02 Ақпан, 2017

Жамбыл облысында 50 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды

615 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жамбыл облысында 50 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды, деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі. Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары арасында агроөнеркәсіп кешенін және ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік саясатын іске асыру шеңберінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды ынталандыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 7 млн 540,0 мың теңге қаражат бөлініп, «Қазақ аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми зерттеу институты» ЖШС мамандарымен бірлесе отырып, шаруашылықтар арасында ауыл кооперацияларының қағидаттары мен тетіктері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудандарда шаруашылық жетекшілерімен жалпы 44 семинар-кеңестер өткізіліп, 1000-ға жуық арнайы әзірленген кітапшалар мен буклеттер таратылды. Нәтижесінде бүгінгі күні облыста 27 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, Әділет басқармасынан тіркеуден өтсе, 23 ауыл шаруашылығы кооперативтері қайта тіркеуден өтіп, облыста бүгінгі күні 700-ге жуық ұсақ шаруашылықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтар мүшелері біріктіріліп, 50 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Сонымен қатар, облыста сүт кластері бойынша 2 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, құрамына 57 шаруашылық біріккен. Егін шаруашылығы бағытында 36 кооператив құрамына 631 шаруашылық біріксе, мал шаруашылығы бағытында 6 ауыл шаруашылығы өндірістік кооператив құрамына 68 шаруашылық біріккен. «Ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыру мақсатында жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану есебінен азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешу» жоспары бойынша облыста сүт бағытында 2 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрамына 50 жеке қосалқы шаруашылық мүшелікке тіркелсе, ет бағытында 4 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрамына 116 жеке қосалқы шаруашылық біріккен. Сондай-ақ, ағымдағы жылы облыс бойынша 40 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру жоспарланып отыр. Оның ішінде 6-ы жеке қосалқы шаруашылықты біріктіру арқылы ет, сүт, көкөніс, құс шаруашылығы өсіру бағытындағы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру.