2017 жылы жылжымайтын мүлік нарығында жағдай тұрақты болады, деп жазады Хабар24.
"Қазір белсенділіктің артқанын байқап отырмыз. Өткен жылмен салыстырсақ, орташа өсім 7 пайыздан 23 пайызға дейін көтерілген. Сондықтан елде сату көлемі бір жылда 14 пайызға артты деп айта аламыз," - дейді Қазақстан риэлторлар қауымдастығы төрағасының орынбасары Нина Лукьяненко.
Пәтер сату көрсеткішінде Алматы мен Астана көш бастап тұр. Үштікті елдің батысы түйіндейді. Статистика комитетінің сандарын сөйлетсек, «Комфорт санатындағы» жаңа үйлердің Қазақстандағы орташа құны шаршы метріне 248 200 теңгеден келеді. Ал қолданыстағы пәтердің шаршы метрі анағұрлым арзан. 188 800 теңге. Астанада жаңа пәтер алуды екінің бірінің қалтасы көтермейді. Бірақ ол баспана қожайыны болғысы келетін дәулетті жандардың қарасы аз емес. Атыраудағы баға Алматыдағы нарықтан аспаса кем түспейді. Қолданыстағы пәтерлердің ахуалын саралап көрсек, Алматыдағы баспана бағасы бірінші орында тұр. Екінші орында Ақтау. Сарапшылардың болжауынша, жаңа жылдан бастап шарықтаған құн қайта түсуі мүмкін.
"Жаңа үйлер бағасы сәл қымбаттауы мүмкін. Ал қолданыстағы пәтерлер керісінше төмендейді. Себебі, жыл өткен сайын ескі баспананың бағасы көтерілуіне негіз жоқ. Мұндай жағдай тек бізде, әсіресе Астана мен Алматыда болып келді," - дейді «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Қайрат Құдайберген.
Сарапшылар, тауық жылында баспаналы болатындар көбейеді деген пікірде. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы өңірлердегі нарықты жандандырады деген сенімдерін білдірді.