«Бірлік» партиясы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтылған жаңғырту бастамасын толық қолдайды. Өйткені, экономикалық өсімдегі жаңа үлгілердің қалыптасуы Қазақстанның Үшінші жаңғыруындағы басты басымдықтар болып табылады.
Елбасымыз өз Жолдауында бұл «жаңғырту» – ағымдағы жаһандық мәселелермен күресу жоспары емес, «2050» стратегиясы мақсаттарын жүзеге асыру мен Бес институттық реформа аясында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының талаптарын орындай отырып, болашаққа жетелейтін сенімді көпір болып табылатындығын атап өтті.
Қазақстанның экономикалық өсу қарқыны мен тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін Үкімет «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамалары» – 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын жасайтын болды.
Бұл Жолдауда барлық мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарынан инновацияны кең ауқымда қолдау мен шикізатсыз экспорт көлемін ұлғайтуды, еңбек нарығын жаңғыртуды, шағын және орта бизнес тетіктерін кеңейтуді нақты талап етуді күшейту көзделеді.
Сондай-ақ, «Бірлік» партиясы адамның сапалық әлеуетін дамытуға байланысты өзекті мәселелердің Жолдауда айтылғанына ерекше қолдау білдіреді. Әсіресе, білім беру саласы экономикалық өсудің жаңа үлгісі ретінде басты назарда тұрмақ. Ал үш тілді қоғам негізінің қалыптасуында мемлекеттік тілдің даму деңгейі жаңа қарқын алады деп күтілуде.
Партия кеңесінің қорытындысында «Бірлік» партиясы Қазақстан халқы мен қазақстандықтарды Мемлекет басшысының Жолдауын толық қолдауға және оның жүзеге асыруда белсенді болуға шақырады.
«Бірлік» саяси партиясы