Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабатамен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесуде сенатор Мемлекет басшысының өткен жылғы қарашадағы Жапонияға ресми сапарының нәтижелі әрі мазмұнды болғанын атап өтті. Ал И.Кавабата Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуымен құттықтады және екіжақты қатынастарды дамытуда мерейлі жыл қосымша серпін беретінін атап өтті.
Елші екі елдің заң шығару органдары арасындағы ынтымақтастықты үдету мақсатында алдағы уақытта жапон парламент-
шілерінің сапары туралы хабардар етті. Тараптар екіжақты байланыстардың экономикалық, гуманитарлық және мәдени мәселелерін де талқылады.
Кездесу соңында Жапония елшісі қазақстандықтарды Алматыдағы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың ашылуымен құттықтады.
* * *
Дариға Назарбаева, сондай-ақ, Италия елшісі Стефано Раваньянмен кездесті. Әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық аренадағы өзара іс-қимылдың бірқатар мәселелері талқыланды. Сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуға баса назар аударылды. Атап айтқанда, кездесуге қатысушылар инвестицияға өзара қолдау білдіру және бизнесті қорғаудың заңнамалық мәселелерін қарастырды. Д.Назарбаеваның пікірінше, Қазақстан Италия бизнесінің көрші мемлекеттер нарығына шығуы үшін тамаша көпір бола алады.
С.Раваньян Италияның ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуы туралы әңгімеледі. Италияның бірқатар аймағын белсенді түрде тарту, сондай-ақ, опера өнерінің жұлдыздары қатысатын ауқымды мәдени бағдарламалар ұйымдастыру көзделіп отыр.
Д.Назарбаева екі ел арасындағы сенімді қатынастар орнатуда парламентаралық үнқатысудың маңызды рөлін атап өтті. Осыған байланысты парламенттік делегациялардың сапарлары екіжақты ынтымақтастыққа жаңа қарқын беретіні көлденең тартылды.
Кеше Сенатқа Германия елшісі Рольф Мафаэль де келді. Д.Назарбаева дипломатты Қазақстандағы миссиясының басталуымен құттықтады және екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтудағы жұмысының табысты болуына тілектестігін білдірді.
Д.Назарбаева БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстанның басымдықтары туралы хабардар етіп, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік, терроризмге қарсы өзара тығыз іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Германия елшісі Сирия дағдарысын реттеу жөніндегі Астанада өткен келіссөздерге жоғары баға берді. Сондай-ақ, екіжақты экономикалық және гуманитарлық байланыстар, инвестицияларды қолдау мәселелері де қозғалды.
Сенатор неміс дипломатын Қазақстан Парламентінің қызметімен таныстырып, конституциялық реформалар мен Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын жүзеге асыруға заң шығарушылардың қатысуы туралы айтып берді.