13 Қаңтар, 2010

Демократия – даму даңғылы

4334 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
БИЛІК ПЕН АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ “Қызылорда облысы Аза­мат­тық альянс” қауым­дас­тығының төрайымы Дариға АҚМАҒАНБЕ­ТО­ВА­МЕН әңгіме. – Әңгімемізді елімізде демократиялық құндылықтарды қалыптастырып, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан өсіп, өркен жаюына үкіметтік емес ұйымдардың қаншалықты ықпалы бар екендігінен бастасақ. – Елде демократиялық құндылықтардың қа­лыптасуының басты көрсеткіші азаматтық қоғамның негізі болып табылатын үкіметтік емес сектордың даму деңгейі, олардың билік­пен қарым-қатынасы, қоғамның өміршең мә­селелерінің шешілуіне ықпалы болып есеп­те­леді. Алдына демократиялық, зайырлы мемлекет құру мақсатын қойған елімізде егемендік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ азаматтық қоғам институттарының дамуына саяси, құқықтық жағ­дай­лар жасалды. Үкіметтік емес ұйымдардың қоғам өміріндегі рөлін арттыруға Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ерекше мән беріп келеді. Елбасы бекіткен “Қазақстан Республи­ка­сында аза­маттық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырым­дамасы” билік пен ҮЕҰ-лар қа­рым-қатынасының, үкіметтік емес секторды дамытудың негізгі ба­ғыт­­тары мен шарттарын айқындады. Елбасы­ның бастамашылдығымен қоғамдық ұйым­дар­дың бірлігін, олардың билік және бизнес құ­рылымдарымен тиімді қарым-қатынасын қалыптастыру мақсатында Қазақстанның Азаматтық альянсы қауымдастығы құрылды. Елімізде азаматтық қоғамды дамыту, ҮЕҰ-ларды қолдауға бағытталған оң саясаттың нәтижесінде мыңдаған азаматтарды біріктіретін қоғамдық сектор еліміздің экономикалық, саяси дамуына, тұрғындардың әлеуметтік қорғалуына ықпал ететіндей күшке айналды. Тұрғындар өздерінің кепілді құқықтары мен бостандықтарын үкіметтік емес ұйымдар арқылы да талап ететін болды. Үкіметтік емес ұйымдар еліміздегі маңызды саяси-қоғамдық шаралардан тыс қалмайды, қоғам үшін тиімді шараларды қолдайды. Елбасының “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” Жолдауына байланысты азаматтық қоғам өкілдерінің еліміздің барлық аймақ­­­та­рында дөңгелек үстел, қоғамдық тыңдаула­ры өтіп, міндеттері айқындалуда. ҮЕҰ-лар бүгінгі­дей дағдарыс кезінде де азаматтық ұстаным танытуда. Елбасының “Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік” деген үн­деуін басшылыққа ала отырып, қоғам­да ынтымақ, ауызбіршілік болуына, тұрақты­лық­ты сақтау, елімізде жүзеге асырылып жат­қан дағдарыстан шығудың кешенді шарала­рының орындалуына өз үлестерін қосып келеді. – Ендігі сөз кезегін өзіңіз басшылық жа­сайтын облыстық Азаматтық альянс қауым­дастығы атқарып жатқан жұмыстарға берсек. – 2006 жылдың басында қоғамдық құры­лымдардың ынтымақтастық бірлігін, олардың билік, бизнес құрылымдарымен тиімді қарым-қатынасын қалыптастыру, азаматтық қоғамның дамуына ықпал ету мақсатымен Қызылорда об­лысы Азаматтық альянсы қауымдастығы құ­ры­лып, заңды тұлға ретінде ресми тіркеуден өтті. Бүгінгі күні Азаматтық альянс қоғамдық қол­дауға ие болып, облысымыздың саяси-қоғамдық кеңістігінде өз орны бар азаматтық қоғам институтына айналды деуге толық негіз бар. Қазір әлеуметтік әріптестерміз: облыстық кәсіподақтар кеңесі, кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер “Атамекен”одағының облыстық филиалы, үкіметтік емес ұйымдар облыстық қауымдастығы, облыстық кәсіпкерлер одағы, тұтынушылар құқығын қорғау облыстық бірлестігі. Осы құрылым­дар­мен әріптес болып, өлкемізді дамыту, қоғам­ның әлеуметтік проблемаларын шешу үшін бірлескен іс-қимыл жасау жөнінде меморан­думдарға қол қойылды. Азаматтық Альянсқа 32 үкіметтік емес ұйым мүше болып кірді. 2008 жылы “Нұр Отан” ХДП облыстық фи­лиалымен әріптестік меморандумына, ал өткен жылдың наурыз айында облыс әкімімен әріптестік меморандуымына қол қойылды. Сөз орайы келгенде айта кетейін, азаматтық қоғам институттарының ықпалымен көптеген өзекті мәселелер оң шешімдерін табуда. Әкімдіктер, басқармалар мен департамент­тер жанынан құрылған қоғамдық комиссия, кеңестер құ­ра­мына қоғамдық сектор өкілдері тартылуда. Тұрғындардың өміршең мүдделерін қарайтын тендерлік, пәтер бөлу сияқты комиссиялар құ­рамына да міндетті түрде қоғам­дық ұйымдар өкілдері енгізілуде. Үкіметтік емес ұйымдарды қол­дау­дың 2008-2010 жылдарға арналған өңірлік “Әлеу­мет” бағдарлама­сы­ның жобасын әзірлеуге ҮЕҰ-лар өкілдері кеңінен тартылды. Облыстық Азаматтық альянс­тың билік, бизнес құрылымдар, үкіметтік емес ұйымдармен тиімді қарым-қатынасын қалыптастыру ұсынымы да өз шешімін тапты. Өткен жылдың наурыз айында Қызылорда облысы әкімі Б.Қуан­­дықов, облыстық Азаматтық альян­с қауымдастығы, “Игілік” корпоративтік қоры ара­сында бірлескен іс-қимыл мен әріптестік жайлы меморандумға қол қойылды. Азаматтық қоғам өкілінің облыс басшы­сы­мен тең дәрежеде қол қоюы, әріптес болуы облыстың қоғамдық, саяси өмірінде, азаматтық қоғамның даму тарихында елеулі оқиға болды және ол келешекте ҮЕҰ-лардың дамуында, қоғамның проблемаларын билікпен бірлесе отырып шешуде жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Бұл – облыс әкімі тарапынан Азаматтық альянсқа, жалпы үкіметтік емес секторға жа­сал­ған үлкен сенім. Осының нәтижесінде ҮЕҰ-лардың әлеуметтік маңызы бар жобаларын қаржыландыруға бөлінетін ақша да жыл өткен сайын көбейе түсіп келеді. Жалпы, облыстың билік орындарының үкі­меттік емес сектормен қарым-қатынасында оң өзгерістер орын алып, ҮЕҰ-ларды белгілі қо­ғам­дық күш, қоғамның мәселелерін шешуде әріптес деген көзқарас қалыптасуда. Бірқатар мемлекеттік орындар үкіметтік емес ұйым­дармен әріптес болып, олардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып жүр. Олар ҮЕҰ-лармен бірлесіп қоғамдық маңызы бар шаралар ұйым­дастырып, қоғамның өміршең проблемаларын талқылап, оларды шешудің жолдарын бірге белгілеуде. – Өткен жылы Астанада рес­публикалық ІV Азаматтық форум өткізілді. Біздің пайымдауы­мыз­ша, Азаматтық форум – қоғам­дық ұйым­дар мен билік өкілдерінің еліміздің еңсесін тіктеу бағытында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шы­ғара отырып жұмыс жасау үшін бірлесе пікір алы­су алаңы болып табылады. Осы орайда сіз не айтасыз? – Елімізде екі жылда бір рет респуб­ли­ка­лық Азаматтық форум өтіп, оған әрдайым Ел­ба­сының өзі қатысып, азаматтық қоғам өкіл­де­рімен кездесуі дәстүрге айналды. Респуб­ли­ка­лық Азаматтық форум қарсаңында барлық ай­мақтарда облыстық азаматтық форумдар өтеді. Қызылорда облыстық ІV азаматтық форум былтырғы жылдың қыркүйек айында өтті. Жалпы, азаматтық форум өзіңіз айтқандай, азаматтық қоғам мен билік өкілдерінің аймақ­ты дамыту, қоғамды демократияландыру, тұр­ғын­дардың әлеуметтік проблемаларын бірлесіп шешу жайлы пікір алмасып, шешім қабылдау алаңы. Сондықтан облыстық форумға үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, партия, кәсіподақ, басқа да азаматтық қоғам институттары өкілдері, мемлекеттік органдар қызметкерлері, бизнес құрылымдар, БАҚ, зиялы қауым өкілдері шақырылды. ІV облыстық азаматтық форумның күн тәртібінде “Билік пен азаматтық қоғам инс­­­титуттарының әріптестігі мен бірлескен іс-қи­мылының аймақты өркендетіп, тұрғындардың әлеуметтік проблемаларын шешудегі маңызы туралы” мәселе талқыланды. Форум жұмысына облыс әкімі Б.Қуандықов, “Қазақстанның Аза­маттық альянсы” қауымдастығының атқарушы директоры Ш.Әйтенова қатысып, сөз сөйледі. Облыс әкімі облыста азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосып, облыстың қоғам­­дық-саяси өміріне белсенді араласып жүрген бір топ үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері мен өкілдерін Қызылорда облысының “Құрмет грамотасымен” және облыс әкімінің “Алғыс хатымен” марапаттады. Форум жұмысы барысында 2009 жылдың 17 наурызында қабылданған Қызылорда облысы әкімі, “Қызылорда облысы Азаматтық альян­сы” қауымдастығы, “Игілік” корпоративтік қоры арасында бірлескен іс-қимыл мен әріп­тестік жайлы меморандумға қосымшалар мен өзгерістер енгізілуіне байланысты меморан­думның жаңа нұсқасына қол қою рәсімі болып өтті. Форумға қатысушы азаматтық қоғам өкіл­­­­­дері, билік пен бизнес басшылары ынтымақ­тас­тыққа қол жеткізіп, бірлескен іс-қимыл жа­сап, қоғам үшін жауапкершілікті бірге кө­тереміз деген шешімге келді. – Үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарының еліміз еңсесін тіктеп, қарышты қадаммен дами түсуіне сүбелі үлес қосуы үшін оларға да Үкімет тарапынан жағдай жасалуы керек қой. Осыған байланысты өзіңіздің ұсыныс-пікірлеріңізді баян етсеңіз. – Облысымызда азаматтық қоғам дамуында жоғарыда аталғандай, оң нәтижелер бар екені сөзсіз. Дегенмен, ҮЕҰ-лар, басқа да азаматтық қоғам институттарының дамуына, қоғам үшін қызмет жасауына жағдай туғызу, мүмкін­діктерін пайдалану бағытында бәрі жасалды деуге болмас. Біріншіден, үкіметтік емес сектор аудан­дарда, ауылдық жерлерде баяу дамуда. Аудан­дарда әділет департаменті бөлімшелері болға­нымен, олар ҮЕҰ-ларды тіркемейді. Ауданда, елді мекендерде құрылған ҮЕҰ-лар қалаға ке­ліп, әділет департаменті арқылы тіркелуге мәж­бүр. Бұл, әсіресе, аудан, ауылдарда белсенді, ықы­ласты жұмыс істеп жүрген ҮЕҰ-лардың есеп-шот ашып, қаржыландырылуына кедергі келтіруде. Тағы бір күрделі мәселе, ол облыста үкі­меттік емес ұйымдар орталығының, жиналатын жерлерінің болмауы. Жиналып шараларын өткізу үшін қазіргі нарық заманында жалпұл төлеу қажет, ондай мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан біраздан тілге тиек болып жүрген демократия үйінің болуы – өмір талабы. Бұл мәселелер де келешекте шешімін табатынына үмітпен қараймыз. Бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың қызметтері өздері мүдделі топқа бюджет немесе қорлардан алынған қаржы есебінен мейірім­ділік шаралар ұйымдастырумен ғана шектеледі. Ал біздің қоғамымызда ҮЕҰ-лардың, жалпы азаматтық қоғам институттарының айналысып, оң ықпал етуін қажетсінетін мәселелер баршылық. Біздер, қоғамдық ұйымдар, белгілі бір топтың мүддесін қорғаумен қатар, жалпы қоғамымызға ортақ мәселелердің, бүгінгі күн талап етіп отырған өміршең проблемалардың оң шешілуіне ықпал етуіміз қажет. Мысалы, тікелей Елбасының бастамасымен елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүруде. Елбасының бұл саясатын жалпы көп­шілік, қарапайым халық қолдауда, өйткені, сол жемқорлық пен парақорлықтан, үлкенді-кішілі әділетсіздіктен, заң бұзушылықтан зардап көр­ген­дер жетерлік. Бүгінгі күні осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің пәрменділігін күшейтуге ықпал ету біздердің, үкіметтік емес ұйымдардың парызы деп есептеймін. Дүние жүзін шарпыған экономикалық дағ­дарыс біздің елді де айналып өтпеді. Еліміздің ке­мелдігі мен өркенді дамуы сынға түскен шақта аза­маттық қоғам өкілдері, үкіметтік емес ұйым же­тек­шілері, облыстың барлық тұрғын­да­ры дағ­дарысқа қарсы шараларды жүзеге асы­руға жұмы­лып, отаншылдығымызды көрсетуге тиістіміз. Сөзімнің соңында жалпы азаматтық қоғам өкілдерін бірлікке, ынтымақтастыққа шақыр­ғым келеді. Біздер, азаматтық қоғам өкілдері, билік пен бизнес басшылары ынтымақтастыққа қол жеткізсек, бірлесіп іс-қимыл жасасақ, қоғам үшін жауапкершілікті бірге көтерсек, оң нәтижеге жетеріміз сөзсіз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Еркін ӘБІЛ.