Өткен ғасырдың 70-жылдары белгілі америкалық футуролог Элвин Тоффлер өзінің әйгілі бестселлері «Болашақтың таңғажайыбы» атты шығармасында алдағы компьютерлік ғасырдың ғаламатын қиялмен суреттегені белгілі. Қаламгердің сәуегейлігі таңғаларлықтай көрегенділік екеніне бүгінде көзіміз жетуде. Қазіргі уақытта өмірімізде электрондық құралдардың төрімізге еніп, төрелік етуі осыған айқын дәлел болмақ.
Жаңғырудың қазіргі дәуірі әлемдік экономиканы жаһандық деңгейде цифрландыруды көздейтін Төртінші өнеркәсіптік революцияны бастан өткеруде. Сондықтан, ауыспалы технологиялық тұрмыс салты тұсында қолда бар резервтерге неғұрлым үміт арту, бейнелеп айтқанда, келмеске кері кетумен тең болмақ.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жаңа Жолдауын практикалық шешімдердің арсеналына арқасүйей отырып, академиялық бастаулармен үйлесімді үндесетін жаңа үлгідегі құжаттардың қатарына енгізуге болады.
Халық Мемлекет басшысының жаңа Жолдауын шынайы тағатсыздықпен күтетіні құпия емес. Қоғам әрбір Жолдаудан баршамызды толғандыратын көкейкесті мәселелерге жауаптар іздейді.
Президент әрдайым қазақстандықтардың сауалын қанағаттандыратын бірегей әрі дәл жауаптар тауып келеді. Егер мәселенің шешімі кейінге қалдырылған жағдайда, тиісті мерзімнің өзгеру себептерін тұжырымды және нақты түрде түсіндіреді.
2017 жылғы Жолдау – теориялық-практикалық түрде салмақталған жоғары деңгейдегі құжат. Онда Қазақстан жолының мазмұнды құрамдасы: Жаңғыру үштігінің қысқаша түсіндірмесі беріледі.
Дәлірек айтсақ, Бірінші жаңғыру – әлем картасында жаңа мемлекеттің құрылуы. Екінші жаңғыру – «Қазақстан-2030» Стратегиясының қабылдануы, жаңа елордамыз Астананың салынуы. Үшінші жаңғыру – Ұлт жоспарының аясында «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру.
Елбасы әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына кіру үшін 5 негізгі басымдықты айқындайды. Басқа басымдықтардың мәнін аласартпастан назарларыңызды мына екеуіне ерекше аударып көрсек. Бірінші – экономиканың үдемелі технологиялық жаңғыруы және Төртінші – адами капиталдың сапасын жақсарту.
Мемлекет басшысы бұл құжатта да жан-жақты объективтілігі мен барынша аксиомалығын көрсете отырып, «әуелі – экономика, одан кейін саясат» деп аталатын өзінің әйгілі қағидасын алға тартады. Әлбетте, экономиканы түбегейлі жаңғыртусыз басқа салалардың дамуы туралы сөз қозғаудың өзі артық. Ал өзгерістердің драйвері, әрине, адами капитал болып табылады. Адами капиталды нақты жақсартуда жария етілген мақсаттарға қол жеткізудің кілті жатыр. Бұған біз экономикалық өсудің жаңа моделіне оқу-білімді түпқазық етіп белгілеу арқылы қол жеткіземіз.
Баршамыз жас мемлекетіміздің ширек ғасырдағы қалыптасуы мен құрылуындағы қазақстандықтардың өмір сапасының мейлінше артқанының куәсі болып келеміз. Бүгінде елімізде халықтың орташа өмір сүру деңгейі 72 жасты құрайды. Әрине, адамның жасы ұлғайған тұста қалыпты өмірді ұстап тұру үшін медицинаның көмегіне жүгінетіні белгілі. Кейінгі кезде медициналық препараттар бағасының өсе түскені жасырын емес. Сол себепті, емдік құралдардың бағасын реттеуді енгізу қажет етілген әрі шешімін күткен шара болып табылады. Ал зейнетақыны 20 пайызға арттыру – Елбасының заманауи қуатты Қазақстанды өз қолдарымен және зерде-парасатымен құруға күш салған аға буынға деген ұдайы қамқорлығының айғағы.
Еліміздің сатылап дамуының келесі маңызды көрсеткіші халықтың өсімі болып табылады. Бүгінде біздің халқымыз 17,9 млн адамды құрайды. Жылына 400 мыңның шамасында нәресте дүниеге келеді. Осылайша қазақстандықтар ел Президентінің сындарлы саясатына қолдау көрсетуде. Сондықтан Мемлекет басшысы күрделі экономикалық кезеңге қарамастан, бала өмірге келгенде бір реттік берілетін жәрдемақының мөлшерін 20 пайызға өсіру жөнінде шешім қабылдады.
Бастысы, Мемлекет басшысының Жолдауы ағымдағы сан алуан өзгерістерді түсіндіре отырып, өмірлік тұжырымдарға қозғау салады және бізді алдағы іс-әрекеттеріміздің нақты кешенді бағдарына бастайды.
Еліміздің Үшінші жаңғыруы жөніндегі «Қазақстанның Ұлттық технологиялық бастамасы» атты 2025 жылға дейінгі дамудың жаңа стратегиялық жоспары Ұлы Дала елінің одан әрі өрлеуі мен өркендеуіне жол ашатынына сенімдіміз.
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы