07 Қыркүйек, 2011

Жаңарған Жамбыл жерінде

488 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
8-9 қыркүйекте Астанада Жамбыл облысының күндері өтеді Өңірдегі  ең  өзекті  іс – өнеркәсіпті өркендету Ел мен жердің байлығын игеру, экономикасын көтеру, сөйтіп тәуелсіз мемлекетіміздің тегеурінді әлеуетін төрт­күл дүниеге таныту  әрбір облыс басшысының білім-білігіне, қабілет-қары­мына көп байланысты. Соңғы жылдары Жамбыл жерінде ел-жұрт­қа «Бәрекелді!» дегізген біраз шаруалар атқарылды. Нақ­тырақ айтсақ, бүгінде облыс  үлкен құрылыс алаңына айналған. Алып кешендер, сәулетті ғима­раттар және жаңа тұрғын үй құрылыстары қарқынды жүріп жатыр. Біз өңірдің осы және басқа да өркенді өзгерістері туралы облыс әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВПЕН әңгімелескен едік. – Қанат Алдабергенұлы, өзі­нің дамыған мемлекет екенін әлемге танытумен бастал­ған биылғы жылдың соңы, міне, ел тәуелсіздігінің 20 жыл­­дық торқалы тойына ұлас­­қалы отыр. Сондықтан қазақстандықтар үшін ел тә­уел­сіздігінің 20 жылының әр жылы жаңа тари­хымыздың тұтас бір дәуірі десек, ел үшін оның әр айы, әр аптасы, әр күні бір сәтке де бос өтпегенін көрсетеді. Сонда мұны ненің жемісі, кімнің жеңісі деп бағалаймыз? – Әрине, ең алдымен, Қазақ­станның болашағына деген ел халқының зор сенімінің жемісі дер едім. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген ата-бабалар аманатына адалдықтың, құр «аттан» мен беталды «ай­тақ­қа» ермейтін ауызбірлігі мық­­ты халықтың жеңісі дер едім. Нарықтық экономика мен ішкі және сыртқы саясат сала­сында өркениетті елдер ұтымды пайдаланып отырған даңғылды таңдаған қазақстандықтардың ерен ерлігі дер едім. Өйткені, сонау қиын да қатал сексенінші жылдардың соңы және тоқса­ныншы жылдардың басында елімізді жиырма жылдан кейін дәл осындай халықаралық зор табысқа жетеді деп ешкім де айта алмайтын. – Қазақстанның 2030 жыл­ға дейінгі Стратегиялық даму бағдарламасын ертегіге балап, «ол уақытқа дейін кім бар, кім жоқ?!.» деген тұр­ғыда мысқылдай күлгендерді де көргенбіз...  Қазақстан мемлeкеті, міне, сол тұста өзінің алдында қойған үлкен мақсаттарының үдесінен шығып, оны кезек-кезегімен орын­дап келеді. Сол арқылы ел экономикасы алға қарай қарыш­тап дами бастады. Мысалы, біздің облыста өнеркәсіп өнімін өндіруде оң динамика қалыптасты. Оның көлемі 2009 жылмен салыстыр­ғанда 14,0%-ға өсіп, 124,7 млрд. теңгені құрады. Бұл өсу мен өркендеу  облыс кәсіпорын­да­рының өндіріс көлемін ұлғай­тып, индустрияландыру карта­сына енгізілген жаңа өндіріс­терді іске қосу есебінен қам­тамасыз етіліп отыр. Сол сияқты, кен өндіру өнер­кәсібі мен ашық кеніштерді игеруде 7,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Экономиканың ілгері даму қарқыны фосфор шикі­заты, алтын құрамды кен, барит рудасы мен қойыртпалары, әк тасы және гипс өндіруді арт­тыру есебінен де қамтамасыз етілуде. Ал өңдеу өнеркәсібі сала­сында химия, металлургия өнім­дері, дайын металл, резеңке және пластмасса бұйымдары, өзге де металл емес минералды өнімдер, тері және соған жататын өнімдер өндіру көлемі бойынша өсім 13,4%-ды құрады. Қара металда­р­ды өн­діруде ферроқорытпаларды шыға­рудың өсімі байқалып отыр. – Өңірді өркендеткен осы өркенді істердің бәрі ірі инвестиция тартумен орындалатыны ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда, өткен жылы негізгі капиталға са­лынған инвестициялардың көле­мін айта кетпейсіз бе? – Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі  140, 8 млрд. теңгені, оның ішінде мемлекеттік бюджеттің қаражаты  23, 8 млрд. теңгені, кәсіпорындардың өз қаражаттары  38,5 млрд. тең­гені, шетел қаражаттары  40,8 млрд. тең­гені және қарызға алын­ған қара­жаттар 37,7 млрд. теңгені құрады. Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестиция­лардағы мемлекеттік бюджет қа­ражатының үле­сі 7,6 %-дан 16,9 %-ға дейін, өз қара­жатта­рымыз­дың үлесі 7,9 %-дан 27, 3 %-ға дейін, қарызға алынған қаражаттар үлесі – 7,8 %-дан 26,8 %-ға дейін артты. Елбасының ең негізгі тапсыр­ма­ларының бірі  индустриялық-инновациялық даму қарқынын бір сәт те бәсеңдетпеу болып отыр.  Жалпы, 2010-2014 жыл­дар­ға арналған үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасы бойынша құны 665,5 млрд. теңге болатын 22 жобаны жоспарлаған болатынбыз. Мы­салы, өткен жылы соның 52,7 млрд. теңге көлеміндегі 7 жобасы іске қосылды. Сөйтіп 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Атап айтсам, «Аль Басар» ЖШС-нің гранит өңдеу және гранит бұ­йымдарын шығару цехы, «Жа­ңа­тас» металлургиялық комби­наты» ЖШС-нің болат балқыту өндірісі, «Мыңарал Тас Компании» ЖШС-нің цемент зауыты­ның құрылысы, «Тараз метал­лургия зауыты» ЖШС-нің ферроқорытпа өнді­рісін кеңейту мен жетілдіру, «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС-нің шикі мұнайды қайта өңдеу зауытының құрылысы және «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС-нің топс өндірісі, «Жасұлан және К» ЖШС-нің өндірістік негізде гүл өсіру кешені бүгінде өңір эконо­микасына жаңаша сипат беруде. Сонымен бірге, мемлекеттік үдемелі индустриялық-иннова­ция­­лық даму бағдарламасының 2010–2014 жылдарға арналған 3 жаңа жобасы бар. Олар: Қара­таудағы «ЕуроХим-Удобрения» за­уыты, Шу қаласындағы құс фа­брикасы және «Қазфосфат» ком­паниясының 12 млрд. теңге тұра­тын күкірт қышқылын шығара­тын цехын іске қосу. Бұлардың ішінде «ЕуроХим-Удобрения» за­уы­тының жобасы әртүрлі кедер­гілердің салдарынан сағыз­дай созылып келе жатыр. Бірақ біз жобаның жарты жолда қал­мауын табандылықпен талап етіп отыр­мыз. Өйткені құны 394 млрд. теңге болатын осы алып зауыт іске қосылса, онда 3,5 мың адам жұмысқа тартылады. – Өткен жылдарға өкпе жоқ екені ел игілігін көре бастаған өнеркәсіп орындарының мы­сал­дарынан анық көрініп тұр. Бірақ зулаған уақыт биылғы жартыжылдыққа да есеп беретіндей айларды артқа тастап үлгеріпті. Сондықтан биылғы жартыжылдықтың көрсеткіш­теріне де көңіл бөле отырсақ? – Биылғы жартыжылдықта облыс өнеркәсіп кәсіпорындары 79,5 млрд. теңгеге өнім өндіріп, нақты көлем индексі 128,3%-ды құрады. Оның ішінде кен өндіру өнеркәсібі мен ашық кеніштерді игеруде – 6,1 млрд. (112,6%); өң­деу өнеркәсібінде – 58,9 млрд. (133,6%); электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда – 13,7 млрд. (115,8%) және сумен жабдықтауда, кәріз жүйесінде  0,8 млрд. теңгенің (109,9%) өнімдері өндірілді. Кен өндіру өнеркәсібі мен ашық кеніштерді игеру саласы бойынша өткен жылдың қаңтар-маусымындағы деңгей­мен салыстырып қарасақ, фосфат шикізатын өндіру көлемі – 1,5 есеге, әк және гипс өндіру – 2,2 есеге, көмір – 2,3 есеге, табиғи құмды дайындау – 5,3 есеге, барит рудасы мен қойыртпалары – 41%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде де даму бар. – Бәрекелді, елдің әлеуетін, жердің байлығын және өнер­кәсіпті өркендетуде өңір эконо­микасының бәсекеге қабілет­тілігін көрсететін толымды та­быстар бар екен. Содан кейін, бүгінде облыс орталығы үлкен құрылыс алаңына айналған. Алып кешендер, жаңа тұрғын үй құрылыстары және «Дос­тық» алаңындағы архитек­ту­ралық ансамбльмен салын­ған әкімшілік ғимараттарының қас­беттері мен көшелер, сая­бақтар, субұрқақтар адам та­ны­мастай қайта түлеп жатыр... – Құрылыс – бүгінде