тұманды Альбионның» баспасөзіне оңай тиген жоқ. Газеттер шығынын азайтуға бар күшін салып жатыр. The Independent секілді кейбір басылымдар онлайн нұсқаға түгелдей көшсе, келесісі қаржылық дағдарыстан шығудың басқа жолдарын қарастыру үстінде. Мәселен, the Guardian газетінің бұрынғы басшысы Алан Расбриджер басылымның шығынын азайтуды өзінің жалақысын кемітуден бастаған. Сөйте тұра, күн сайын аталған газетті шығару The Guardian news and media компаниясына 100 мың фунт стерлинг шығын әкеліп отыр. Metro және The Evening Standards секілді таблойдтар, тіпті, тегін таратылып, жарнамаға ғана арқа сүйейді. Экономикалық қиындықтар БиБиСи-ді де айналып өткен жоқ. Британның бетке ұстар корпорациясы кейбір шетелдік қосындарын жауып, келесі елде толықтай фрилансерлермен жұмыс істейді.
Англия «төртінші билігі» қаржы тапшылығымен күресіп, аудитория жинаудың тағы бір жолы ретінде жеңіл-желпі, қоғамды қызықтыратын тақырыптарға қалам сермеп жүр. Жалпы, батыс медиасы ақпарат түрін екіге бөліп қарастырады. Бірі – «маңызды жаңалықтар». Яғни, қоғамның игілігі үшін керекті, саяси-экономикалық тақырыптар. Екіншісі – «жеңіл ақпарат». Бұл санатқа спорт, шоу-бизнес секілді салалар жатады. The Guardian секілді сенімді басылымдар он шақты жыл бұрын жеңіл ақпаратқа ары кетсе 2-3 бет бөліп жүрсе, бүгінде оның көлемін ұлғайтқан. BBC де осындай тәсілді қолданып жүргеніне біраз болды. Ал Sky секілді коммерциялық арналар әу бастан жеңіл ақпараттың арқасында табыс табады. Таралымы ең көп Sun басылымы (орта есеппен күніне 1,8 миллион дана) да осыған негізделген. Кейінгі кезде журналистер де, академиктер де мұндай трендтің түбі жақсылыққа апармайтынын айтып дабыл қағып жатыр.
Осы секілді жеңіл-желпі ақпараттын көбеюі Англия медиасындағы келесі мәселеге себеп болып жүр. Ол – ағартушылық журналистикасының азаюы. Джон Корнер, Грег Фило секілді беделді профессорлар жеңіл-желпі ақпарат қоғам үшін дәл саяси-экономикалық жаңалық секілді маңызды еместігін айтады. Грег Фило мен Майк Берри «Израильден жеткен қаралы хабар» атты кітабында ақпараттың бір жақты таратудың қарапайым халыққа теріс түсінік беретінін дәлелдеп шыққан. Мәселен, жоғарыда аталған профессор Фило мен Маурин Гилмоур студенттерден Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында неміс әскерін кім талқандап, жеңіске көп үлес қосқанын сұраған. Америкалықтардың 65%-ы, ал британиялықтардың 48%-ы аталған сұраққа қате жауап берген екен. Академиктер, журналистер пен профессорлар осылай жиі-жиі медиа саласындағы жіберілген қателіктерді саралап, анықтап отырады.
«Тұманды Альбионның» БАҚ-тары мұндай сындарға түсіністікпен қарап, келешекте сондай кемшілік жіберіп қоймауға тырысатыны тағы бар. Алда-жалда байқамай жалған ақпарат таратып қойса, аудиториясынан кешірім сұрап хат жазады. Мәселен, сондай жағдай 2004 жылы Daily Mirror газетінің басынан өтті. Соның алдында ғана аталған басылым Ирактағы британ әскерінің түрмеде қамалғандарға зорлық көрсетіп жатқаны деп сурет жариялаған-тұғын. Кейінірек ол фотоның жалған екені анықталды. Мұны білген Daily Mirror бірден оқырмандардан кешірім сұрады. Англия БАҚ-тарының бұл әрекеттерінің басты себебі – оқырманға барынша шынайы ақпарат жеткізуге тырысуында. Бекзаттықты жоғары бағалайтын ағылшындар өтірік алдап абырой таппайтынын да біледі әрі оны ұят тірлік санайды. Бұл үрдіс болмыстарынан журналистикасына дейін өтіп кеткен.
Ұлыбритания журналистері медиа саласының болашағына да алаңдаулы. Жоғарыда БАҚ-тағы кемшіліктерді келтірдік. Соларды саралаған мамандар жарнаманың бәрі интернетке көшіп, түсетін табысы азайып, қаржылық қиыншылыққа тап болған заманда журналистиканы құтқарып қалатын тәсілдерді жиі талқылайды. Солардың ішіндегі ең өміршеңі әрі осы бастан іске аса бастағаны – шындықты шырылдап айту, соның қайтарымы ретінде халықтан қаржылық қолдау күту. Бұл әдісті the Guardian газеті әлден қолданып жүр. БиБиСи-дің лицензия ақысы да осы тәсілдің бір түрі. Болашақта Англиядағы «төртінші билік» өкілдері осы жүйеге толықтай көшсе, таңғалуға болмайды. Өйткені, қазіргі эконмикалық қиындық кезінде БАҚ-тарды ұстап тұрудың басқа амалы қалған жоқ. Ағылшындар үшін мемлекетінің тәуелсіздігі, еркіндігі мен демократиясы маңызды. Ал елінің тәуелсіз әрі демократиялық болып қалуы үшін тек шындықты айтатын журналистиканың керектігін «Тұманды Альбионның» тұрғындары жақсы түсінеді.
Абай Асанкелдіұлы