02 Ақпан, 2017

Әміре Қашаубаев жайлы ағылшын тілінде кино түсірілуде

617 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Әміре Парижде» атты кітаптың тұсаукесерінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақтың танымал дәстүрлі әншісі Әміре Қашаубаев туралы ағылшын тілінде кино түсіріліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, көркем фильм алдағы маусым айында жарыққа шығады. Әнші Әміренің рөліне талантты жас актер Санжар Мадиев таңдап алынған. «Біз көркем фильмді дүниежүзілік прокатқа дайындап жатырмыз. Біз Әмірені әр қазаққа дәріптеуіміз керек. Сондай-ақ, дүние жүзіне де осындай даңқты адам туралы көрсетуіміз керек. Ол әдемі адам, сырт келбеті, жүріс-тұрысы, болмысы көркем адам болған. Фильм ағылшын тілінде түсірілді. Қазақша дубляжы жасалуда. Фильм америкалық үлкен компаниямен бірлесіп түсірілді. Қазақстан бюджетінен 400 миллион теңге бөлінді. Ал шетелдік компания тарапынан одан да қомақты қаражат жұмсалды» - деді Мәдениет және ақпарат министрі А.Мұхамедиұлы. Ол осы шаралардың ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына, ЭКСПО-2017 көрмесі мен даңқты әншінің 130 жылдығына арналатынын баяндады. Көркем фильм де, кітап та әншіні танытуда, оның өміріндегі көптеген деректермен таныстыруға қызмет ететінін жеткізді. Кітап туралы министр бұрын еш жерде жарияланбаған деректер бар екенін айтты. Сондай-ақ, Әміре Қашаубаевтың Парижде алған күміс медалінің Ұлттық Музейге табысталатынын жеткізді. Айта кетейік, «Әміре Парижде» кітабының авторы қырық жылдан бері даңқты әншіні зерттеп жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрім. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