экономи­камыздағы ең маңызды саланың бірі. Оған атсалысамыз деген компаниялар да көп, инвестиция да мол. Құрылыс саласын да­мытуға өте жақсы мүмкіндік­теріміз де бар. Өйткені, біз – цемент, гипс, кірпіш, шағал тас, құм, тағы басқа да көптеген құрылыс материалдарына бай өңірміз. Осыған байланысты ал­дағы жылы құрылыс қарқыны бұдан да еселене түспекші. Облыс орталығы соңғы жыл­дары құлашын оңтүстік-батыс аймаққа қарай жайып келеді. Тараз қаласының 2025 жылға дейінгі мемлекеттік жоспары бекітіліп, облыс орталығының аумағы іргелес жатқан Жамбыл, Байзақ ау­дан­дарының жер қоры есебінен 6 мың гектарға ұлғайды. Бұл жерді игеріп, қажетті инфрақұ­ры­лымдармен қамтамасыз ету бізге жаңа міндеттер жүктейді. Оның үстіне облыстағы 132 саябақ, 46 субұрқақтардың 18%-ы жөндеуді қажет етеді. Өткен жылы Тараз қаласындағы 3 саябақ пен 1 гүл­зарды 81 млн. теңгеге жөндедік. Сондай-ақ, Төле би, Абай және Жамбыл көшелерін кеңейтіп, қайта жөндеу және «Достық» алаңындағы тарихи маңызы бар үйлердің қасбеттері мен ғимарат­тардың алдындағы субұрқақ­тар­ды қайта әрлеу, әсемдеу қолға алынып отыр. Мен қызметке келген кезде өзіңіз «Егемен Қазақ­стан» газеті арқылы құлаққағыс еткен «сақалды құрылыс», яғни Кеңес өкіметі құлағалы бері есік-терезесі үңірейіп тұрған көп қабатты қонақ үй ғимараты әкімшілік үйі болып қайта бой көтерді. Сондай-ақ, Тараз қала­сына Алматы бағытынан кіретін күрежол заман талабына сай қайта салынып жатыр... – Қанат Алдабергенұлы, Қа­зақ­стан Республикасының тә­уел­­сіздігіне 20 жыл толатын тор­қалы той күні де алыс емес. Осы­ған орай сұрайын дегенім, тәуелсіздік деген тәтті сөз ті­ліңізге оралғанда ойыңызға не түседі? – Тәуелсіздік туралы ойлан­сақ, XV ғасырдағы Әз Жәнібек, Керей хандардың бастауымен алғаш рет Жамбыл облысындағы Шу бойын­да ту көтерген қазақ хандығынан бастап кешегі Жел­тоқсан көте­рілісіне дейінгі ара­лықта сан ғасыр­лық шежіре еске оралады. Бірақ, тәуелсiз еліміздің бүгiнгi биiгiнен ата тарихы­мыз­дың арғы-бергi шежi­ресiне қарай­тын болсақ, дәл қазіргідей абы­ройы асқан, экономи­касы да­мы­ған, саясаты дербес және баянды болашағына нық сенген Қазақ елі болған емес. Біз жиырма жыл ішінде қуатты ұлтқа, дәулетті елге айналдық. Елордамыз – Астана қаласы әлемге танылды. Бұл, сөз жоқ, еліміздің ұлттық абыройы. Бұл – еліміздің тәуелсіз тарихына ал­тын әріптермен жазылып қалатын аса зор саяси оқиға. Бұл – тә­уелсіз еліміздің жаңа тари­хын­дағы жаңа кезеңнің басталуы. – Әңгімеңізге рахмет.     Дерек пен дәйек Еліміздің үдемелі инно­ва­циялық-индус­трия­лық даму бағ­дарламасы шеңбе­рінде 135 млрд. теңге бола­тын 19 жоба қолға алынса, биыл оның 23,2 млрд. тең­гені құ­райтын 8 жобасы іске асы­рылмақ. *** Биыл Талас ауданын­дағы Тамабек Қар­табаев, Көшек батыр және Шу ауданын­дағы Төле би ауылдарында жаңа мектептер пайдала­нуға беріледі. *** Бүгінде облыста 21 этно­мәдени бірлестік, республи­калық 9 саяси партияның филиалдары, 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдар мен 400-ге жуық діни бірлестіктер жұмыс істеуде. *** Бүгінде Тараз қаласында – 7, ал аудан орталықтарында  2 шағын футбол алаңы бар. Келесі жылы 20 шағын футбол алаңы пайдалануға берілмек. *** Облыс әкімдігі техникалық реттеу және метрология департаментімен бірлесе оты­рып, «Қазақстанның үздік та­уа­ры» атты аймақтық көрме-конкурсын өткізді. Конкурс жеңімпаздары мен лауреат­та­ры Астана қаласында өте­тін «Қазақстанның үздік та­уары» атты республи­ка­лық  көрме-кон­курсына жол­дама алды. *** Облыс орман шаруашы­лығы мемлекеттік мекемелеріне өрт сөндіру техника­ла­рын сатып алуға биыл жергілікті