08 Қыркүйек, 2011

Сол баяғы Тұрымтай

795 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Иә, сол баяғы Тұрымтай. Өзгер­мейтін сияқты. Студенттік шақ бірге өтті. Біразымыз өмірдің, уақыттың жолдамасымен еліміздің тұс-тұсына аттансақ та, Алматыға қайта бір соғуға асығар едік. Алдымен университетімізге баруды парыз санай­тынбыз. Сонда алдымыздан шуақты күлкісімен Тұрым­тай шығар еді. Көңіл құлпырып сала беретін. Сірә, жастық шақ бірге өтіп, енді, міне, бірге қартайып келе жатқан соң ба, әйтеуір Тұрекең өзгермейтін сияқты. Студент болды, университеттің өзінде қалды, оқытушы болды, доцент... Бәрі­бір, Тұрымтай өзгермейді. Сол баяғы жайдары қалпы, әдемі күлкісі, ет жүрегі елжіреп тұратын бауыр­малдылығы. Сол бір қасиеттер өзгер­меген соң, адам өзгере қоймайтын шығар, сірә. Қазір журналистерді даярлайтын оқу орындары көп. Әңгіме олардың қалай даярлайтынында емес, бұрын жұрт журналист дипломын бір-ақ жерден – Қазақ университетінен, оның журналистика факультетінен алатын. Және оларды бітірген азаматтар өз қалаған жағына кете де бермейтін. Жіберген жағына ғана баратын. Ал жіберетін – республика Компартиясы ор­талық комитетінің үгіт-насихат бөлімі. Оның айтқанына көн­беуге болмайды. Бұл бөлім бүкіл республикадағы журналист кадрла­рының орналасу жағ­дайын бес саусағындай білетін де, университетті бітірген журналистерді облыстарға ша­шауын шы­ғармай бөліп отыратын. Содан да ҚазМУ-ды бітірген журналистерді рес­публиканың барлық облыс орталық­тарынан ғана емес, барлық ау­дан­дарынан да кездестіруге болар еді. Мұны ежіктеп айтып отырғанымыз сол ҚазМУ-дың журналистика факультетінде 1955-2004 жылға дейін оқы­ғандар және жолдамамен респуб­ли­каның жер-жеріне жіберілгендер Тұре­кеңді, Тұрымтай Тұрлыбайқызы Дүйсе­баеваны таниды. Танығанда, айрықша құрмет көрсетеді, өзінің жақын ада­мындай санайды. Жоғарыда мен Тұрекеңді 1955-2004 жылдарда оқығандар біледі дегенді айт­қанда, біреулер осында шамалы жаң­сақтық бар-ау деуі де мүмкін. Өйткені Тұрымтай оқуға сол 1955 жылы түс­кенімен, университетті 1960 жылы бітіріп, сонда оқытушы болып қалған. Сонан соң, Тұрекең ұстаздық қызметін 1999 жылы аяқ­тады. Сонда университетті 2004 жылы бітіргендер бұл кісіні қайдан білер дерсіз. Жақында Оңтүстік Қазақ­станда бір журналист қарында­сы­мыздың: «Бірінші курста бізге Тұрым­тай апайымыз сабақ берген, сонан соң зейнеткерлікке шығып кетті ғой. Ал біз ол кісіні әлі жап-жас деп жүрсек», дегені бар. Мұны да біз Тұрекеңнің өзінің университетіне сіңірген еңбегіне баға беру үшін айтып отырмыз. Ол кісінің өмірі Қазақ ұлттық университетінен ажырағы­сыз. Оқып, одан білім алып қана қойған жоқ, барлық еңбек жолын сол университетіне, ұстаздыққа, шә­кірттерін журналистік маман­дықтың қыр-сырын мең­гер­туге арнады. Адами бақытын да сол университетінен тап­ты десек болған-ды. Осы жерде Тұрымтайдың студенттік шағына қайта оралуға тура келеді. Бірге оқығандардың арасында да бір-біріне жақынырақ, топтаса жүретіні болады. Біздің осындай тобымызда Сәңгерей Тәжіғұлов, Тұрымтай Дүй­себаева, Амангелді Ахметәлімов, мен және Валерий Дөненбеков бол­ды. Бұл тізім жасымызға қарай жасалып