02 Ақпан, 2017

Бизнес әлеуметтік салаларға қаржы сала бастады

423 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бизнес субъектілерінің білім беру саласына салған қаржысы бір жылда 37,9% өссе, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет саласына салған инвестициясы 7,2% ұлғайған. 2016 жылы білім беру саласына салынған инвестиция 219,3 млрд теңгені құрады. 2015 жылғы көрсеткіш те осындай болған. Ал 2014 жылы инвестиция көлемі 229,4 млрд теңге болды. 2013 жылғымен салыстырғанда бұл 58,4% артық, деп жазады ranking.kz. Соңғы бірнеше жылда кәсіпкерлердің әлеуметтік салаға қаржы салуына түрткі болған фактор мемлекеттік-жеке меншік серіктестік бағдарламасының қолға алынуы. Тиісінше, мемлекеттік сектор әлеуметтік салаға құятын тікелей инвестициясын 2015 жылы 13,1% азайтса, 2016 жыл 16,9% қысқартты. Ал кәсіпорындардың өзіндік қаражаты 2014 жылы 2,2 есе, 2015 жылы 22,9 пайыз, ал 2016 жылы 37,9 пайыз көбейді. 2016 жыл қорытындысы бойынша, бизнестің білім беру саласына салған қаражаты жалпы инвестицияның шамамен 42%-ын құраса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 30,2%, 2014 жылы 23,5%, 2013 жылы 17,2%-ды құраған. Өңірлер бойынша ең көп инвестиция Астана қаласына тиесілі. Елордадағы инвестиция көлемі 67,1 млрд теңге, бұл республика бойынша салынған қаражаттың 30,6%-ын құрайды. Астанадағы ең ірі инвестиция негізінен Назарбаев Университетіне тиесілі. Сонымен қатар, алғашқы үштікте 38,8 млрд теңгемен (17,7%) Алматы облысы және 33 млрд теңгемен ОҚО бар. Ал денсаулық сақтау саласына келер болсақ, салаға салынған мемлекеттік және жергілікті бюджет инвестициясы бір жылда 30,1% қысқарды. Керісінше, бизнестің өзіндік қаражаты 2016 жылы 7,2% ұлғайып, 23,5 млрд теңге болды. 2015 жылы бұл көрсеткіш 5% болған еді. Ал 2014 жылы 2013-пен салыстырғанда бірден 67,6% көбейген болатын. Жалпы, 2016 жылы денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына салынған қаражат 62,8% өсімді көрсетті. Дегенмен, бұл 2015 жылғымен салыстырғанда 20,2% аз. Соның ішінде 37,5% кәсіпкерлердің өзіндік қаржысы. Өңірлер бойынша денсаулық сақтау саласына ең көп қаржы салған кәсіпкерлер Алматы облысында (8,3 млрд теңге, республика бойынша салынған инвестицияның 13,3%-ын құрайды). Сонымен қатар алғашқы үштікте Астана қаласы (78 млрд теңге) мен Алматы қаласы (7,3 млрд теңге).