бюджеттен 62,4 млн теңге. қаржы бөлініп, оған 14 өрт сөндіргіш тіркемелі цистерна, 7 МТЗ-80 тракторы, 2   УАЗ авто­ма­шинасы, 6 кө­шет отырғызу машинасы, 14 бірлік қосал­қы агрегаттар ( 12 соқа, 2 скоба) сатып алынды. *** Бүгінде облыста көлемі 21,20 гектарды құрайтын 304 жылыжай бар. Оның ішінде көлемі 84,2 мың шар­шы метр 188 жылыжай тұрақ­ты жұмыс істеп тұр. Ал 116 жы­лыжай ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізілуде. *** Өткен жылы Тараз қа­ласында бір жылда 15 мың литр қан дайындайтын облыстық қан орталығы мен 500 адамды қабыл­дайтын емхана пайдалануға берілді. *** «Астана» шағын ауда­нында 280 орындық № 26 «Нұрай» балабақшасы ашыл­ды. Балабақшада 12 топқа арналған бөлме бар. Жыл аяғына дейін Қордай және Меркі аудандарында 220 орындық 2 жаңа балабақша бүлдіршін­дерді қабылдайтын болады. *** Өткен жылы демеушілер  қаражаты арқылы Тараз қа­ласындағы 65 аула  жөнделсе, биыл 100 ауланы жөндеу жоспарланды. Бүгінге дейін оның 27-сі жөнделді.  Ал 14 аулада жол көмкермелері ауыс­тырылып, асфальт тө­се­ліп, балалар ойын алаңдары ретке келтірілді. *** Биыл облыс орталығындағы  10 көше 1 053 534 000 теңгеге жөнделіп жатыр. Мұның ішінде Төле би мен Жамбыл даң­ғылдары, «Достық» алаңы және «Жігер»,  «Рассвет», «Проектировщик», «Род­ни­чок», «Ме­­лиоратор» тұрғын ай­мақ­­тарына апа­ратын жол­дар да бар. Ал Д.А.Қо­наев, Рысбек батыр, М.Ты­ныш­баев, Ком­муналь­ный, Ы.Дү­кенұлы көше­лерінің жөн­деу жұмыс­тарына 110 млн. тең­ге қа­растырылған. *** Тараз металлургия за­уыты ферроқорытпалар пешін іске қосты. Еліміздің үдемелі индустриялық-ин­новациялық даму бағдар­ламасына енгізілген бұл жоба мекемеге 11,5 миллиард теңге инвестиция тарту арқылы 300 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отыр.   «Ақбақайдың» ат басындай алтыны Мойынқұмда алтын өндіретін «Алтыналмас» фабрикасы іске кірісті Әуелі кен орнының «аты-жө­ніне» тоқталып өтейік. Ол кәдімгі «Ат қайда Ақбақайдай-ау шаппай желген» деп басталатын кең құ­лаш­ты, еркін тыныс­ты клас­си­калық әннің атауынан туындайды. Бірақ оның сырын біреу білсе, біреу білмес. Тоқетерін айтсақ, сонау 1968 жылы Мойынқұм өңі­рінен алтын кен орнын ашқан кезде музыка өнерін жанындай жақ­сы көретін, оның ішінде халық­тың жан дүние­сіне жақын әндерді аузынан тастамайтын геолог Д.Дүйсенбеков: «Бұл алтын кеніші­нің аты «Ақба­қай» болсын» депті. Ағамыз­дың аузы дуалы екен, міне, содан бері елге белгілі алтын кені халыққа әйгілі ән атымен... «Ақбақай» аталып келеді. Ал кеніш жөніндегі дерек пен дәйекке жүгінсек, мұнда алтын­ның 4 түрі бар деседі. Мамандар оның біріншісін – арсенопирит, минералы бойындағы ұнтақ диспересті алтын, екіншісін – кварц­с­та­ғы сеп­пе, ұя, желі түрінде шоғырланған бос алтын, үшін­шісін – кварц-карбонатты желілердегі түйіршік және қабыршақ түріндегі алтын және төртіншісін – гипергендік процеспен байла­ныс­ты қабыршықты және дендритті алтын деп атайды. Айтайық дегеніміз, биыл жаз осы кеніште алтын өндіретін «Алтыналмас» зауыты іске қо­сылды. Мемлекет басшысы өткен жылы облысқа келген кезінде осындағы алтын өндірумен ай­налысатын жаңа фабриканың құ­рылыс жобасын мақұлдаған бола­тын. Міне, сол жобаның құрылыс жұмысы аз уақыт ішінде аяқ­талып, алтын өндіру ісі басталып та кетті. Көзі ашық, көкірегі ояу кейбір оқырмандар: «Ақбақайда» алтын зауыты бұрыннан бар емес пе еді?» деп сұрауы бек мүмкін. Өте орынды сұрақ. Бірақ «Бұл ән бұрынғыдан өзгерек» дегендей, бұ­рын­ғы алтын өндіру фабрикасы қайта жабдықтау және модернизациялау жобасы арқылы мүлде жаңарып шыға келді. Жобаның құны 100 миллион АҚШ дол­ларын құрады. Бұл