отыр. Үлкеніміз Сәңгерей 1935 жылғы, кәдімгідей өмір көрген сақа жігіт сапында. Одан кейінгілері бір жастан төмендей береді. Ең кішіміз Валерий оқуға түскенде 16 жаста еді. Осы бесеуі­міз бес жыл бойы барлық емтиханға бірінші болып кіретінбіз. «Жүйкені тоз­дырмай, бірден бітіріп алғанымыз жөн», дейтін үлкеніміз Сә­кең. Жа­сыратын несі бар, бір-бірімізге қа­рай­­ла­суды да ұмыт­паймыз. Бір пәнді жетіктеу білетініміз ал­ды­мен екін­шіміздің сұ­р­ағына жауап жазамыз. Содан да университетте оқы­­ған кезде бе­сеуіміздің де баға­ларымыз жаман болған жоқ. Біздің бұл топ­қа бірігуіміздің де бір сы­ры бар. Сәң­герей, Валерий жә­не мен ал­ғашқы жылы пәтерде бірге тұр­дық. Жо­ға­рыда айтқандай, сақа жігіт Сә­кең­­нің бірден Тұ­рымтайға көзі түс­кен. Сі­рә, оны басқа­лар­дың да Тұ­рым­тайға көз салғаны асық­ты­рды-ау ша­ма­сы, ақыры үй­леніп тынды. Бұл біз­дің то­бымыздың ын­ты­мағын бұ­рын­ғыдан да кү­шейт­ті. Бір үй­дің бала­сын­дай жүрдік. Тіпті Сә­­кеңді «папа» деп, Тұрекеңді «ма­ма» деп атау­ды соңғы кезге дейін жалғастырғанбыз. Сәкеңнің «балам» деп айтқан сөзінің кәдімгідей салмағы болатын. Оның айтқанын біз әсте де екі етпес едік. Осындай жақындықтан да Тұрым­тай қызға қанша жұрттың сұқтанғанын сөз еткіміз келмейді. Көрік өз алдына, Тұрым­тайдың әншілігіне оны тың­дағандардың ешқайсысы да тамсанбай тұра алмас еді. Сонау 1957 жылы Мәскеуге Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегеновалармен бірге ба­рып, ән шырқап, жүлде алғаны не тұрады! Сондай қызға қанша жігіттің сұғын қадап, қанша ақынның өлең арнағанын кім санапты, тек Тұманбайдай үлкен ақынның Тұрымтай Тұрлыбай­қызының 60 жасқа толған кезінде жазған жыр шашуынан екі шумақ келтіруді жөн көріп отырмыз. Әнші қызға ғашық боп бақыт тапқан жоқ ешкім, Өзім қолым жетпеске қол да созған емеспін. Құшағынан шыға алмай отыратын кезім бар, Таңғажайып таңдағы тәтті-тәтті елестің. Бұлт ішіне көрінбей ұшып кетті ән өрлеп, Әп-әдемі әншінің өз өмірін мәнерлеп. Алпыстағы әжеге сұқтана ма қара шал, Баяғыда осы қыз әдемі еді-ау, шіркін деп. Тұрымтай әнді керемет айтатын. «Махаббат вальсін», «Толқынды» Тұре­кеңдей айтатын әнші жоқ дейтінбіз. Сондай әншілігін тастап кеткенін өнер­ге қиянат санағандар да болды. Ал Тұ­рымтай қыз барлығын да өзі тағ­дырласқан азамат үшін, отбасының қамы үшін құрбан еткен. Кейде өнер жерде жатқан нәрсе емес қой, жеке бір адамдардың ғана үлесіне тиетін тағдырдың сыйы емес пе еді, әншілігін босқа тастады-ау десек те, алдымен отбасын ойлаған ананың алдында бас иесің. Осы жерде тағы бір жай ойға оралады. Университетте қалғанымен, біраз уақыт Тұрымтай лаборанттық қызметте жүріп қалды. Қабілет-қарымы бұдан әлдеқайда жоғары адамға бұл да салмақ. Осындай кезде Тұрекең әзірлеген бір жұмысқа жоғары баға берген университет ректоры Асқар Закарин оған беделі де, жалақысы да жоғары әкімшілік қызмет ұсынады. Басқалар болса, бірден келісетіні анық. Ал Тұрекең отбасымен ақыл­даспай қадам жа­самайды. Ота­ға­сы Сәң­герей аға­мыз келіспепті. Бұл әңгіменің шет жағасына біз­­дің де қатыс­қанымыз бар. Семейден Ал­маты­ға жол түсіп, «ата-ананың» үйі­не тоқ­та­ған­мын. Тұре­кеңнің