2016 жылы Қызылорда облысында өңдеу секторындағы өсім 15 % -ды құрады. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жүзеге асыруға арналған облыстық идеологиялық актив жиынында мәлімдеді.
Жолдауда Президент еңбек өнімділігін арттыруды тапсырған болатын. Соңғы жылдары Қызылорда облысы өңдеуші секторды тұрақты дамытуға қол жеткізді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша бұл саладағы өсім 15 пайызды құрады. 2012 жылмен салыстырғанда өсім 52 пайыз. Осы саладағы еңбек өнімділігі 6 есе (республикада 2,4 есе) өскен.
Нәтижесінде өнеркәсіп құрылымында өңдеу секторының үлесі 4 есеге, ал, аймақтық жалпы өнім құрылымында 3,5 есе өсті.
-Біз қарқынды төмендетпеуіміз қажет. Инновацияны қолдау және оларды өндіріске жылдам енгізу жаңа индустрияны қалыптастырудың маңызды шарты болып табылады. Сондықтан кәсіпорындарда еңбек өнімділігін арттыру үшін облыс әкімінің орынбасары Е. Кимге 2017 жылдың 15 наурызына дейінгі мерзімде жаңа технологияларды енгізудің мүмкіндіктерін зерттеуді тапсырамын, - деді облыс әкімі.