қыруар қар­жының 55 миллионы  фабриканы модернизациялауға және 50 мил­лионы  кен орнын ашу мен өңдеу жұмыстарына жұмсалды. Жоба­ны қаржыландыруға тәуекел еткен «Еуразиялық банк» екен. Жә... Сонымен,  «Ақбақай кластері» деп аталатын шикізат базасының алдын-ала жасалған құны 100 тон­наға жуық асыл тастан тұ­рады. Бұл кенді аймақта «Ақба­қаймен» бірге «Светинское», «Бескемпір» жә­не «Карьерное» деп аталатын кен орындары да қатар орналасқан. Кәсіпорынды қайта түлету  осы кен орындарын игеру үшін экономи­калық және инфра­құрылымдық тірек болып табыл­мақ. Сондық­тан атал­мыш компания Думан-Шуақ кен орны­ның байлығын игеру құқын қолға алуға да талпыныс жасауда. Жаңаның аты – жаңа. Бұрынғы комбинаттың ине­мен құ­дық қазғандай тірлігіне қара­ғанда, қайта түлеген зауыттан жаңа серпілісті анық байқауға болады. Мысалы, бұрын бір жыл­да 240 тонна шикізат өң­делсе, қазір оның орнына 1 миллион тонна ши­кізат өңделуде. Қалдық та аз. Нәтижесінде жы­лы­на 2,8-3 тонна алтын өндіруге толық мүмкіндік бар. Зауыттың зәру құрал-жабдық­тары осы салаға ертеден бейімделген Ресей мен Оңтүстік Африкадан алыныпты. Шахта жұмы­сына Канададағы алтын кеніштерінде қолданылатын бұрғылау машинасы жегілген. Бұлар – алтын өндірудегі ең соңғы әлем­дік әдістер. Зауыттағы жаңа технологияның арқасында, айта­лық, металлургиялық өнім да­йындаудағы аса жоғары бөлістер жасалып, бұрын шығарылып келген флотоконцентраттардың ор­нына ендігі кезекте өте сапалы Доре кесекті алтыны шығарыла бастаған. Өндіріс бар жерде, әлбетте, өмір де бар. Алыс­тағы Ақбақай кентінде әлеуметтік түйінді мәсе­лелер де оң шешімін таба бас­тапты. Кент оқушылары кеншілер көмегінің арқасында жаңа мектепте білім алуда. Мектеп жаны­нан спортқа құштар оқушылар үшін бокс секциясы ашылған. Сондай-ақ, тұрғын­дар үшін монша салынып, тәртіп сақшыла­рының мекемесі күрделі жөндеу­ден өткізіліпті. Мұның бәрі бағалай білетіндерге, әрине, аз жұмыс емес. Зауыт жұмысшыларының қа­тары да, негізінен, Мойынқұм ауданы тұрғындары арқылы толығып келеді. Кеніште бүгінде 450 жаңа жұмыс орны ашыл­ған. «Сарыбұлақ-2» жер асты су көзі­нен 75 кило­метр­лік су құбы­ры тартылуда. Бұл құрылыс жұмы­сы жыл аяғына дейін аяқталып, алдағы уақытта кент тұрғындары мен зауыт жұмысшылары қажетті ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілетін болады. «Ақбақайдың ат басындай алтыны» дегеннен шығады, «Ал­тын­алмас» зауыты өңір экономи­касын дамытуға қомақты үлес қосып, облыс бюджетіне жыл сайын 15 млн. АҚШ долларына жуық кіріс әкеледі дейді мамандар.   Тараз ырғақтары Тілек Түтінін түзу шығарсын жерде әр үйлер, Жердегі барлық жақсылықтарым дами бер. Қуанып қалам ойнап жүргенде сәбилер, Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер-Ана!   Табиғаттың мен де кішкентай ғана бөлшегі, Көтеріп жүргім келеді ылғи еңсені. Ерлікпен ғана қорғасам деймін ел сені, Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер-Ана!   Жүрегім сыздар естісем суық сөзді мен, Бар әлі елдер құтылмай жүрген езгіден. Жанымды қалай жаһанға түгел сездірем, Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер-Ана!   Қалалар тұрсын аман-сау осы қалпында, Өмір ғой мынау айырбастамайтын алтынға. Қажетсіз маған қошеметің де, даңқың да, Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер-Ана!   Таңырқап бір сәт үңілші сонау тарихқа, Тарихтың көзі қашанда, қалқам, халықта. Тіршілік мына адаммен ғана  жарықта, Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер-Ана!   Ойымды құптап тұрғандай заңғар тау менің, Бағасы қымбат Күннен құйылған сәуленің. Кешіп тұр дүние керемет ғажап дәуренін, Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер-Ана!     Мен сенің жанарыңның қарасымын Сен маған өкпелеме, асыл жарым, Жанымның аяғам жоқ асылдарын. Тағдырға мың рахмет Сен болмасаң Жайқалмай кетер ме еді жасыл бағым!   Өзіңсің, өмірімнің өзегі де, Қайтемін не десең де төземін де. Биікке ұмтылғаның ұнар маған Халқыңның мұңын ойлап өз еліңде!   Ойлайсың, отбасының жарасымын, Төгіліп бойыңдағы бар асылың. Түсініп, бағаласаң болмысымды, Мен сенің жанарыңның қарасымын!   Бар әлі байқағанға балаңдығым, Кей кезде өкпелетіп алам, күнім! Білесің жоқ екенін қиянатым Және де жоқ екенін жамандығым!   Үй ортақ, Бір шаңырақ аясында, Ақ қырау шашымызды боясын да! Ақындық жүрекпенен сезсең егер Шіркін-ай, тірлік тәтті, тоясың ба?   Жаным-ау, қандай ғажап жаралғаның. Өмірден от-жалынды нәр алғаның. Миым, ойым, қуатым сарқылғанша Өзіңді бақытты ету бар арманым!   Аптап Шілде түсіп, Жалынға орап аптабы, Бәрімізді Ыстығына қақтады. Тымырсық күн, жаңбыр да жоқ, жел де жоқ, Салқын су да арықтардан ақпады. Адамдардың Амалдары таусылып, Қабылдайды Жаздың ыстық маусымын. Қаланы да, даланы да шілде айы Құшағына алғандай-ау қаусырып!   Таусылмайды Табиғаттың ырысы, Қайнап кетті Қаланың әр бұрышы. Шыдай алмай талай күнгі аптапқа Тараздың да тарылғандай тынысы.   Табиғатты Жаратқан ғой тылсым ғып, Адамзатқа Дәлелденбес бұл шындық. Басу үшін ішкі-сыртқы жалынды Мұздай суға алсам ба екен бір сүңгіп?!   Күз белгісі Мұнартып тағы да бiр таңым атты, Тауларым ақ сәлдесiн тағып апты. Ызғарлы күздiң суық желi тұрып. Ағаштың жапырағын жамыратты.   Сұрықсыз күйге түсiп төңiрегiм, Бұлт басып, тұмшаланды көгiм, керiм. Ыстыққа ала жаздай шыдамаған Мұздайды сәл нәрседен көкiрегiм.   Күз бе, қыс па, бiлмеймiн, түсiнiксiз, Баға бере алмайсыз түсiнiп сiз. Жаңбыр жауып, соңынан қарға айналып, Талайлардың зәресiн ұшырып күз.   Етек-жеңiн жиғызып баршамыздың, Үсiк шалып тамырын аршамыздың. Кеше ғана қысқа етек көйлек киген Сұлулығын жасырды барша қыздың.   Ойнақтап жүрген едi күшiк бiткен, Құлақтары салбырап түсiп кеткен. Адамдар қалады екен шарасыз боп, Табиғат көрсетсе егер күшiн көктен!   Қарқынды Қазақстан Елім, жерім танымастай өзгерді, Артқа тастап талай-талай өзге елді. Елбасының ақыл-ойы сомдаған Ертегідей Астананы көз көрді.   Күннен-күнге сұлуланып жас қала, Жауһарлардай әсер етті басқаға. Шындығыммен үйлескендей үмітім, Көз алдымда қанат қақты бас қала!   Алтай менен Атыраудың арасы Жаңа өмірге ұмтылғандай, қарашы! Бір мақсатқа білек қосып жұмылған Өршіл, өжет қазағымның баласы!   Жан бітіріп ұлан-байтақ далама Жұлдызымыз мәңгі өшпестей жана ма? Қазақ елін сара жолға бастаған Сенім арттық Нұрсұлтандай ағаға!   Құтты болсын, Қазақстан, қадамың, Ең алдымен халық екен – бағалың. Жаһандану заманынан қалыспай, Асқақтасын жаңа әлемде жаңа әнің!   Қай кезде де, ей, қазағым, таза арың, Тәңір саған көрсетпесін азабын. Елі сүйген, елін сүйген Елбасы, Бастай берсін болашаққа қазағын! Қайырбек Асанов,Тараз қаласы.   «Мейірімнің» шапағаты мол «Мейірім» ме­дици­налық орталығы 1999 жылы қаңтар айында ашылды. Ол содан бері облыс орталығындағы ең үздік жекеменшік медицина мекеме­лерінің бірі болып та­былады. Оның құрамында 30 мың тұр­ғынға дейін қызмет көр­сететін емхана, 75 адамға арнал­ған төсегі бар көп­­салалы аурухана кіреді. Мысалы, №8 қалалық емхана темір жол бекеті маңындағы тұрғындарға терапиялық, пе­диа­­трлық, акушерлік-гинеко­ло­гия­лық, тағы басқа да ауру­лардың алдын алу мен емдеу бойынша қызмет көрсетсе, «Мейірім» медициналық орта­лығы, негізінен, кардиоло­гия­лық, невроло­гиялық ауруларды емдеуге