03 Ақпан, 2017

«Қазақ жылқыға қарыздар...»

470 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кең дәлізге қойылған көрменің кермесінен жылқы көрдім. «Ат жақсысы – кермеде, сурет жақсысы – көрмеде». «Сәйгүлік семантикасы» сериясы топтамасындағы суреттер сөйлеп қоя берді. Майлы бояумен салынған суреттерде түрлі образға толы тұлпарларды көруге болады. «Қондыгер» картинасында жылқы мен бала бастарын түйістіріп, үнсіз ұғынысқан. «Бұла мен бұлдырық», «Қыркүйек», «Күдер», «Жасырынбақ», «Қаражал толқыны», «Қыз алып қашу» картиналары сыр сандық сияқты. Саз өнеріне арналған «Әуен» топтамасында суретші Жеңіс Кәкенұлы сыбызғы мен қобыз тартып отырған қазақ қызының жан дүниесін ашып көрсеткен. Ұлттық киімде, тоқпақ­тай бұрым­ды қазақ қызы арқылы салт-дәстүрімізді, өне­рімізді наси­хат­таған. «Махаббат мүйісі» – айлы түнде сырласқан қыз бен жігіттің сұлбасын бейнелеу арқылы роман­тикаға толы жастық шақ­тың жарасымды шақтарын әсем бейнелейді. Белгілі суретші Жеңіс Кә­кен­­ұлының шығармашылық кешін ұйымдастырған Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің «Кәу­сар» мәдени-танымдық бірлес­тігінің жетекшісі Кенжеғали Мыржық­баев көрме ұйымдастырып қана қоймай кешті сұхбат-диалог ретінде жалғастырды. Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет, графика факуль­тетін бітіріп, ауылына ат басын бұрғалы тұрған Жеңісті поэзия падишасы Фариза Оңғар­сынова дарынын бағалап, өзі редакторлық еткен «Пионер» (Ақжелкен) журналына жұ­мысқа шақырады. Жеңіс Кәкен­ұлының алғашқы еңбек жолы, жемісті жылдары әйгілі ақын апасының шапағатынан бас­тау алыпты. 1988 жылдан бері еліміздегі көрмелерге, Түркия, АҚШ, Германия көрмелеріне қатысқан. Америка елінен «Қала көріністері» аталымы бойынша «Алтын қыран» медаліне ие болды. Жеңіс Кәкенұлы суретшілер туралы жазылған «Ақ зер» кітабының авторы. Кеш иесінің «өнер мен үшін тұтас. Сурет салғанда ән мен күйді жаныма серік етемін. Күн сайын теріңді төкпесең, қолың кете бас­тайды» деп айт­қан сөздері кездесуге келген жастарға үлкен ой салды. Қылқаламына Қамбар ата төлін арқау еткен Жеңіс жыл­қының қадір қасиетіне терең тоқ­талып, «Қазақ жылқыға қа­рыздар» дейді. Жұлдыз ТОЙБЕК