07 Қыркүйек, 2011

Құрғақ қымыз Еуропаның сұранысына ие

462 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Елбасы Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес инновациялық үрдісті игеру мәселесі Семейде де жолға қойы­луда. Өндірісті уақыт талабына сай өрістету мақса­тын­да қолға алынған жобалар аз емес. Сол жобалардың алдың­ғы легі игеріліп, өз жемісін бере бастады. Біз сөз еткелі отыр­­ған өндіріс орнының өнімі бүгінгі таңда Қазақстанды қойып, Еуропада да сұраныс тудырып отыр. Кірпияз еуропа­лық­тардың талғамына сай өнім өндіру Семейдегі «Ибраев-К» өндірістік кооперативінің бас директоры Ғаббас Төкеш­ұлы­ның қолынан келді. Биенің сүті – саумалды бірден құрғатып, ақ ұнтаққа ай­нал­дыру Франция, Германия секілді елдерде ертерек қолға алынған. Қымыздың бұл құр­ғақ түрі тек сусын үшін ғана емес, дәрі-дәрмек жасау са­ла­сында да таптырмайтын шикізат. Міне, құлақпен естігенді көзбен көрген деген осы. Дәл осындай құрғақ қымыз шығару Семей жерінде қолға алынды. Семей – Абай тасжолы бойы­ның 11-ші шақырымында ор­на­ласқан жаңа кәсіпорын наурыз айынан бері қалыпты іске қо­сылып, қымыздың ұнтақталған түрін шығарып келеді. Жаңа кәсіпорынның инженері Ермек Әбдиевтің айтуына қарағанда, құрғақ қымыз өндірісі неміс технологиясымен жабдықта­лып, тиісті қондырғылармен то­лықтай қамтылған. Бие сау­уға арналған арнайы темір торлар салынған. Өндіріс тех­но­ло­гиясы бойынша 100 литр саумалдан мөлшермен 30 кило құр­ғақ ұнтақ алынатын кө­рінеді. Барлық параметрлер тиісінше сақталмаса қажетті мөл­шер­де өнім өндіру қиын. Мәселен, мамандардың айтуына қара­ған­да, биенің сүті сауыл­ған бетте 90 пайыз мөл­шерде ана сүтінің құрамына жақын бо­ла­ды екен. Бұл көр­сет­кіш деңгейі сауыл­ған саумал ыдыста тұр­ған сайын төмен­дей бермек. Саумал бойындағы минерал­ды заттарды қажетін­ше сақтап қалу үшін мұндағы технология бойынша сауылған сау­малды кешіктірмей, өңдеуге мүмкін­ді­гінше тез арада жіберген абзал. Сол үшін де өндіріс цехы мен бие сауылатын орын жақын орналасқан. Бие сауу орны жабық ғимарат ішінде орналасып, төңірегі толықтай таза тұруы қарастырылған. Бұл да құрғақ қымыз сапасының сақта­луы­на қатысты шара. Саумалға сауылған бетте күн, жел тигізбеу де тиісті талаптардың бірі. Қазақ даласында қымызды өндіріс жолымен өңдеп, арнайы құтыларға жауып шығару бұрын-соңды болмағаны белгілі. Қазақ елі өз тәуелсіздігін алып, кәсіп­кер­лікке жол ашылғаннан бері қазақ азаматтары да бизнестегі мүм­кіндіктерін кеңінен пайда­ла­нып, ел мақтанышына айнала тү­суде. Ол бірінші кезекте, мемле­ке­тіміздің шағын және орта кә­сіпті дамытуға баса назар аудар­ған­дығының нәтижесі. Отаны­мыз­дың экономикалық қуаты есе­ленген сайын еліміздің өндіріс са­ласына инновациялық жаңа­лық­тар енгізуге мүмкіндіктер туа бас­тады. Соның нәтижесінде қы­мызды арнайы құтыға құйып шы­ғарудың сыртында құрғақ қымыз өндіруге де қол жетіп отыр. Семейде өндірістік жолмен қымыз­ды құтыларға құйып шығаратын «Асау боттлер» серіктестігі жай­лы осыған дейінгі мақаламызда жан-жақты айтылған. Құрғақ қымыз жергілікті жұрт­ты жаңалығымен тәнті қыл­ғаны болмаса, оны пайдалануға бәлендей ынта таныт­пайтын­ды­ғы анық. Бұл жағын да бизнесмендер ескермей отырған жоқ. Құрғақ қымызға құрақ ұша ұм­тылатын елдермен келісім жүр­гізе отырып, өнімдеріне жол аш­қан. Еуропа елдерінде құтыдағы қымыздың литрі мөлшермен 7-8 еуро болса, құрғақ қымыз килосы 20-25 еуро тұрады. Ал, дәрі-дә­ру­мен бағытындағы құны әлде­қай­да қымбатырақ. Қымыз ұнтағы сиыр сүтінің ұнтағына қарағанда өте жылдам еритініне де ға­лымдар көз жеткізіпті. Нақ­тырақ айтқанда, құрғақ қымыз ұнтағы ол жақта негізінен косметалогия, фармецевтика, балалар мен диеталық тағамдарға қолданылады. Сонымен бірге бұл өнім ғарышкерлер, шахтерлар, альпинистер мен суда жүзушілердің де сұранысын арттыра түсуде. Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­ды­ғына орай «20 жарқын іс» бастамасымен тұспа-тұс ашы­лып жақтан Семейдегі құрғақ қымыз кәсіпорны Қазақстанда бірінші болып қолға алынып отырғанын да айта кеткен жөн. Керек десеңіз, ТМД елдері шең­берінде де бұл шаруаны әлі ешкім игере қойған жоқ. Инновациялық үрдістің игілігін көре бастаған Қазақстан кәсіп­керлері келешекте де тың жобалар мен толайым табыстар тізгінін тең ұстап, игілігін ел көретін іс тетігін таба беретініне еш күмән жоқ. Қайрат ЗЕКЕНҰЛЫ, журналист. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.