көңілінде реніш. «Қа­шанғы лаборант болып жү­ремін. Ұсынып отыр­ған қыз­мет­тің бұ­дан кейін реті келе бермес», деді. Оны біз де ма­құлдап, Сәкеңе ықпал етпек бол­дық. «Бір үйге бір сері жететін шы­ғар. Екеуміз де сері болып кетсек, бала­лар­ға кім қа­рай­ды?» – деді Сәң­ге­рей ағамыз. Мәселе осы­лай ың-шың­сыз шешілген. Тұ­ре­кең өз «құ­қы­ғын» қорғап, қар­­сы­лық білдіріп, шу шы­ғар­са, мә­се­ленің қалай шешілерін кім білген, әй­теуір от­ба­сының берекесі кетуі әб­ден мүмкін-ау дей­сің. Сә­кең­нің «бір үйге бір сері жетеді» деуінде бі­раз мән бар. Сірә, бұл бір жағы өзін де біршама айып­та­ғаны шығар. Затында өнер­­паз, дом­­быра тартып, скрипкада да ойнайтын, әдемі қоңыр дауысы бар Сәңгерей ағамыз шынында да сері жігіт еді. Отбасының барлық шаруасын Тұрекеңе тапсырып, өзі қызметімен жү­ріп, кейде шалқып та кететіні болар еді. Қалай да білікті журналист Сәңгерей Тәжіғұлов қазақ теледи­дарының алғаш­қы қабыр­ғасын қалас­қандардың бірі ретінде оның тари­хында қалатын азамат. Онда да отбасының барлық ауыртпа­лығын өз мойнына алған Тұрымтай Тұрлыбай­қызының өзіндік үлесі бар. Сөйтіп жүріп-ақ, Тұрекең лабо­рант­тықтан ассистенттікке, одан оқы­тушылыққа, аға оқытушылыққа ауы­сып, доцент те болды. Болашақ журналистерге Тұрымтай Дүйсебаева газет ісі, оның ішінде газетті безендіру жөнінде дәріс оқыды. Терең ғылыми зерттеу жұмыс­тарымен айналысуға отбасының жағ­дайы жәр бермесе де, алғаш рет қазақ тілінде «Машинкемен жазу және іс қағаздарын жүргізу», «Қазақша іс қағаз­дарын жүр­гізу» деген екі оқулық жазып, кітап етіп бастырып шығарды. Ең бастысы – шәкірттерінің сүйікті ұста­зына айналды. Бір қалада тұрған соң араласып жүреміз. Қуаныш ортақ, қиындық ортақ дегендей. Тұрекеңе деген құр­мет­ке де әрқашан куәміз. Осыдан тура он бес жыл бұрын өз университеті бұл кісінің 60 жылдығын атап өтті. Қай­тесіңдер, мен аты белгілі үлкен ғалым емеспін деп қашқақтағанын да көрдік. Оған факультет басшылары көнбей, Тұрекеңді мара­паттаған әдемі жиын өткен. Мәзірі мол дастарқан жайылған. – Бұл кісі қызық өзі, – деп бір кездегі шәкірті, енді бастығы болған Намазалы Омашев айтқан назды өкпе­сін де естігенбіз. – Басқалар, сол үлкен ғалыммын дегендер алдымен сіздей болып алсын. Жұмыс өз ал­дына, бес баланы өсіріп, қатарға қосқан сіздің ерлігіңізді олар жасай алар ма екен... Иә, бес баланы өсіріп, жеткізу Тұрым­­тай Тұрлыбайқызына оңай болған жоқ. Олардың екеуі Алма мен Қалима университетте оқып жүргенде дүниеге келсе, Венера, Абзал, Асқар­ларды университетте сабақ беріп жүріп өсірді ғой. Бірде сабаққа, бірде балаға жүгіретін. Сәңгерей ағамыз отбасы­ның шаруасын, жөнін өзің білесің ғой деп, көбіне Тұре­кеңе аударатын. Сөйт­се де отбасының тірегіндей азаматтың дү­ниеден ертерек озғаны бұл шаңы­рақты мықтап-ақ шайқалтқан. Сол бала­лардың, олардан өрбіген ұрпақ­тың қызығын көрмей кетті ғой деп өкінеді Тұрекең. Сірә сол бес баланы одан әрі жеткізу үшін де Сәңгерей ағамыздың қазасынан кейін еңсесін ертерек тіктеген Тұрымтай Тұрлы­байқызы шаңы­рақ­қа өзі тірек болды. Әрқайсысының отбасын құрып, шаңы­рақ көтеруінің басында жүр­ді. Бәрін жеткізді. Мамадияр ЖАҚЫП, Алматы.