02 Ақпан, 2017

«Атамекенге» жауапкершілік жүктеді

215 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауына байланысты брифинг өткізді. Өз сөзінде ол бас құжаттағы бес негізгі бағыттың барлығына кәсіпкерліктің қатысы барын баса айтты. Сонымен қатар, «Атамекеннің» өз алдына дербес қалыптасқан институт ретінде Жолдауға арқау болуы үлкен жауапкершілік жүктейтіндігін жеткізді. «Елімізде жаппай кәсіп­кер­­лікті дамытуға Үкімет пен «Атамекен» бірлесіп, лицензия, рұқ­­сат қағаздарын қысқарту ар­қылы септігін тигізуде. Бірақ жер­гілікті атқарушы органдар әлеу­меттік салаға көбірек ден қойып, кәсіпкерлікті өркендету жа­ғы кемшін соғып жатыр. Өңір­­лерде жер телімдерінің кә­­сіпкерлерге еш кедергісіз, қа­­ғазбастылықсыз, жария түр­де берілуі әлсіз жүруде. Өкі­ніш­ке қарай, онлайн алаңдар дұ­рыс жұмыс істемейді», деді Абылай Мырзахметов. Бас­қар­ма төрағасының сөзінше, әкім­дік­тер құрылыс салуға қажет құ­жаттарды алуды күрделендіріп жі­­берген. Кейбір салық түр­ле­рінен тыс, елдегі алпысқа жуық индустриялдық аймақ пен әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорация­лар қызметі бизнесмендердің кө­ңілінен шықпайды. «Әкімдіктердің қолында кә­сіп­керлерге көмегі тиетін а­у­қы­м­ды да сан алуан қуатты құ­ралдар бар. Алайда, бұлар пәр­менділігін бай­­қатпауда. Орта­лықтан ке­ле­тін шағын не­сиені бөлуді де әкімдіктер ше­шеді», деген А.Мырзахметов «Атамекеннің» былтыр бір­қатар өңірде шағын не­сие­леу бағдарламасын та­быс­т­ы атқарған тәжірибесін атады: «Өткен жылы алты облыста пи­лот­т­ық жобаларды жүзеге асыр­дық. Әсіресе, Маңғыстау об­лы­сында жергілікті бюджеттен қар­жы бөлініп, кәсіпкерлікке оң бет­бұрыс аңғарылды. Мұ­най­лы өңірде «бір терезе» ұс­та­ны­мы­мен жаңа орталық ашылды». Басқарма төрағасы бас құ­жат­та бизнес-қауымдастыққа жүк­телген міндеттерге нақ­ты­­рақ тоқталып, былай деді: «Қазақ­стан­ның стратегиялық мақ­сатында 2050 жылға ішкі жал­пы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі кемінде 50 пайыз болуын көздейді. Соны­мен қатар, Жолдауда тікелей «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер па­ла­тасының атын атап, арнайы тапсырмалар беруі, шағын не­сие беру аясын кеңейтіп, кә­сіп­­керлерге қызмет көрсету те­тік­­­терін белсенді пайдалану, биз­­­нес жүргізу және қаржылық са­уат­тылыққа үйрету ісін ұйым­дас­­тыру мәселелері де қамтылып отыр­ғаны үлкен жауапкершілік жүктейді». А.Мырзахметовтің айтуын­ша, ҰКП өңірлерде бизнес жүр­гізуге бағытталған ағар­ту­шылық-бейімдеушілік жұ­мыс­та­рын жүргізетін болады. Нә­ти­­желі жұмыспен қамту және жап­­пай кәсіпкерлікті дамытудың мем­­лекеттік бағдарламасы ая­сын­да «Bastau Бизнес» жобасын іске қосып, 14 облыстың 80 ау­да­нынд­а арнайы оқу курсын өт­кізеді. Баспасөз мәслихатында кә­сіп­керлерге «бір терезе» қа­ғи­да­­сымен жұмыс істейтін орта­лық­­тар арқылы көмек көрсету мә­­селесі, өз ісін бастаймын деген аз­а­маттарды қағазбастылықтан ары­л­­туға септесетін «Atameken Services» қосымшасы тура­лы сөз болды. Сондай-ақ, «Ата­ме­кен» ҰКП тарапынан жап­пай кә­­сіпкерлікті, соның ішін­де от­ба­­сылық кәсіпкерлікті да­мыту ба­ғытында, мемлекет-же­ке­мен­шік серіктестігі аясын ке­ңей­ту­ге арналған жұмыстар ке­шені ұйым­дастырылатындығы ай­ты­л­ды. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»