Қазақ мемлекеттік педагогикалық қыздар университетінде «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері – Алматы қалалық мәслихатының бір топ депутаты оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттермен кездесті. Кездесу барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі әлеуметтік-экономикалық үдерістерді реттеуге байланысты билік құрылымдары арасындағы өкілеттіктерді бөлу туралы Үндеуі талқыланды.
КездесудіТәуелсіздік партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Алматы қалалық мәслихатындағы депутаттық фракция мүшесі, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева ашып, осындай қызу талқылаулар еңбек ұжымдарымен қатар, барлық жоғары оқу орындарында өтіп жатқанын айтып, арнайы келген депутаттарды таныстырды.
– Мемлекет басшысының конституциялық реформалар жасау туралы жаңа ұсынысы әлемдегі болып жатқан саяси құбылыстардың барлығын ескере отырып, әбден қорытылған идеялар арқылы негізделген шынайы, билік тармақтарын қайта жасақтаудың нақты жобалары болып табылады. Бұл қадамдар биліктің басқару нысандарындағы жүйелерді жаңғыртып, ондағы ауыр қимылдайтын тетіктерді жаңаша қозғалысқа түсіретіні анық. Бұл шын мәнісіндегі елде болатын нағыз саяси құрылымдық өзгерістер, – деді Динар Нөкетаева.
Жиында сөз алған Алматы қалалық мәслихатының депутаттары – «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Ильдаш» татар гуманитарлық даму орталығының төрағасы Нурия Ниязова, «Алматы менеджмент және қызмет көрсету» колледжінің директоры, Алматы қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Роза Бадаева, философия ғылымдарының докторы, ҚазМҚПУ әлеуметтік-гуманитарлық пәндер факультетінің доценті Сапар Оспанов, университеттің 3-курс студенті, «Парасатты нағыз лидерлер одағы» пікірталас клубының төрайымы Іңкәр Алмасбек өздерінің ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, бұл тарихи құжат еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің басталуы деп баға берді.
– Бұл ұсыныстар – қоғамдағы үлкен өзгерістердің бастамасы ғана емес, ендігі жерде билік тармақтарының қызметіне деген халықтық бақылауды күшейту деген сөз. Депутаттар өз сайлаушылары мен мемлекеттік аппараттың арасын байланыстыратын алтын көпір болса, енді мына өзгерістер енгізілген соң, еліміздегі барлық әлеуметтік, саяси, экономикалық үдерістердің барлығына қадағалау жүргізе алатын құқықтарға ие болатыны қуантады. Мәжіліс депутаты кез келген министрден атқарылған істердің нәтижесін талап етумен бірге, оны жауапкершілікке тарта алатындығы халықтың көкейінен шығып отыр, – деді мәслихат депутаты Қали Сәрсенбай.
Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының баспасөз хатшысы Қайым-Мұнар Табеев 26 қаңтардан бері барлық аудандық филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарында белгіленген жоспар бойынша Үндеуді талқылау жүріп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, мәслихат депутаттарының қатысуымен партиялық пікір алмасу алаңдарында, еңбек ұжымдарында қызу талқылаулар жалғасуда.
Жиын соңында мәслихат депутаттары да, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер де Елбасының билік тармақтарына конституциялық өзгерістер енгізу туралы Үндеуіне бірауыздан қолдау білдірді.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