02 Ақпан, 2017

Оңтүстікте Универсиада жеңімпаздары марапатталды

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бүгін облыс әкімі Ж.Түймебаев  Алматы қаласында өтіп жатқан 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдады, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғап, Универсиада ойындарындарында жеткен жетістіктері үшін әкім оларға алғысын білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді. Сонымен қоса, алғыс хатпен марапаттап, қаржылай сыйлық табыс етті. «Универсиада Қазақстан Республикасының ұлттық жобасы және еліміздің 25 жылдық тарихындағы ең ірі мультиспорттық іс-шарасына  бағаланып отыр. Бұл тарихи жеңіске бүкіл қазақ елі мен Елбасымыз және үш миллионға жуық тұрғыны бар оңтүстік жұрты да ерекше  қуанышқа бөленді. Спортшыларымыздың арқасында, жоғары деңгейдегі Әлемдік байрақты бәсекеде  еліміздің көк байрағы желбіреді.Сіздер біздің жігерлі күрес пен асқақ жеңістерге толы Ұлттық Рухымызды паш еттіңіздер. Сіздердің жеңістеріңіз  спортты дамытуға барлық жағдайды жасаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың спорт саласына деген қамқорлығының және қолдауының жарқын дәлелі», - деді аймақ басшысы. Алматы қаласында бастау алған жарыстың бірінші күні ел қоржынына фристайл спортының акробатика тәсілімен секіруден Жібек Арапбаева күміс медаль ұтып алса,  Жанбота Алдабергенова қола медалге қол жеткізіп, ел құрамасын командалық есепте төртінші орынға шығарды. Ал, 31 қаңтар күні, Ж.Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек командалық сайыста алтын медальға  қол жеткізді. "Жерлестеріміздің Универсиада төрінде жасаған үлкен ерліктері үшін І орын алған спортшыларымызға үш миллион теңге, ІІ және ІІІ орын алған спортшыларымызға екі миллион теңге, ал жаттықтырушы Мұрат Аблятифовқа 2 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді", делінген хабарламада.