бағытталған. Әлбетте, жанына шипа іздеген басқа ауруларға да қызмет жасаймыз. Сон­дықтан орталыққа «Philips» және «Neu­soft Super­star» – 0,35 Тс ком­па­нияларының соңғы үл­гідегі ядро­лық магнит­тік-ре­зо­нанстық томография құрал-жаб­дығы қо­йыл­ған. Ол облыс бойын­ша тек қана біздің мекемеде бар десек, артық айтқан­дық емес. Ал медициналық орталықтың аты айтып тұрған­дай, біздің дәрі­герлер мен медбикелер аурулар­дың жанына мейі­рім-шапағат сыйлаудан еш­қашан жалыққан емес. Еліміздің басты байлығы – адам. Сондықтан олардың ау­руын дер кезінде анықтау және емдеу – біздің басты міндетіміз. Ол үшін орталық замана талабына сай көптеген меди­циналық құрал-жабдық­тармен бірге, білімді, білікті және тәжірибелі дәрігер­лер­мен толық қамтамасыз етілген. Гүлдара НҰРЫМОВА, «Мейірім» медициналық орталығының директоры.   Мүсілімнің «Виртуалды қаласы» Тараз қаласының тұрғыны Мүсілім Шәкіров «Озық инно­вациялық жоба-2011» рес­пуб­ликалық байқауының бас жүл­десін жеңіп алды. Мүсілім Әнуар­­ұлы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының облыстық телекоммуникациялар дирек­циясында жетекші маман болып қызмет істейді. Ол байқауға телекоммуни­кация сала­сы бойынша болашағы кемел жоба ұсыныпты. Жарысқа елі­міздің түкпір-түкпірінен 14 жоба авторы қатысқан. Алайда комиссия са­рап­шылары тек жамбылдық жоба иесінің жұмысын таңдаған. Интернет ресурстарын пайда­ланушылар үшін Мүсілім Тараз қаласы аумағында «виртуалды қала» жобасын жасап шығыпты. Үй тұрмысы мен шаруашылығын басқару мүмкіндігінше автомат­тандырыла бастаған  қазіргі уа­қытта, бұл жоба тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие болғалы тұр, дейді ол. Мүсілім өзінің «Виртуалды қала» жобасын байқау жарияланбай тұрып ойластырғанын ай­тады. My.telecom.kz сайтында басталған сайыс инновациялық ойды одан әрі өрістетіп, оны жеріне жеткізе дайындап шығуға себеп болған. Инновациялық бұл жоба бойынша,  барлық интернет пайдаланушылар, яғни Мега­лайнға қосылған азаматтар «вир­туалды қалаға» бірігеді. Бұл олардың бір-бірімен дерек алмасу тәсілін дамытады. Яғни, вир­туалды ресурстарды қолданады, бір «вир­туал­ды» қа­ланың ішінде отырып, сондай-ақ, компьютер желілерін де біріктіре алады. Қазіргі уа­қытта жо­баны іске асы­ру ша­ра­лары қолға алынуда. Алғашында «Виртуалды қала» тек Тараз аумағында ғана құ­рылады делінген, бірақ қазіргі техникалық мүмкіндік аясының кеңдігін есептей отырып, ол «виртуалды қаланы» облыс көлемінде ашуға болатынды­ғына көз жеткізіпті. – Телекоммуникация саласы – өздігінен үлкен ілім, оны игеру үшін мұқият зерттеу қажет. Ал ілім үнемі дамуды, ілгері­леу­ді қажет етеді. Бұл жобаны, о баста, адамдардың бір-бірімен хабарласуын қазіргіден де же­ңілдетіп, олардың енді топ-топ болып бірлесіп араласуына мүм­кіндік туса деген ниетпен бастадым, – дейді ол. Қызметін қарапайым оператор болып бастаған М.Шәкіров осыдан біраз бұрын облыс байланыс желілерінің даму жоспарын түзуге қатысқан бо­ла­тын. Қазір кеңейтілген сервис орталығына жетекшілік етеді. «Қазақтелеком» базасында жа­салған «Виртуалды қала» жо­басы ұлттық байланыс опера­торының меншігі болып табы­лады. «Виртуалды қала» сөзін де Мүсілімнің өзі ойлап тауыпты.   Ауылдағы аналар енді қолдарын жылы суға малады «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ  Мер­кі ауданындағы Ақарал ауы­лының 143 отбасына табиғи газ құбырын тартып берді. Оның құрылыс жұмысын осы акционерлік қоғамның облыстық өнді­рістік филиалы жүргізді. Ағым­дағы жылдың мамырында бас­талып тамыз айының соңына дейін жалғасқан құрылыс жұмыс­тары барысында 640 метр орта қысымды өткізу газ құбыры мен көше бойындағы 4620 метрлік газ тарату құбыры тартылды. Табиғи газдың игілігін көру мүмкіндігіне ие болған ауылға келген «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстық өндірістік филиалының директоры Мұқан Сәдуақасов тұрғындар қуанышын бөлісіп, елді мекендерді газдандырудың әлеу­меттік маңызы зор екеніне тоқталды. Оның айтуынша, үйле­ріне газ құбырын кіргізу үшін жұмсалған шығынды ауыл тұр­ғындары бір жыл ішінде бөліп тө­лей алады. Бұл табысы аз отба­сылар үшін көп жеңілдік болып отыр. – Табиғи газды пайдаланғалы бері от басы, ошақ қасындағы күн­делікті күйбеңім азайды. Су жыл­ту, ас әзірлеу, кір жуу кәдім­гідей жеңілдеп қалды. Әрі  жыл­дам, әрі арзан. Бұрынғыдай отын түсі­рудің, ағаш жарудың, көмір сатып алудың енді қажеті жоқ, – дейді қуаныштан күлім қаққан көп балалы ана Рыскүл Ниязбекова. Мұқан Сәдуақасовтың ай­туын­ша, жыл аяғына дейін облыс бойынша тағы 2000 үйді газ құбырына қосу жоспарланып отыр екен. Атап айтқанда, қазір Жамбыл ауданындағы 400 үйі бар Түрксіб ауылы, Аса ауылының газ тартылмаған бөлігіндегі 200 үй және Тараз қаласы маңындағы «Жігер» тұрғын алқабындағы 200 үй табиғи газға қосылады. Сондай-ақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ биылдан бастап Қордай, Шу аудандарының елді мекендерін газға қосуға мүмкіндік беретін жобалық құны 4 млрд. теңгені құрайтын Қордай-Шу газ құ­бырының құрылысына кіріспекші. Ал Талас, Байзақ және Жам­был аудандарының елді мекендеріне жүргізілетін газ құбыр­ларының құрылысы үшін биыл республикалық бюджеттен 1,3 млрд. теңге бөлініпті. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың таяу жылдардағы басты міндеті –республиканың газға қосылған барлық аймақтарындағы, соның ішінде, облыс аумағындағы газ тарату жүйелерін жаңарту. Өңір­дің газ тарату желілерін қайта жөндеуден өткізу жөніндегі жобалар да қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы Тараз қаласының газ желілерін модернизациялаудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленсе, биыл жобалық-сметалық құжаттама дайын бол­ды. Ал келесі жылы газ жүйе­лерін жаңарту жұмыстары бас­тал­мақшы. Ол жобаның жалпы құны 20 млрд. теңге көлемінде болмақ.   Білімгерлер келешегіне үмітпен қарайды Біздің колледжде сапалы білім мен са­налы тәрбие берудің өзіндік жолы қалып­тасқан. Бұл дәстүр сонау 1954 жылдан бері жалғасып келеді. Әлбетте, жаңа дәуір талабына сай іс-тәжі­рибелер де көптеп енгізілуде. Соның бірі – Қазақстан-Гер­мания жобасы. Біз осы жоба аясында колледждің мате­риал­дық-техникалық базасын ны­ғай­­туға күш салдық. Оқу әде­биет­терін байыттық. Оқыту­шылары­мыз шетелдерге барып, тәжіри­бе жинап қайтты. Колледжде білім алушыла­р­дың дене шынықтыру, спорт және рухани тұрғыдан жан-жақты тәрбие алуы­на да баса көңіл бө­ліп отырамыз. Мы­салы, колледж білім алушылары биыл төртінші рет Ас­танаға барып, Сары­арқа төріндегі әсем қаланы өз көзде­рі­мен көріп қайтты. Олар­дың қатарында үздік оқушылармен бір­ге, отбасы аз қамта­ма­сыз етілген білім алу­шылар да бар. Олар әр сапардан соң Астанадан алған әсер­лерін бөлісіп, достары мен құрбы-құрдас­тарын білімді, тәрбиелі болуға наси­хаттайды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бүгінде  колледж қабырға­сын­да  білім алып жүрген 1900 ұл-қыз өздерін бейбіт елдің шын мәніндегі бақытты ұлан­дары ретінде сезінуде. Сон­дық­тан да олар ертеңгі күндеріне сенімді. Бәтес ЕГЕМБЕРДИЕВА, Жамбыл политехникалық колледжінің директоры.

Беттің материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстанның»

Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.